Үкімет алпауыттарды ғана қолдауға бейім

Үкімет алпауыттарды ғана қолдауға бейім

Мұндай проблеманың барын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі анық­та­ды. Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша Кедергілер жөнін­дегі кеңесінің кезекті отырысында автоөндірушілер нары­ғына кіруге кедергі келтіретін тосқауылдар талқыға салынды. Белгілі болғанын­дай, Қазақстанда көлік құ­рас­тыра алатын шағын зауыттар мемлекеттен қолдау таппайды екен.

«Көлік құралдарын өнер­кәсіп­тік құрастыру туралы келі­сім жасасу кезінде заңнамалық деңгейде жоғары, орындалмайтын талаптар белгіленген. Мысалы, мемлекеттен қолдау көру үшін автоөндірушінің жылына 10 000 бірлік жүк және арнайы техника шығаратын алып өн­діріс­тік қуаты болуы талап етіле­ді. Ал 2021 жылдың 5 айында Қазақ­станда небәрі 3 044 бірлік жүк көлігі және 114 бірлік арнайы тех­ника ғана өндірілген. Яғни, заңнама талаптары нарық субъек­­­тілерінің мүмкіндігін шектеп жатыр», – деп хабарлады ас­­та­на­лық антимонополиялық орган. Бұл ретте лизингтік қаржы­ландыру түріндегі мемлекеттің қаржылық қолдауынан өнер­кәсіп­тік құрастыру туралы келі­сімі жоқ нарық субъектілері шет­тетіледі екен. Жиында автоөндірушілерге лизинг қаражатын бөлу кезінде ашықтықтың жоқтығы мәселесі көтерілді. Жеке кәсіпкерлік субъек­­тілерінің белгілі бір шоғы­рына басым жағдай жасау, автоөндірушілерді таңдауда лизинг алушыларды шектеу фактілері атап өтілді. Кедергілер жөніндегі кеңес отырысының қорытындысы бойынша Тосқауылдар картасына осы айтылған мәселелерді енгізу туралы шешім қабылданды. Анықталған кедергілер мен оны жою жөніндегі ұсыныстар моно­полияға қарсы орталық органға – агенттікке жіберіледі.

Елдос СЕНБАЙ