Бұл кім десем, өзім екен

Бұл кім десем, өзім екен

Әнеукүні сарғайған қағаздарымды сараптап, қобыраған қолжазбаларымды тері сорттағандай сорттап отырып «О дүниедегі Оспанханға хат» деген сықақ сипатындағы өлең тауып алдым. Компьютерге басылған. Авторы жоқ. Белгісіз. Оқып шықтым да «Мынау өзі тәп-тәуір дүние екен-ау. Кім жазған?» деп ой жүгірттім. Сөйтсем өзімдікі екен. Бұдан бөлек Оспанхан Әубәкіров және оның айналасындағы кәрісі бар, жасы бар бір қауым сықақшыларды бейнелеген шарж-сурет көзіме оттай басылды. Кім салған? Мәнері шарж шебері Еркін Нұразханға ұқсамайды. Әлде әзілкеш суретші Айдарбек Ғазизовтың еңбегі ме? Беймілім. Оны енді өзімдікі деп өтірік айта алмаймын. Жоғалғаным табылды. «Қайтқан малда береке бар» деп «Оспанхананың» оқырмандарына тарту етейін. Бір қуанып қалсын.

О ДҮНИЕДЕГІ ОСПАНҒА ХАТ

О, Осағам, Осағам, Осындағылар хош-аман. Төбелді сықақ төр жақта, Босаған жоқ босағаң. Өңкей «өлі жандарды» Тірілтіп қалай өсе алам?» Деп оларға дем салып, Шошайып тұр шошалаң.   «Бір ұрыны бір ұры ұрды, Бір ұры қарап тұрды.» Деп едіңіз, Елдің қамын жеп едіңіз.   Сиырды баспағымен, Вагонды «составымен» ұрлайтын Қазір қырғын ұры көп. Азаятын түрі жоқ.   «Долы қатын долданды, Тауып кел деп етікті. Етік тауып келгенше, Байға тиіп кетіпті.» Деп күлдіңіз бе! Күлдіңіз. Қазір ше? Екі аяқты бір етікке Тығып кетер түрлі қыз.   «Асылғазы басын қасып еді, Асылғазының қасындағы Қасымғазы да Асыға басын қасыды.» Деп едіңіз. Жағымпаздардың Жанын шығарып шенедіңіз.   Қазір де мәз емес. Еңкейгенде екі бүктелетін Ептілерің аз емес.   Жымиятын жылмиып Жылпостардың ізі көп. Ал оларды Шаханов Мазақтайды «ТЖ» деп.   Кім кімдердің Туфлиін жалаған? Білейінші деп Қайран Қалтай, Қалағаң Бір дөкейдің кеңсесіне барса, Бұғып тұр екен. Мен де артына кірейінші десе, Біреудің басы шығып тұр екен. «Бос болмағасын қайтып кеттім» деп, Әжуалап айтып кетті.   «Бір пендеден бір пенде кенде туар, Біреуі емге, біреуі жемге туар. Емге туар есіл ер кешең туар, Жемге туар қуаяқ демде туар». Дедіңіз-ау? Дедіңіз. Көздеп жүрміз нені біз? Ұйымдасқан қылмыс пен Сыбайласқан жемқордан Көз ашпай жүр еліміз.   «Түйе жегенді мақтайды Ірісің деп. Түйме жегенді соттайды Ұрысың деп». Әділетсіз соттардан Әрі жүрміз «Құрысын!» деп.   «Кім қайда?» дейсіз бе, Кім қайда? Тұғырынан түскен жоқ Митаспалы Мыңбай да. Ғаббас ағам сол қалпы, Көне қоймас ыңғайға. Ал Уайдин Үмбетбай Үйіне барып күн батпай, Мұң шығады мұндайда. Сейіт ағам семсерін Бір қайрайды жатарда. Қажытайым қашанда Мініп алған қаһарға. Мұхтар Шерим баяғы Шымкент деген шаһарда. Алпысбайым ауылда Айдаса да ат арба, Бизнесмен боп кетер Кітаптарын сатарда. Толымбек пен Ермахан Саптағы сарбаз-қатарда.   Сықақшылар не түрлі, «Индеецтер» секілді. Қылаң етіп қылт етіп, Сылаң етіп сыл етіп, Сын садағын тартып жүр. Сатирадай қаһарлы Қаруға иек артып жүр. Әй, бірақта... әй, бірақ Қарпитындар қарпып жүр. «Жемейтіннің бәрі де Жер астына кеткен» деп, Кейбіреулер тантып жүр. Қомағайлар қоғамда Байлыққа батып, малтып жүр.   «-Бақа, бақа, балпақ, Басың неге жалпақ? -Жо-о-қ, Менің басым домалақ!   Басының қандай екенін білмейтін Басқаларға обал-ақ».   Шенеуніктен бүгінгі Шертіп айтшы, кім үлгі? Рушыл, Жершіл, Аталас... Басықтың көбі бақа бас.   « Егер әркімді қабылет-қарымына қарап орын-орнына қойса, көп орын бос қалар еді». Кадрден қадір кетпесе, Көңіліміз хош болар еді.   Осекем-ау, Осекем, Біздің жағдай осы екен. Жұмыс таппай жүрген көп, Көп орын бірақ бос екен.  

Көпен ӘМІРБЕК