Аузы апандай, құлқыны құдықтай...

Аузы апандай, құлқыны құдықтай...

Адамда ар-ұят деген қалмады. Ұяты таусылғандар жан-жағын жалмауыздай жалмады. Сілекейлері шұбырып, «құлқындары»құтырып», бірдеңе алмаса ұтылып, табандары тызылдап, құлақтары ызыңдап, алақандары қышып, тұла бойлары ысып, түні бойы ойлайтындары – пара алу. Ойпырмай десеңші, қанша шенеунік тоңқалаң асып, түрмеде тарақан санап отыр, оған қарайтындар бар ма, парасын санап отыр. Қорықпайды да, торықпайды да... жүректері жүннен тоқылғандай, өздері бір тәуіпке барып оқылғандай... Бастары бас емес тас сияқты. Тәбеттері сұмдық, тірліктері парақорлық, ұрлық. Осы парақорларды да құрметтеу керек сияқты. Обал байғұстарға. Ауданның, облыстың, республиканың құрметті парақор азаматы деген атақ берілсе. Оларды құрметтеп, төрге отырғызса... – Хош келдіңіз, парақор мырза! – Жиырма жылдық парақорлығыңыз құтты болсын! – Аузыңыз кере қарыс бола берсін! – Жұтқанда жұтқыншағыңыз жыртылмасын! Міне, осылай құрметтесек те парақорлар ұялмайды. Олардың ұнтақталған ұраны-жей берсек, жей берсек, өздерінше «құраны» – Алла бізді көріп тұр, кешіреді... Бірақ олар Алланың алдында күнақар екенін, ертең тозаққа «билетсіз» барып қалатынын білер ме? Күні кеше Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Бекзат Тілегенов ұсталды . Аспаннан салбырап келе жатқанда ұсталған жоқ, көшеде көлеңкесін қуалап келе жатқанда ұсталған жоқ, біреуді қуалап келе жатқанда ұсталған жоқ. Оның да апандай ауызы, құдықтай құлқыны бар екен, кәсіпкердің мәселесін майлап беру үшін «ААААААА!» деп айқайлаған ғой. – Ол не? – деп сұрайлы анау түсінбей. – Аааааа! – А? – Аааа! – дегенім 100 миллион теңге сұрап тұрмын. – Ее. Ооооо болмайды ма? – Ол не? – Елу мың.  

«Ит туралы ирония»

  Жау жағадан алғанда, Ит етектен тартады. (Мақал)   Сыртым бүтін болғанымен, ішім дерт, Өңім түгіл, кешіп жүрем түсімде өрт. Арқауынан ажыраса, о, тоба, Адам тұрып, болады екен мүсін мерт.   Мүсін емес, қарекетті кісі ем мен, Қол-аяғы қосылмаған кісенмен. Жортып жүріп, Саулық атты шақпағым түсіп қапты түбі тозған кісемнен.   Содан бері сылқымымның назы елес, Сауық сөніп, жиып жүрмін әзер ес. Ішімдегі індет-итті санасаң, Троекуров төбетінен аз емес.   Сол «иттердің» тоқмейілсіп, тоқтай қап тек жүруге көңілдері соқпайды-ақ. Есіл-дерті ет-сүйекті кеміріп, Есі кеткен мен байғұсты жеп қоймақ.   «Жау жағадан, ит етектен...» Кетеуің кетер кезде қатар берер екеуін. Індет-итке жағаң дайын. Әттеңі - күндес-итте кететіні етегің.  

Абзал БӨКЕН