Олпы-солпы бірдеңе

Олпы-солпы бірдеңе

Күлесіз бе? Күліңіз. Жылайсыз ба? Жылаңыз. Мысалы, балаларды қойшы, үлкендердің өзі шалбарының балағы сүйретіліп, ауы мен бауы түсіп, белін жіппен байлап алып жүрсе ғой. Костюміңіз тізеден асып кетсе. Туфлиіңіз қолп-қолп етеді. Көшеде келе жатқанда, танысыңыз кездесіп қалып: – Ассалаумағалейкум! – дегенде, костюміңіз­дің жеңінің жартысында тұрған қолыңызды ұсына алмай, қипақтап қалдыңыз. – Ойбай, мына жүрісіңіз немене пәле? –деп сұрайды ғой. – Мода ғой. – Қойшы, мода емес шығар? – Осылай жүрсең рахат. Жұрттың бәрі таңырқап қарайды. Енді бірі кеңкілдеп күледі. Атың шығып, тілшілер сұхбат ала бастайды. – Киімдерің олпы–солпы бірдеңе ғой? – «Олпы-солпы» деген мода. – Ия, кей тірліктеріміз де олпы – солпы, енді киімдеріміз де солай болыпты. Сау бол, Олпы, солпы! Бұл жәй ғана мысал. Ал, көп балалы ана, (он баланың жетеуі мектеп жасында,) Гүлшат Вафаева кіші баласын бірінші қыркүйекте мектепке апару үшін ерте қамданған еді. Әкімшіліктен жәрдем ретінде берілген балалар киімдерін көзімен көріп, шошып кетті. – Анашым, неге қорқып кеттіңіз? Шал­барым өзінен-өзі жүріп кетті ме? – деп сұрады бірінші сыныпқа баратын кішкентайы. – Жоқ балам, мына саған берген шалбарды кисе, ауы ағаңның басына жетеді ғой! Киіп көрші? Кішкентайы киіп көрді. Балағы сүйретіліп, ауы тізесіне жетті –Масқара! Жеті баламның размерлерін беріп едім, мынау месқарын көршімізге шақ келеді екен. – Қойшы, кимеймін, балалар мазақтайды,–деп кішкентайы жылап қалды. – Әй, сен киші, мынаны? –деді ол үлкен ұлына иек қағып. Үлкені костюмді киіп көрді. – Мәссаған! Қолың қайда қалды? – Қолым жең ішінде. – Саған да шақ емес екен! Мына туфлиді көрші? – Аяғым ішінде жүзіп жүр, –деді туфлиге аяғын кебіске тыққандай күй кешкен үлкен ұлы. – Киіттің киімдерін жібере салған ба дей­мін? – Анашым, киімдердің бәрін өртеп жібере салайық та? – Жоқ ойбай, болмайды, әкімшілікке барамын қазір. О несі – ей? – деген ол барлық киімдерді сөмкеге салып, Түркістан облысы, Қазығұрт аудандық әкімшілікке келді. Күзетші арасындағы диалог: – Әкімге кіремін! – Ааа, әкім жоқ – Онда орынбасарларына. – Олар да жоқ – Онда бөлім бастығы? – Ол да жоқ. Салы суға, ақылы буға айнала жаздаған көп балалы ана әкімшілк алдында мәңгіріп тұрғанда, білім бөлімінен шенеунік келді. – Сәлеметсіз бе апай? Жағдайыңыз қалай? – Жағдай жағадан алып тұр. Жәрдем ретінде берілген киімдердің үлкендігі сонша, балаларым бірінші қыркүйекте мектепке бара алмады. Бұл деген қорлау ғой! – Соны біліп келіп тұрмын ғой, қане мына көстюмді балаңызға кигізіп көріңізші? Шақ келеді ме екен? Тап сол жерде кигісіп еді, костюмнің етегі тізесіне жетті. Туфли де кеме сияқты екен. Әшейін, сұға салды. Бұған не деуге болады? Ал шенеуніктер бар кінәні ата-аналарға жауып, өздеріне шаң жуытпай отыр. Немқұрайдылық дейміз бе бұны? Осындай салғырттықтың кесірінен кей ата–аналардың қыздары мектепке спорттық киімдерін киіп барған. «Жәрдем ретінде киімдер беріледі» дегенге сеніп қалған. Қазығұрт аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының орынбасары Әлия Егізек былай дейді: «Баланың тізімі бізде болғанда біз оны мердігерге беретін едік. Сол размерді. Оның үстіне размер жинақтауда да, мысалға, бір ата-ана басқа жақта жүреді, размерін бер десең, мынанша дейді. Оны кейін ауыстырады. Солай болды бір апта ішінде. Біз басында бұл кісілерге айтқанбыз, егер шақ келмесе бізге келесіздер, біз сол жерде ауыстырып береміз дегенбіз.» Жылы жауап, жылы сөз. Тек, олпы-солпы сөйлемейік...  

Ақмарал АБДРАМАНОВА