Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшылығымен Алматы мешіттерінің жамағаты арасында волейбол турнирінің финалдық ойындары өтті.
Бір ай бойы өзара бақтарын сынап, 8 ауданнан үздік шыққан командалар финалдық кезеңде Алматы қаласының жеңімпазын анықтады. Ұйымдастырушылар тағайындаған сыйлықтар да бағалы болғандықтан, әр команда алаңда барын салып қызықты ойын өрнегін көрсетті. 8 команда арасынан оза шапқан Бостандық ауданының «Орбита» командасы мен Наурызбай ауданына қарасты «Ибраһим» мешітінің «Энерго» командасы жарыстың бас жүлдесін өзара сарапқа салды. Құрамында Ержан Әбдрасылов, Дастан Есқожа, Оразхан Қалназаров сынды волейболшылар өнер көрсеткен «Орбита» командасы қарсыластарын екі сетте де 25-21 есептерімен жеңіп, үшінші рет ұйымдастырылған жамағат арасындағы жарыстың жеңімпазы атанды. Наурызбай ауданының «Энерго» командасы күміс жүлдегер атанса, Алатау аданының «Нұр-мүбәрәк» волейболшылары жүлделі үштікті түйіндеді. Олар өз кезегінде Түрксіб ауданына қарасты «Әлмерек» мешітінің «Елтай» волейболшыларын қапы қалдырды. Жеңімпаз және жүлдегер атанған командалар кубок, диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кетер жайт, осыған дейін мешіт жамағаты арасында өткен футбол турниріне 3 000 мыңнан аса адам қатысты. Ал волейбол турнирінде қаладағы мешіттер командалары алдымен өзара аудандық сайыста бақ сынап, үздіктерді анықтаған болатын.