Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында қараусыз қалған ескі үй қалпына келтіріліп жатыр. 1967 жылы салынған 46 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй 90-жылдары қаңырап бос қалған еді. Содан бері есік-терезесі үңірейіп тұрған үйдің жөнделе бастағаны құптарлық-ақ. Бірақ тұрғындар бұл істен олқылық тауып, жап-жақсы бастаманы әлеуметтік желілерде күлкіге айналдырды. Сөйтсек, балконның орнына оның суреті ғана салынған екен. 90-жылдардағы дағдарыс кезінде көпқабатты тұрғын үйлер жарықсыз, жылусыз, сусыз қалып, тұрғындары үдере көшкені белгілі. Сол кезде көптеген солтүстікқазақстандықтар өз үйлерін тегін тастап кеткен болатын. Сергеевка қаласындағы қалпына келтіріліп жатқан көпқабатты үй де сол жылдары қаңырап бос қалған-тын. Еліміз етек-жеңін жиған бүгінгі күні сол үйлердің терезесінде қайтадан от жылтырады. 46 пәтерлі ескі үйді қалпына келтіруді жекеменшік құрылыс компаниясы өз инвестициясы есебінен қолға алған екен. Басқа жұмыстардың қалай атқарылғаны белгісіз, дәл қазір осы үйдің балкондары тек сурет екені жұртшылықтың талқысына түсті. Төртқабатты тұрғын үйдің сыртынан қарағанда балкондары бар сияқты көрінгенімен, оған шығу мүмкін емес. Өйткені үйдің ішінен есік салынбаған. «Сонда балконға кіру үшін далаға баспалдақ қоямыз ба? Әлде терезеден секіріп шығамыз ба? Есіктің ақшасы есебінен қаржы үнемдеген бе?», – деп тұрғындар аң-таң. Бұл жайт жөндеу жұмыстары аяқталуға таяғанда ғана белгілі болды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары аяқталған соң мемлекет қаржысы есебінен бұл үйге инженерлік желілер тартылмақ. Одан соң Сергеевка қаласының әкімдігі барлық пәтерді сатып алып, баспана кезегінде тұрған мұқтаж отбасыларға таратпақшы. Шал ақын аудандық әкімдігі өкілдерінің сөзіне сенсек, мұндағы балкондар тек декорация қызметін атқару үшін салынған екен. «Жобалық-сметалық құжаттамада және сараптама қорытындысында балкондар ескерілмеген. Бірақ құрылыс компаниясы үйдің сәулеттік келбетін бұзбау үшін бұрынғы балкондарды қалдыру туралы шешім қабылдады», – деді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанат Аманбайұлы. Мына шудан кейін аудандық әкімдік құрылыс компаниясына балкондарды бұзу туралы ұсыныс жасаған көрінеді. Себебі пәтер иелері өздері есік орнатып алған күннің өзінде бұл балкондарға шығу қауіпті екен.
Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы