Бұл алманың атауы сонау 1796 жылы аталмыш алманы сипаттаған Ресей ботанигі Иоганн Сиверстің құрметіне қойылған. Ғалымдардың сөзінше, Сиверс алмасы ғаламшардағы барлық алма атаулының атасына баланып кеткен. 65 миллион жылдық тарихы бар жемістің бүкіл әлемге таралуына Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың да тікелей ықпалы бар деседі. Ағылшындық Оксфорд университетінің биолог мамандары жаңа технологиялар арқылы алманың ДНК-сын зерттей келе, британдық алманың сұрыптары да қазақстандық алмалардан тарағанын дәлелдеген.
«National Geographic» журналына жарияланған «The History of the «Forbidden Fruit» атты мақалада батыс мәдениеті мен өнерінде алма сияқты көп айтылған жеміс түрі жоқ екені жазылған. Алма туралы әдебиет, ғылымдағы аңыздардың санынан шатасуға болады. Тіпті бұл жеміс әлемдегі бірқатар діндердің тарихында да бар. Әсіресе діни кітаптарда алманың жұмақта өсетіні жайлы деректер жетіп артылады. Қазақ аңыз-әпсаналарында да желмаясына мініп, жерұйығын іздеген Асан қайғының өзі Алматы қаласына барып, табиғатына тамсанып, алманы көріп, дәмін татып тамсанғаны туралы деректер кездеседі.Мамандардың сөзінше, Сиверс алмасын сақтау арқылы, жүйелі түрде барлық жеміс түрін қорғауға болады. Алматының символына айналған алма бақтарының саны бүгінде айтарлықтай азайған. Жемістің кейбір сорттары тіпті жойылудың алдында тұр. Осы ретте, жойылып кету қаупі бар жабайы жеміс бақтарының биоалуантүрлілігін сақтау үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын баяндайық. Қазіргі таңда Сиверс алмасын зерттеуді тұрақты жүргізіп келе жатқан аз ұйымның бірі Caspian University жоғарғы оқу орны өздерінің оқу әдістемесіне Service Learning пәнін енгізіп, 2017 жылдан бастап сирек кездесетін алма түріне бақылау жүргізетін мамандар даярлайды. Бұл жұмыстарды олар «Халықаралық Сиверс алмасын сақтау қорымен» бірге жүзеге асырып отыр. Айтпақшы, бұл жобаға халықаралық ұйым тікелей араласады. Солардың бастамасымен Іле және Жоңғар Алатауындағы Сиверс алмасы өсетін екі бақ ерекше бақылауға алынған. Онда қазіргі уақытта өнім беріп тұрған 4 мыңнан астам Сиверс алма ағашы бар.Сиверс алма ағашынан бөлек жер жүзінде 30-ға жуық жабайы алма ағашының түрі бар. Ал Қазақстанда жабайы алманың 131 тұқымы таралған. Сиверс бағалы ағашы тау беткейлерін бекітуші, көптеген мәдени сорттың жабайы туысы. Жақсы бал жинаушы, тығыз өскен алма ағаштары бір гектардан 25-40 кг бал береді. Жайылмалы өседі, кейде домалақтанып жинақы келеді. Сондай-ақ бұл жеміс түрінің өте бағалы емдік қасиеті де бар. Дәрігерлер оның жемісін ішек-қарын және авитаминоз ауруларынан тезірек жазылу үшін жеуге кеңес береді. Емдік сапасы жағынан Сиверс алмасы өзге алмаларға қарағанда пайдалы. Олар ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді және витаминді сорттар шығаруда селекциялық мәні өте жоғары.
Осыдан бірер жыл бұрын аталған ЖОО бұл бағытта үлкен жетістіктерге жеткен. Нақтырақ айтқанда, академик Аймақ Жанғалиевтің Сиверс алмасының генетикалық коллекциясын елімізге қайта алып келген. Оны 1997 жылы Корнельский университеті алып кеткен болатын. Ал осы коллекцияның түрлі сорттағы алма ағашынан тұратын 200 элиталық ағаш 2012 жылы Алматыдағы Ботаникалық бақта өрт болған кезде жойылып кеткен. Елге қайтарылған коллекцияда осы ағаштардың тұқымдары бар еді. Енді қолға түскен соң, ондағы тұқымдар қайта өсіріліп, көшет болғаннан кейін қайтадан егіліп жатыр.– Студенттер Іле Алатауына, Жоңғар Алатауына барып, алма ағаштарын чип қоятын арнайы аспаппен белгілеп, сынамаға үлгілер алып, идентификациялық анализдер жасап, каталогқа енгізіп қойды. Барлығын құжатқа түсіріп, картаға белгілеп, уақытын, тұрған жерлерін, жағдайын – барлығын жазады. Одан бөлек, жемістердің күтімін қадағалайды, – дейді Caspian University-нің Академиялық даму жөніндегі проректоры Оксана Киричок.
Жалпы отандық биолог және ботаник ғалымдар Сиверс алмасын сақтау бағытында жүйелі зерттеу жұмыстарын бір кісідей жүргізіп-ақ жатыр. Іле Алатауы бөктерлерінде түрлі себептермен жабайы алма ағаштары өсетін табиғи ареалдың көлемінің азаюына байланысты, ендігі міндет – Жоңғар Алатауы аумағындағы Сиверс алмасын осы қалпында сақтау өзекті болып тұр. Бұл ретте ғылыми-зерттеу мекемелерінде гендік қор банкін қалыптастыру да аса маңызды. Ол үшін мемлекет және қоғам тарапынан тиісті назар аударылуы, ғалымдарға қаржылай қолдау көрсету мәселесі күн тәртібіне енгізілуі керек.Биология ғылымдарының докторы, профессор, Сиверс алмасын сақтау жөніндегі Халықаралық қор құрылтайшылары, ғалымдар Қазақстанда жабайы алма бақтарын сақтап қалу дүние жүзі үшін маңызды екенін алға тартуда. Өйткені Қазақстандағы Сиверс алмасы әлем бойынша мәдени алма сұрыптарының негізгі көзі, түп-тамыры саналады. Сол себепті еуропалық әріптестер Сиверс алмасын сақтауға қатысты жобаларға қолдау танытуға әрқашан даяр.
Қорыта айтқанда, бұл істе «қолымызды мезгілінен кеш сермемей», «алтынымызды» қолда бар кезде бағаласақ екен. Себебі, санаулы байлығымызды сақтай алмай өкінген бізге ешқандай пайда әкелмейді.