Ауруханадан шығарылған науқас өліміне кім кінәлі?

Ауруханадан шығарылған науқас өліміне кім кінәлі?

Айдың-күннің аманында Ақмола облысы Аршалы аудандық ауруханасынан коронавируспен ауырып шыққан әйел ұшты-күйлі жоғалды. Туған-туыстары, аудандық полицияның жеке құрамы, сондай-ақ еріктілер бірнеше күн бойы табанынан таусыла іздегенімен, еш нәтиже болмаған. Марқұмның денесі араға үш күн салып, Аршалы кентінің маңындағы талдардың арасынан табылды.

Туыстарының айтуынша, жасы алпыс­тан асқан егде адамды дәрігерлер жақын­дарына хабарламастан, ауруханадан шы­ға­рып жіберген. Ал аудандық аурухана дә­рі­герлері науқасты шығаратындарын мар­­құмның туыстарына алдын ала хабар­ла­­ған­дарын айтып, ат-тонын ала қашып отыр. Хазиман Асқарқызы – Шортанды ауда­ны Жолымбет ауылының тұрғыны. Ұлы Жәнібек Айдаубайдың айтуынша, 21 тамыз күні Шортанды аудандық аурухана­сының қызметкерлері өздерінде емдей алмайты­нын айтып, коронавируспен ауыр­ған адамды Шортандыдан Аршалыға жедел жәрдем көлігімен жөнелткен. Білдей бір аудан орталығында неге нау­қастың қабылданбағанын білмек бо­лып, Шортанды аудандық ауруханасына хабар­ластық. Аурухананың бас дәрігері туыста­рына коронавируспен ауырған адам­ды емдейтін арнайы орындардың, тіпті дәрі­гер­лерінің де жоғын айтты. «Санитарлық нормаларға байланысты біздің ауруханада коронавирус науқас­тарын қабылдайтын бөлім ашуға рұқсат берілген жоқ. Құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкес келмейді екен. Соны­мен қатар бізде инфекционист және реа­ниматолог дәрігер­лер де жоқ. Науқастарды Ақкөл, Аршалы және Көкшетау қала­ла­рына жібереміз. Бұл жолы да науқасты терапевт дәрігер Нүрия Туғанбаева мен Наталья Кулыгина есімді екі дәрігер Аршалыға апарып, аурухана дәрігерлеріне тапсырып, жатқызып кетті. Бізден ешқан­дай ағаттық болған жоқ», – дейді Шор­танды аудандық ауруханасының бас дәрігері Руслан Дүйсенұлы. Ал марқұмның ұлы анасының өліміне Аршалы аудандық ауруханасының ұжымы тікелей себепкер болғанын айтып отыр. «Анамыздың қайғысы бәрімізді қатты есеңгіретіп кетті. Шортанды аудандық ауру­ханасы коронавируспен ауырғанын анықтап, өздерінде емдей алмайтынын айтып, жедел жәрдеммен Аршалыға жет­кізді. Анам Аршалы аудандық аурухана­сына барғаннан кейін жағдайы күрт на­шарлап, үш күн бойы жансақтау бөлі­мін­де комаға түсіп, оттегі аппаратына қосылған. Үш күннен кейін инфекциялық палатаға ауыстырылыпты. Қал-жағдайын білмек болып соңғы күндері хабар­лас­қанымызбен, еш ала алмай қойдық. Кезекші бөлімге де телефон шалып, анамның орысшаға шор­қақ екенін айтып, телефонын қуаттап беруін өтіндік. Бірақ еш хабарсыз қалдық. 6 қыркүйек күні бізге еш ескертпестен, ауруханадан шығарып жіберіпті. Сағат төртке таман халін білуге барғанда үш сағат бұрын шығарғандарын айтты. Жауапкер­шіліктен жұрдай аурухана қызметкерлері комаға түсіп, ес-түсінен айырылған адамды қалайша жалғыз жіберді? Жолдың жиегінде тұрғанын бір адам көрген. Бірақ одан кейін қанша іздегенімізбен, сол күйі таба алмай, енді, міне мәңгіге айырылып отырмыз», – дейді марқұмның ұлы Жәнібек Айдаубай. Сөйтіп, үш күн бойы қырыққа жуық адам іздеген әйел орманның арасынан өлі табылды. Ал науқасты ауруханадан шығар­ған аурухана басшылығы оның ақыл-есі дұрыстығын әрі туған-туысқандарына хабарлағандарын айтып ақталып отыр. «Науқастың туған-туыстарына жұма күні дүйсенбіде ауруханадан шығарыла­тыны ескертілген. Жансақтау бөлімінде оттегінің төмен сатурациясы болып, оттегі аппаратына қосылып жатты. Бірақ ол комада болған жоқ. Есін біліп, сөйлеп жатты. Үш күннен кейін инфекциялық па­ла­таға ауыстырылған. 6 қыркүйек күні емдеуші дәрігер Әйгерім Айғожа тексеріп, сағат 13.00 шамасында шығарылатынын айтқан. Бұл туралы туған-туысқандарына хабар берілді. Сағат бірде шығарыл­ғаны­мен, баласын күтетінін айтып, пала­тасында жатқан. Асханаға барып тамағын да ішкен. Ешқандай ауытқу белгілері болған жоқ. Ал сағат 14.15-те баласы кел­генін мейірбикеге айтып, ол есікке дейін пакетін көтеріп шығарып салды. Үш күн бойы іздеу шара­ларына аурухана ұжымы да белсене атса­лысты. Бүкіл орман-то­ғайлар, көшелердің бәрін түгел шол­дық», – дейді Аршалы аудан­дық аурухана­сының бас дәрігері Альбина Николаевна. Оқиға бойынша Ақмола облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен Ме­ди­циналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойын­ша департаменті басшыларымен тілдестік. Екі органның жауабы бір жер­ден шықты. «Қайғылы оқиғаға байланысты облыс­тық Денсаулық сақтау басқармасы жұмыс тобын құрып, оған біздің департаменттің орынбасары да кірді. Қазір басқарма бас­шысы мен департамент орынбасары бас­таған топ Аршалы ауданында тексеріс жұ­мыс­тарын жүргізіп жатыр. Туған-туыс­қан­дарынан департаментке ешқандай шағым түскен жоқ. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлығы тексеріс аяқталған соң белгілі болмақ», – дейді департамент бас­шысының орынбасары Сүлеймен Увалиев. Оқиға бойынша Ақмола облысы По­лиция департаментінен де ресми түсінік­теме беруін сұрадық. Баспасөз қызметінің мәліметінше, Аршалы аудандық полиция бөліміне 60 жастағы әйелдің 6 қыркүйек күні ауруханадан шығып кетіп, жоғалғаны туралы Ақкөл қаласында тұратын келіні арызданған. «Аталған дерек сотқа дейінгі бірыңғай тізілімде «Адамның жоғалуы» фактісі бо­йынша тіркелді. Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер Аршалы кентінде орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, Аршалы – Нұр-Сұл­тан бағытындағы такси жүргізушілерінен сұрап, адам көп жиналатын жерлерге сурет жапсырылған бағдарлар ілді. Аудандық полицияның жеке құрамы Ақбұлақ, Ижев­ское, Аршалы кентін 6505 әскери бөлімінің атқыштар ротасының сарбаз­дарымен бірге түгел сүзіп шықты. Мар­құмның денесі үш күнен соң, 9 қыркүйекте вокзал ауданына егілген ағаштар арасынан табылды. Қазір сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр», – дейді Ақмола облысы Полиция департа­мен­тінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Марқұмның туыстары дәрігерлердің айтқанына кереғар келетін бірнеше фактіні де алға тартып отыр. «Өзін Шортандыда деп ойлаған болуы керек, кезіккен көлікке өзінің Жолымбет ауылына баратынын айтқан. Бұрын еш­қа­шан таныс емес жаққа өз бетімен бармаған. Қайда барса да, көлікпен алып барып жүр­дік. Ауруханадан шыққаннан кейін өз бе­тімен кетіп қалуы ақыл-есінің сау шық­па­ғанын аңғартады. Бұрын ешқашан Ар­ша­лыға өз бетімен келіп те көрген жоқ», – дейді ұлы Жәнібек Айдаубай. Сонымен, адам өлімі болған бұл оқи­ғада аурухана басшылығы өздерінің сүттен ақ, судан таза екенін айтып ақталды. Ал марқұмның туыстарының уәжі бөлек. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық қорғаушылар мен облыстық Ден­саулық сақтау басқармасы мен Медици­налық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары тексеріс жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстары әділдік бо­лып, министрлік пен жауапты сала маман­да­рының тиісті шаралар қолданып, ісіне салғырт қарағандарды жауапқа тартса дей­ді... Мәселе одан әрі де біздің бақы­лауымызда болмақ...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы