Ақтөбе қаласының тұрғыны Ермек Тойшыбеков (Аты–жөні өзгертілді.) шағын несие беретін мекеменің ішіне кіріп келді де: – Жерге жатыңдар! Атамын! Ата саламын! – деп айқайлап еді, ешкім жерге жата қоймады. Өйткені, басқа қызметкерлер басқа бөлмелерде болатын. Тек, кассир ғана көздері жыпылықтап, екі қолын жоғары көтерді. Ақшаны күреп әкетемін деп ойласа керек, арқасына асынып алған дорбасын кассаға жақын қойып: – Қанша ақша бар? – деп сұрады. – 74 мың теңге. – Немене? – 74 мың... – Одан басқа жоқ па, не? – Ж-жооқ. – Сонда мен немене,74 мыңға бола келгенім бе? – Б барымен базар... – Әкел бері! – деген ол аз ақшаны қалтасына салып алды. Дәл сол мезетте өзге қызметкерлер есікті жауып, кілттеп үлгерді. Бірақ, оған қарайтын ол ма, барынша айқай салды. – Жерге жатыңдар! Атамын! Ата саламын! Аямаймын! – Атсаң, ата салшы! Күйдірдің ғой тегі, – деді бір қызметкер күйіп кетіп. – Оғы жоқ болса қайтем енді.? – Не дейсің? – Ойыншық тапанша ғой. Балалар ойнайтын! Сау болыңдар! – деген ол ағаш есікті теуіп сындырып, көшеге қарай қаша жөнелді. Шынында, несие беру мекемесінің қызметкерлері кәдімгідей қорқып қалған еді. Кәдімгі тапаншадан аумайды. Сол қаша жөнелгеннен тоқтамған Ермек жолай бір таксиді тоқтатты. – Қайда? – деп сұрады таксиші. – Үйге. – Мен сенің үйіңді қайдан білейін? Жөніңді айт! – Бүгін қуанышты күн! Алға! – деген ол өзінің мекен–жайын айтып, дүкеннің қасынан түсіп қалды. Дүкеннен оны-мұны алып, үйінде жатып алды. Кешікпей, полицейлер үйінің алдында тұр еді. «Ақша жоқ болды. Несие беретін мекемені тонай салайын деп ойладым. Оларды қорқыту үшін ойыншық тапанша тауып алдым. Інімнің ойнап жүрген тапаншасы ғой. Бір қарағанда күлкілі, бір қарағанда, қылғынып тұрған қылмыс. Мұндай оқиғалар елімізде болып тұрады. Түркістан облысында май құю бекетін тонамақ болғандар да, ойыншық тапаншамен қорқытқан. Қызылорда қаласында да қызық оқиға орын алды. Біреу жас жігіттің ту сыртынан келіп, желкесіне тапанша тақаған ғой. Суық қару желкеңнен төніп тұрса, ыржалақтап тұра бермейсің ғой. – Саған не керек? – деп сұрайды ол. – Маған сенің көлігің керек. – Е? Сол. – Атасың ба не? – Атып жіберемін! Жігіт сол бетімен тұра қашты. Бірақ, артынан бір де бір оқ зуылдап келіп, «сәлемдескен» жоқ. Ол сол бетімен полиция бөлімшесіне келіп арызданды. Жігіттің сипаттамасын берді. Оңай жерде олжа жоқ деген ғой, ол да ұсталды. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, үйреніп қалған жігіттер, ойыншық тапаншаларыңды шошаңдата бермеңдерші?
Марал РАМАН