Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласындағы Оқу-әдістемелік бірлестігі-Жобаларды басқару топтарының арнайы педагогика бойынша кадрларын даярлау мәселелеріне арналған мәжілісі өтті.
Мәжіліске Қазақстанның жоғары оқу орындары, Ақыл-есінің немесе бой-бітімінің жетілуінде кемістігі бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби еңбекпен оңалту орталығы, Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, жұмыс берушілер Ассоциациясы өкілдері онлайн режимде қатысты.Іс-шара барысында Қазақстан Республикасындағы арнайы педагогтарды даярлаудың алдында тұрған сын-қатерлер, білім беру бағдарламалары, ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, сонымен қатар аутизм және ментальды ауытқушылығы бар балаларды қолдау жөніндегі жобалық топтың жұмысы туралы өзекті мәселелер қарастырылды.
Баяндамаларды тыңдап, арнайы педагогика бойынша кадрлар даярлаудың өзекті мәселелерін талқылай отырып, отырысқа қатысушылар пікір алмасты. Нәтижесінде, арнайы педагогтарды даярлауды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді және жоғары оқу орындары үшін ұсынымдар әзірленді.