Адамның құны қанша тұрады?

Адамның құны қанша тұрады?

БҰҰ мәліметінше, әлемде 40 миллионға жуық адам құлдыққа сатылған. «Тірі тауарды» саудалайтын трансұлттық қылмыстық топтардың жылдық орташа табысы 150 млрд долларға жеткен. Бірақ бұл цифрды нақты деп кесіп-пішіп айтуға болмайды. Өйткені бұл өте көлеңкелі әрі кірісі бойынша есірткі мен қару-жарақ саудасынан кейін үшінші орында тұрған қылмыстық бизнес түріне жатады. Қазақстан адам саудасы бойынша «қара тізімде» 165 мемлекеттің арасында 83-орында тұр.

Пенденің сорлап қалуы аяқ астынан

Адам саудасы – ғаламдық проблема. БҰҰ ақпарында әлемнің 127 мемлекеті­нің азаматтары заңсыз сатылып, 137 мем­лекетте құлдық қызмет жасырын пай­да­ланылады екен. «Тірі тауардың» саудалану мақсаты әрқалай. Оның ең көп таралған түрі – жезөкшелік. Жал­пы, «қара нарыққа» тауар ретінде өт­кі­зілетін адамдардың 71%-ы әйелдер мен жас балалар. Ал сатылған әйелдердің 72%-ы сексуалдық қызметке жегіледі. Сондай-ақ әйелдер күндізгі уа­қыттарда дәмханаларда даяшы немесе көзалдау үшін басқа жұмыстарды істеп, түнгі мезгілде клиентке «өткізуі» мүмкін. Екінші орында еңбекті қанау тұр. Бұл жағдайда құлдықтың құрбандығы тек көлеңкелі салада ғана емес, заңды негізде де жұмыс істей беруі ықтимал. Мәселен, ауыл шаруашылығында, мейрам­ханаларда, қонақ үйлерде және басқа да секторларда тегін не аз­даған тиын-тебенге мәжбүрлі қыз­метке жегіледі. Сатылған ерлердің 85,7%-ы мәжбүрлі жұмысқа тар­тылады. «Тірі тауар» өткізудің ең аз­ғынданған түрі – адам ағзасының саудасы. Бұл саладағы ақша ай­налымының мөлшерін дөп басып айту қиын. Дегенмен сарапшылар 600 миллион – 1,2 миллиард дол­лар аралығында болуы мүмкін де­ген жорамал айтады. «Пәле мен сор аяқ астынан» де­мекші, бүгінгі ардың-гүрдің ал­мағайып заманда кез келген жастың, нәсілдің, жыныстың өкілі адам трафигінің құрбандығына айналып кетуі оп-оңай. Адам сау­далаушылар болашақ құрбандығын сан алуан жолдармен қолдарына түсіреді: мойнына қарыз ілуі, қор­қытып-үркітуі, ерік-жігерін арбап алуы, тіпті жоғары төлемді жұ­мыс­пен және «жарқын болашақпен» алдаусыратуы да әбден кәдік. Әдет­те оның тұзағына білімі тө­мен, тұрмысы нашар, шыққан ортасы надан, әйтпесе кембағал жандар мен өз тағдырына жеңіл-желпі қарайтын әулекі немелер түсіп жатады. Әйтсе де, тәрбиесі мен тәлімі тәп-тәуір адамдардың да мұндай бақытсыздыққа кездей­соқ тап болуы ғажап емес. Пендені мүсәпір қылам десе қиын ба?!

Бұл не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?

Қазақстанның нарықтық эко­номикаға көшуі қоғамдағы байлар мен кедейлердің аражігін тым ал­шақтата түсті. Ал осы екі әлеуметтік топтың арасын жалғап тұратын орта таптың үлесі жылдан-жылға сарқылып барады. Көпшілік мұны қоғамдағы әділетсіздіктің көрінісі деп санайды. Осыдан барып ке­дей­лердің байларға деген қызға­ны­шы, араздығы үдей берді, сөйте тұра өздері де қандай жолмен бол­сын, тіпті заңға қайшы амалмен болса да баюға тырысады. Сон­дықтан тұрмысы нашар адамдар жақсы табыс іздеп кез келген ел­дерге баруға дайын, олар көп жағ­дайда мемлекеттер шекарасын заңсыз кесіп өтеді. Міне, осындай жандар адам ұрлаушы қылмыстық топтардың майшелпегіне ай­налады. Әлеуметтанушылардың ай­туын­ша, бүгінде ғаламдану про­цестеріне орай адамдардың басқа мемлекеттің шекарасынан кесіп өтуі қиындық туғызбайды. Әлем­дік интеграциялық процестердің жіті жүруіне байланысты мемле­кеттер көші-қон қозғалысын тү­гелдей бақылауда ұстап отыра алмайды. Ал барған елінің өкілетті органдарында тіркеуде тұрмаған мигранттың жоғалғанын ешкім білмей қалуы да мүмкін. Міне, адам саудасымен айналысатын трансұлттық қылмыстық топтар­дың құрығына осындай жандар оңай ілігеді.

Ресми статистикаға сүйенсек, 2004 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанда негізінен 18-25 ара­лығындағы 677 адам және 30 жастан асқан 634 адам саудаланған. Ал жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 87 қылмыстық іс қозғалған. Ол 2020 жылмен салыстыр­ғанда екі есеге көп.

Осындай жағдайда кедей адамның басқа алыс елде жедел әрі қомақты табыс табуға болады деген бұлдыр үмітін қылмыстық топтар қолайлы пайдаланады. Миграциялық келім-кетімі көп мұндай проблема біздің елге де тән. Сондай-ақ ел ішіндегі қоныс аудару процестері де үздіксіз жүріп жатыр: болашағы жоқ ауылдардың, өндірісі дамымаған моноқа­ла­лардың тұрғындары күнкөріс үшін ірі мегаполистерге келуге тыры­сады. Ал бұл жақта оларды адам контрабандасымен шұғылданатын қылмыстық қауымдастық тосып тұрады. Олар құрбандарына табысы жоғары жұмыс тауып бе­ремін деп алдап, кейін құжаттарын тартып алып, мәжбүрлі жұмысқа, сексуалдық қызметке жегіп қояды. Ақыр соңында құлдық кейіпке түскен адамдарды бір қожайын екінші біріне сата береді. Бұл ХХІ ғасырдағы құл иеленуші дәстүрдің жаңаша түрі. Қазақстандық әлеуметтану­шылар адам саудасы нарығы ая­сының кеңеюіне түрлі техно­логиялар мен коммуникацияның қарқынды дамуы да ықпал еткенін айтады. Интернет, халықаралық телефон торабы, мессенджерлер, бүкіләлемдік телеарналар, сондай-ақ алыс елдерге жету үшін арзан әрі жедел әуе қатынасы мұның бәрі осыдан бірнеше жыл бұрын көп мемлекеттер халқының негізгі бөлігі үшін қолжетімсіз болатын, ал қазіргі кезде бәрі оңай.

Жең ұшынан жалғасқан қылмыс

Тәжірибе көрсеткендей, адам саудасына көп жағдайда мем­ле­кеттік түрлі мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызмет­керлері қатысады. Ол балалар мекемелерінің, перзентха­на­лар­дың, ауруханалардың, паспорт-визалық қызметтердің өкілдері болуы мүмкін. Тіпті, құқық қорғау органдарының жемқор қызметкер­лері аталған қылмыстық істердің басты ұйымдастырушысы мен орындаушысы болады. Мәселен, кәмелетке толмаған және жас ба­ла­ларды қамқорлыққа алуға мін­детті лауазымды тұлғалардың өз­дері қылмыстық топтарды құруы мүмкін. Ресми статистикаға сүйенсек, 2004 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстанда негізінен 18-25 ара­лығындағы 677 адам және 30 жастан асқан 634 адам саудаланған. Ал жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 87 қылмыстық іс қозғалған. Ол 2020 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. 2021 жылдың алғашқы бес айында жасөспірімдерді саудалауға қатысты 25 адам, жезөкшелік немесе жеңгетайлыққа қатысты притон ұйымдастырғаны үшін 6 адам, адам саудасына қатысты 4 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың көбі Қазақ­стан азаматтары. Сонымен қатар осы істерге қатысты ТМД-ның екі азаматы «жасөспірімдер саудасы» қылмысы бойынша жауапқа тар­тылған. Қазір 1 200 адамның із-түзсіз жоғалғандығы тіркелген. Олардың 22-сі жас балалар. Жоғалған ересек адамдардың көпшілігі вахталық жұмыспен басқа қалаға жолға шық­қандар, ал кәмелетке толма­ған­дардың көпшілігі ата-ана­ла­рымен жанжалдасып үйден кет­кендер екені анықталды. «Полицейлер жоғалған адам­дарды іздестіру рейді кезінде ең бі­рінші адамдардың трафигіне болуы ықтимал деген жерлерде іс-шаралар жүргізеді. Бұл негізінен жезөкшелікпен айналысуға арнал­ған притондар. Одан басқа, шалғай шаруашылықтар, жайылымдар, қыстаулар да назардан тыс қал­майды»,– дейді ҚР ІІМ Криминал­дық полиция департаментінің бастығы Думан Таев. Мысал келтірейік. Жақында ғана, 18 қыркүйек күні Талдықор­ған қалалық соты жетім сәбиді сатпақ болған білім бөлімінің қызметкері Әмір Тұяқбаевқа үкім шығарды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәлімдемесінде: «Тал­дықорған қаласының білім бө­лімі» ММ балалардың құқықтарын қор­ғау секторының меңгерушісі А.Тұяқбаевқа (Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі) 12 миллион теңге көлемінде айыппұл са­лынды. Сот үкімімен К.Полно­моч­нова да (368-баптың 1-бөлігі) 4 миллион теңгенің айыппұлын төлеуге міндеттелді», – делінген ресми хабарламада.   Тергеу материалдарында Тұяқ­баев жетім баланы бір отбасыға тәрбиелеуге бергені үшін 400 мың теңге пара алған. Ал Полномочнова делдалдық қызмет атқарған. «Әдетте жас балалардың өмірі 2-3 мың долларға бағаланып жа­татын жайттар болады. Қылмыс­тық істерді зерттей келе, тіпті сә­билерді үй мен көлікке ауыстыруға уағдаласқандарды анықтадық. Бұл ретте адам саудасы елімізде тыйым салынғанын және оның өте ауыр қылмыс екенін ескерткім келеді», – деді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Шынар Көшербаева. 2020 жылдан бастап Қазақ­станда адам саудасы үшін жаза кү­шейтілді. Бұрын бұл қылмысты жа­­са­ғандар кемінде 3 жылға сотта­л­а­тын, енді ол 4 жылға артты. Ең ұзақ мерзім өзгеріссіз қалды – 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы.

Трансұлттық топтардың сойқаны

Қазақстанда адам саудасымен ел азаматтары да, шетелдіктер де айналысады. Шетелдіктер арқылы отандастарымыз сыртқы нарықта саудаланады, алайда республика ішінде сатылатындар саны оған қарағанда әлдеқайда көп. Адам саудасымен айналы­сатындар Қазақстан тұрғындарын ТМД аумағында, негізінен Ресейде, сосын алыс шетелдер – Біріккен Араб Әмірліктерінде, Бахрейнде, Түркияда, Бразилияда, Кореяда мәжбүрлі еңбекке жегеді. Ал әйелдер мен қыздарды көбінесе Таяу Шығыста, Еуропада, Шығыс Азияда және АҚШ-та сексуалдық қанау мақсатында пайдаланады. Сондай-ақ Қазақстанда Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның елдерінен және республиканың шалғай ауылдарынан келген қыз-келіншектер коммерциялық сек­суалдық мәжбүрлеуге ұшырайды. Мысалы, Шымкентте мамыр айының соңында қазақстандық қыздарды Бахрейн корольдігінде сексуалдық құлдыққа сатқан 16 адамнан тұратын қылмыстық топ сот орындығына отырды. Айып­керлердің қатарында Қазақстаннан басқа, Ресей мен Бахрейннің аза­маттары бар. Тергеудің тұжырым­дауынша, олар трансұлттық қыл­мыстық қауымдастықтың өкілдері болған. Аталған іс бойынша зәбір көрген 38 адам куәлік беруде, олар­дың ішінде кәмелетке толма­ғандары да бар. Polisia.kz ақпаратында қыл­мыстық топ ұзақ уақыт бойы 16-25 жас аралығындағы қыздарды алдап қолға түсірумен және оларды Бахрейнде сексуалдық қызмет көрсету үшін сатумен айналысқан. «Тірі тауардың» паспорттарын рәсімдеу, шекарадан өткізу заңды жолмен жасалған. Ал қыздар Ма­намға жеткізілгеннен кейін, олар­дың паспорттарын тартып алып, әрқайсын 5 мыңнан 15 мың доллар аралығындағы ақшаға сатқан. «Жеңгетайлар» мәжбүрлеуге көн­беген қыздарды ұрып-соғып, 500 мың теңгеге дейін ақшалай айып салып отырған. Тіпті, Бах­рейннің құқық қорғау органдарына ұстап береміз деп қорқытатын болған. Өйткені ол елдің заңы бойынша жезөкшелік қатаң жазаланады екен. Осы жағдай сорлы қыздардың жағдайын одан әрмен пұшайман еткен. ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың айтуынша, адам саудасы қылмысын түбегейлі жою үшін құ­зырлы органдардың жұмысы аз­дық етеді, ол үшін бұл кеселге тұ­тас қоғам болып қарсы тұру қажет.

Дәулет АСАУ