Кейінгі кезде қазақстандықтар өз атына әлдекімдердің несие рәсімдеп алғанына жиі шағымданатын болды. Әдетте, бұл – алаяқтардың ісі. Алайда кейде оған банк қызметкерлерінің де қатысы болатын көрінеді. Polisia.kz дерегінше, Түркістанда банк қызметкері тұрғынның атынан заңсыз несие рәсімдеген.
Түркістан облысының полицейлері 5 миллион теңгені алаяқтық жолмен алған деген күдікпен банк қызметкерін ұстады. Тәртіп сақшыларына жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйел өз атынан әлдекімдер заңсыз несие рәсімдегенін айтқан. Бұл фактіні полицейлер Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді. Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні құрықтау мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, іске кіріскен. Нәтижесінде, полицейлер күдіктіні қолға түсірді. Белгілі болғандай, орта жастағы күдікті азамат банк қызметкері болып қызмет атқарған. Оның осыдан 4 ай бұрын банкке несие алуға келген жәбірленушінің құжаттарын пайдаланып, заңсыз 5 миллион теңге рәсімдегені анықталды. Ал ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Бүгінде тәртіп сақшылары күдіктінің осындай өзге алаяқтық жайттарына қатысын тексеріп жатыр. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлері тұрғындарға кез келген құжатқа қол қоймас бұрын жақсылап оқып, танысуға кеңес береді.Елдос СЕНБАЙ