«Өлместің күні»: бір бойжеткеннің басындағы бүткіл қоғам қасіреті

«Өлместің күні»: бір бойжеткеннің басындағы бүткіл қоғам қасіреті

23-28 қыркүйек аралығында Алматыдағы «Арман» кинотеатрында (Достық даңғылы, 104) QaraFest фестивалінің фильмдері көрсетіледі. Ал онлайн-фестиваль – qarafilmfest.kz алаңында 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында өтеді. QaraFest бағдарламасында Чили, Түркия, Швеция, Германия, Норвегия, Финляндия, Грузия, Бельгия, АҚШ және Румыниядан 10 туынды бар. Барлық фильмдер түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс субтитрлерімен көрсетіледі. Режиссер Алекс Пукиннің «Өлместің күні» атты туындысы аталмыш бағдарламаның тізіміне кірген. Фильмнің басты кейіпкері 19 жастағы Аде есімді қыз. Кинокартина осы Аде Лейридің хатымен басталады. Бойжеткеннің өзі бізге беймәлім болғанымен, оның тағдыры көпке таныс: өйткені зорлық-зомбылық бүгінгі қоғамның тамырын түбірімен жоюға бет алғандай. Аденің әңгімесі фильмнің негізгі өзегі әрі оның оқиғасын баяндап отырған актер мен актрисалардың ұқсас тәжірибелерімен үндеседі. Осы тұста айта кетейік, Аде басты кейіпкер болғанымен, режиссер оның тағдырына таңба салған уақиғасын басқа баяндаушыларға тапсырған. Фильмдегі әр кейіпкер Аденің өмірі туралы баяндаймын деп, өзінің бастан кешкенін жайып салады. Адені аяймын деп, өзіне жаны ашиды. Аденің қайғысын бөлісемін деп, өз қасіретін бөлісуді сұранады. Бұл фильмнің басқа да осы мазмұндас туындылардан өзгешелігі - зорлық-зомбылықтың алуан түрлі болатынын баяндауы. Мәселен, көпке таныс ер азаматтан зорлық көрген әйел тағдырынан бөлек, әйел зорлаған әйел, яки еркек зорлаған еркектің өмірі туралы, одан өзге, зорлық көрсетіп, онысын өзіне мойындай алмай жүрген еркектің әңгімесі төбе құйқаңды шымырлатпай қоймайды. «Бәрі көзді ашып-жұмғанша болды». Ол жігіт – Аденің жақын танысы еді, бәлкім сондықтан қарсылық та таныта алмады, Төбесінен тас түскендей күйде болады өйткені. Аде өзі зорланған күнінің жай-жапсарын «аяусыз» баяндайды. Әйтсе де, режиссер Алекс Пукин зорлықтың салдарын сөйлетудің «сыпайы» тәсілін таба алғандай: тән мен жанның ауырсынуын айта отырып, болған жайтты түсініп, қабылдауға әрі тіршілік етуді жалғастыруға деген ұмтылыстың сипатын сөзсіз керемет баяндаған. Бұл – ақылға сыймайтын, қиын да күрделі, күрмеулі әйтсе де, күнделікті тұрмыста үнемі ұшыраса беретін оқиға. Бүгінгі таңда қоғамда жиі кездесетін соншалық, мұндай тағдырды бастан кешкен адамдардың ғұмырбаянына бей-жай қарауды «үйреніп» бара жатқандаймыз. Десек те, Пукин сөйлеткен кейіпкерлердің айтары бар һәм ойландырмай қоймайды.