Атап айқанда, төлебилік қамкөңіл азаматтарға қолұшын беріп, әлем туристерін қызықтырған қасиетті қалаға қыдырып қайтуға ұйытқы болған «Nur Otan» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты еді.
Айта кетейік, «Nur Otan» партиясының мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сапасын арттыруға бағытталған «Кедергісіз келешек» бағдарламасында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қоғамнан тыс қалмай, емін-еркін жүріп-тұруына оңтайлы жағдай жасап, кедергісіз орта қалыптастыруға мән берілген.
Айталық, Төлеби ауданында кезекті қоғамдық қабылдауын өткізген «Nur Otan» партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібайға өтініш-арыздарын айтып келген мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі сөз арасында Түркістанды барып көргісі келетінін айтып қалады. Қамкөңіл жанның бұл сөзі депутатты толғандырады.
«Киелі Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы ғаламат жылдамдықпен адам танымастай ғажайып өзгеріске бет бұрғанын телеарналардан тамашалаған сайын таңданамыз. Ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден түрленген Түркістанның фотоларын көріп, қарқынды дамуы жайлы оқыған сайын қызығамыз, өз көзімізбен көруге аңсарымыз ауып тұрады. Мүмкіндігі барлардың бәрі Түркістанды тамашалап қайтып жүр. Өкінішке қарай, мүмкіндігі шектеулі азаматтарда ондай мүмкіндік қайда?!.» деп, ойға қалған депутат бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар, олардың күтушілері мен әлеуметтік сала мамандарын қосқанда, жалпы саны 20 адамды көркіне көрік қосып, жанданып жатқан Түркістанға барып-келулеріне осылайша ұйытқы болады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың аз да болса арманының орындалуына себепкер болған депутат бұл жағдай туралы былай дейді:
«Облыстық мәслихат депутаты ретінде Төлеби ауданында кезекті қоғамдық қабылдау өткізгенімде өзге өтінішпен келген мүмкіндігі шектеулі жандардың бірі осындай ой қозғағанда, жан дүнием әжептеуір әлем тапырық күй кешті. Жалпы, әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылу тек экономикадағы өсіммен өлшенбейді. Өркениетті елге тән белгілердің бірі - мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау. Яғни, ондай азаматтардың қоғамға бейімделуіне, сапалы білім алуына, жұмыспен қамтылуына тиісті жағдай жасалмаған болса, ол елді дамыған деп айту қиын», - дейді Ғалымжан Қамытбекұлы.
Депутаттың айтуынша, Еуропадағы мүмкіндігі шектеулі жандардың 70 пайызына жуығы жылда түрлі орындарға саяхаттап тұрады екен. Себебі, кез-келген туристік нысанда, мейманханада, қоғамдық көлікте мүгедектердің жүріп-тұруына қолайлы жағдайлар жасалған. Оларды алып жүретін күтушілерге де мемлекет тарапынан қомақты қаржы беріледі екен.
Осы тұрғыда еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға әлде де болса барша жұрт болып, көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтқан депутат төлебилік мүмкіндігі шектеулі жандардың саяхаты туралы айтып берді:
«Төлеби ауданындағы бір топ мүмкіндігі шектеулі жандарды қасиетті Түркістанға саяхатын ұйымдастыруды қазан айының екінші жексенбісі - еліміздегі Мүгедектер күні қарсаңына әдейі орайластырдық. Бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар, олардың күтушілері мен әлеуметтік сала мамандарын қосқанда, жалпы саны 20 адам еліміздің рухани астанасы, күн өткен сайын түрленіп, көркейіп келе жатқан Түркістан шаһарына сапар шегіп, қаланың көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік алды» деді ол.
Саяхатшылар әуелі туристерге қызмет көрсету мақсатында ашылған «Визит орталығында» болып, этнографиялық зал мен «Қазақ хандығы» залындағы экспонаттарды тамашалайды.
Әрине, Түркістанға барып тұрып әйгілі Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне зиярат жасап шықпау мүмкін бе?
Осы тұрғыда олар бұдан әрі кесенеге зияраттап барып, атақты Тайқазан жанында жан-жақты пікір алмасып, залдағы жәдігерлерді көреді.
Айта кетерлігі, туристік сапардың қауіпсіз өтуі мақсатында үйінен шыққаннан бастап саяхаттаушылармен бірге дәрігер мен полиция қызметкерлерінен құралған топ құрамда болыпты.
Саяхатшылар, сондай-ақ, әуенді субұрқақ, этноауыл және «Ұлы дала елі» орталығын аралады. Қазақ елінің тарихы мен мәдениеті туралы әртүрлі тақырыпты ашатын 9 экспозициялық аймақтан тұратын орталықта құнды ақпараттар айтылды.
«Ал Керуен сарай туристік кешенімен толық танысып шығуға алтын уақыт жетпегендіктен амалсыз «келесі жолы келгенде де көретін жер қалсын» деп өз-өзімізді жұбатып, сапарымызды сол нүктеден түйіндедік» дейді депутат.
Түркістан шаһарына қыдырып барғандардың бірі - білікті ұстаз, 1-топтың мүгедегі Бауыржан Абдуллаев екен. Ол бүйрегін ауыстырған, яғни трансплантация жасатқандықтан аптасына үш рет гемодиализге баруға мәжбүр.
Осы тұрғыда Бауыржан Абдуллаев «Түркістанда соңғы рет 2008 жылы болғанмын. Содан бері қала адам танымастай өзгеріпті. Көне шаһарда, құдды бір ертегідей жүргендеймін. Алған әсерім өте үлкен» десе, тағы бір азамат - екінші топ мүгедегі Ақтөре Шалдарбек те рухани астанамыздағы өзгерістерді көруді біраздан бері армандап жүрген екен.
«Өзім 2012 жылы Кентауда оқу бітіргенмін. Содан кейін Түркістанға бармаппын. Алдыңғы жылдарда республикалық жарыстарға қатысып, сонау Ақтауға дейін барып қайтқанмын. Бірақ, Түркістанға сапар ерекше болды», дейді ол.
Араларындағы 20 жасар Мағдатқасым Абылайұлы бала кезден мүгедек. Ол мінезі салмақты, білімге құштар, алайда денсаулығына байланысты үйінен сирек шығады. Ол Түркістанға барған сапары өзіне үлкен қуаныш сыйлағанын айтады. Оның қуанышына қатты қуанған анасы Гүлбара Тұрсынқұлқызы:
«Балам қуанышын айтып жеткізе алмай жүр. Жаңарған Түркістанды теледидардан көрген бір басқа да, өз көзіңмен көрген бір басқа екен. Алған әсеріміз зор. Керемет. Тура шетелге барғандай болдық. Осындай игі іс-шаралар мүгедек жандардың көңілін көтереді, серпілтеді, өмірге деген құштарлығын оятады», дейді.
Жалпы, мұндай бастамалар мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға етене араласуы үшін аса маңызды екені талас тудырмайды. Осы акция арқылы әсіресе жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедек жандар үшін қоғамдық орындарда қолайлы жағдай жасау, қолжетімді саяхатқа қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру қажеттігіне назар аударуды көздедік. Алайда осы мәселе тұрақты түрде қозғалып келе жатқанмен, іс жүзіндегі ілгерілеушілікті байқай алмай отырмыз. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме.
«Партиялық бағдарламада қоғамдық нысандардың пандустармен, бейімделген лифттермен, дәретханалармен, зағиптарға арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз ету қаралған. Елімізде мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар түзілген. 7 түрлі бағытты қамтитын Ұлттық жоспар мүгедектік профилактика, білім алуға қолжетімділік, кедергісіз орта, жұмыспен қамту және әлеуметтік қызметтер секілді салаларды қамтиды. Осы маңызды құжатта көзделген мақсаттар ойдағыдай іске асар болса, бірнеше жыл көлемінде мүмкіншілігі шектеулі жандарды оңалту және қоғамға бейімдеу бағытында айтарлықтай жетістіктерге жетеміз деген үміттемін» дейді Ғалымжан Қамытбекұлы.