Сербияның Белград қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында тағы да сенсация болды. 54 келіге дейінгі салмақта 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Шахобиддин Зоиров жапониялық Томоя Цубоймен жолығып, 2:3 есебімен ұтылып қалды. Осымен Өзбекстан құрамасының бесінші боксшысы әлем чемпионатында қарсыласына есе жіберді. Шахобиддин Зоиров әлем чемпионатында өз салмағында басты фаворит саналған болатын. Сондай-ақ бүгін қазақстандық Саматәлі Төлтаев (60 келі) колумбиялық Дуван Сулета Мореномен, Асланбек Шымбергенов (71 келі) неміс Магомед Шахидовпен, ал Айбек Оралбай (92 келі) өзбекстандық Мадияр Саидрахимовпен жұдырықтасады.