Қазақстан құрамасы футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңін антирекордпен аяқтады. Париж қаласындағы «Парк де Пренс» стадионында өткен ойында 8:0 есебі тіркелді. Францияға қонаққа барған қазақстандық футболшыларға әлем чемпиондары футболды қалай ойнау керек екенін көрсетті. Топтағы соңғы кездесуде Талғат Байсуфинов бұрын негізгі құрамнан орын ала алмай жүрген футболшыларды алаңға шығарса, Дидье Дешам үздік ойыншыларға сенім артты. Алаң иелері төрешінің ысқырығы естіле салысымен шабуылға лап қойды. Нәтижесінде, француздар үзіліске дейін жауапсыз үш гол соқты. Айналдырған 26 минуттың ішінде Килиан Мбаппе (6, 12, 32-минутта) хет-трик авторы атанды. Екінші таймда да Франция футболшылары қарқынын үдете түсті. 55 және 59-минуттарда Карим Бензема есепті еселеді. Кездесудің 75-минутта Адриен Рабьо командасының алтыншы голын салса, 84-минутта Антуан Гризманн пенальтиді пайдасына жаратып, таблодағы есепті 7:0-ге жеткізді. Ал 87-минутта Мбаппе ойынның нүктесін қойды. Ресми матчтарда мұндай ірі есеппен жеңіліп көрмеген Қазақстан құрама тарихындағы ең ірі жеңілісіне ұшырады. Есесіне франциялықтар құрамадағы жетістіктерін жаңартып, бірқатар сандарға өзгеріс енгізді. Айталық, 22 жастағы француздық шабуылшы Килиан Мбаппе 1958 жылдан соң бір матчта төрт гол соққан кезекті француз ойыншысы атанды. Жартылай қорғаушы Адриен Рабьо құрамадағы алғашқы голын Стас Покатилов қорғаған қақпаға салды. Тағы бір француз шабуылшысы Карим Бензема 35 голымен Франция құрамасының тарихындағы сұрмергендер тізімінде бесінші орынға көтерілді. Қазақстан қақпасына соққан қос голдың арқасында Бензема Давид Трезегені басып озды. Н тобында 15 ұпай жинап көш бастаған Франция құрамасы іріктеу кезеңінің аяқталуына бір тур қалғанда 2022 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды. Қазақстан болса үш ұпаймен бесінші орнында қалды. Қазіргі кезге дейін 2022 жылғы әлем чемпионатының негізгі кезеңіне 9 команда шықты. Катар әуел бастан турнир қожайыны ретінде автоматты түрде бұл мәселені шешіп тастаған. Оңтүстік Америка іріктеуінде де Бразилия күні бұрын әлем чемпионатына оңай өтті. Еуропалық құрамалар арасындағы іріктеуде Германия, Дания, Франция, Бельгия, Хорватия, Сербия мен Испания өз тобында бірінші орын алып, алдағы доп додасына баратындар қатарына енді. Бұл жеңілістен соң Қазақстан құрамасы небір сынның астында қалды. «Қателіктерді жөндеуге тағы да 30 жыл қажет пе, әлде тағы миллиардтаған халықтың ақшасы керек пе?» деген сыңайдағы пікірлер қарша борады. Тіпті, елімізде футболды жауып тастау керек деушілер де табылды. Ойыннан соң құраманың бас бапкері Талғат Маруаұлы қателіктермен жұмыс істейтінін, жеңілістен сабақ алатынын айтты.
– Әлем чемпиондарымен өткен ойын бізге ауыр тиді. Ірі есеппен жеңілдік. Ойын кезінде құрамадағы футболшылар қобалжып, доптан жиі айырылды. Осындай кемшіліктермен жұмыс істеуіміз керек. Француздарға қарсы тактикамызды толық іске асыра алмадық. Сол үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймыз, – деді бас бапкер.Ал Қазақстан құрамасының ойыншысы Марат Быстров алдағы ойындарда осы олқылықтың орнын толтыруға тырысатынын жеткізді. Футбол функционері Болат Есмағамбетов болса екі құраманың деңгейі екі бөлек екенін, француз футболшыларының шеберлігі ойын кезінде анық байқалғанын айтады.
– Олар – әлем чемпиондары. Сондықтан ойын алдында да Францияның жеңісіне ешкім күмән келтірмеді. Мұнымен қоса Дешам шәкірттері шешуші ойындарының бірін өз алаңдарында өткізді. Бұл кездесуде топтан шығу үшін француздар еш босаңсымау керек екенін түсінді. Бас бапкер де топ клубтарда ойнайтын жоғары деңгейлі футболшыларына осындай талап қойды. Ал бізде ше, бізде маусым аяқталды. Көп ойыншылардың жарақаты бар. Байсуфиновта жақсы таңдау болмады. Сол себепті бұл ойынға екінші құрамның футболшылары шықты. Ойсырай жеңілуімізге осы жағдай да әсер етті. Оның үстіне қос құраманың деңгейі екі бөлек екенін айта кету керек. Негізі, мұндай сәтсіз ойындар әр құрамада болады. Бұл сәтсіздікті тез ұмытып, алға жылжуымыз керек. Жаңа стадиондар салып, футбол академияларын тұрғызып, балалар спортына көңіл бөлу керек, спорттық инфрақұрылымды жақсартқан дұрыс. Осы кемшіліктерді қолға алсақ, ақырындап жетістік те келеді. Бастысы, бас бапкерді кінәлай бермей, оған мүмкіндік берген жөн. «Футболды жабу керек, Азияға қайту керек» деген пікірмен келіспеймін. Бізде спортта, барлық салада проблемалар көп. Оның бәрі бір күнде шешілмейді. Спортқа шын жаны ашитын мамандар жұмыс істесе, өз ісінің мамандары қызметке келсе нәтиже болады, – дейді ол.Расында да, бұл ойыннан кейін көрермендер Франция мен Қазақстанның футболы қай деңгейде екенін көрді. Бұдан бұрын Францияның әйелдер құрамасынан біздің бұрымдылар 12.0 есебімен ұтылған. Енді міне жігіттер де жермен-жексен болып жеңілді. Қазақстан құрамасынан бағасы екі-үш есе қымбат тұратын «Пари Сен-Жерменде» ойыншысы Мбаппенің өзі төрт голымен-ақ біздің аяқдопшыларға шеберлік сағатын өткізді. Әрине, бұл ойында ешкім Қазақстан құрамасынан Франциямен тең ойын күтпегені анық. Алайда өз қақпамызға 8 доп өткізіп аламыз деп ойлаған жоқпыз. Іріктеу кезеңіндегі соңғы ойында кемшілігіміздің көп екенін аңғардық. Сондықтан да ел футболының реформасын қайта қарағанымыз абзал. Тек сол жұмыстарды қазірден бастауымыз керек.
Абылайхан ЖҰМАШ