Сарыарқаның сарышұнақ аязы мен қарлы бораны да келіп жетті. Жаздың жайма-шуақ күнінде кез келген жерді панасына айналдыратын көше кезбелері қақаған аязда қайда паналайды? Оларды қабылдайтын арнайы орталықтарда орын жеткілікті ме? Қара суықта қараусыз қалатындардың арасында үсік шалып, қайтыс болатындары бар ма? Оларды жерлеу рәсіміне жергілікті бюджеттен қанша қаржы жұмсалады? Қазір барлық аймақта өмірдің қиын жағдайына түскен адамдарды бейімдеуге арналған орталықтар жұмыс істейді. Соның бірі – елордада 20 жылдан бері қызмет көрсететін Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы. Әлеуметтік орталық мамандары бұрынғыға қарағанда қазір көше кезген кезбелердің күн суыта бастағанда орталыққа өздері пана іздеп келетінін айтады. Кейбір кездері еріктілер мен әлеуметтік ұтқыр патруль көліктері арқылы қаңғыбастар арнайы орындарға жеткізіледі екен.Полиция қызметкерлері мен өрт сөндіру мамандары да қыс түссе қаңғыбастарды көше-көшелердегі жылу трассасы құдықтарынан, кәріз жүйесі мен вокзалдардан, жылы автобус аялдамаларынан іздейді. Өйткені қыстыгүні қол-аяқтарын мұздатып, медициналық көмекке жүгінбейтін қаңғыбастар арнайы орталықтарға жиі жеткізіліп жатады. Өздері ғана емес, өзге тұрғындардың өміріне қауіп тудыру жағдайы жиі кездеседі. Жылыну үшін жертөледе немесе тасталған саяжайларда жасырылатын қаңғыбастар жинаған қоқыстарын жағып, өртке ұласады.
Туыстарына табысталады
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті қызметкерлері жыл он екі ай үйсіздердің туыстарын табуға және үйіне қайтуына көмектеседі. Күн суытқанда учаскелік полиция инспекторлары қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдардың болуы мүмкін жерлерді тексеруді барынша қолға алады. Оның ішінде жылу трассалары, жертөлелер, қараусыз қалған саяжай үйлері және басқа да орындар түгел қаралады. Жақында «Қаңғыбас» профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде полицейлер нақты тұрғылықты жері жоқ екі ер адамды тапқан. Олар сақшылардан Ақмола облысының Ақкөл қаласына өз үйлеріне жетуге көмектесу үшін өздері жәрдем сұраған. Тәртіп сақшылары оларға билет сатып алып беріп, үйлеріне қайтуына көмектескен. Жақында учаскелік полиция инспекторларына туған бауырын таба алмаған тағы бір елорда тұрғыны шынайы алғысын білдірді. Жылда 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін бекітілген учаскеде құқықбұзушылықтың алдын алуға, проблемалық мәселелерді зерделеуге және барынша алдын алуға бағытталған «Учаске» атты жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Биыл осы алдын алу іс-шарасы басталғалы нақты тұрғылықты жері жоқ 1 000-ға жуық адамды анықтап, қабылдау орнына 73 адам орналастырған.Көз жұмған кезбелер бар
Жергілікті полиция кызметі басқармасының бөлім бастығы Азамат Садықовтың сөзінше, қала аумағында арнайы рейдтік іс-шаралардан бөлек, құқық қорғау қызметкерлерінің күнделікті жұмысына көше кезбелерін анықтау кіреді. «Қала аумағындағы барлық учаскелік полиция инспекторлары, полиция полкінің қызметкерлері үйі-күйі жоқ адамдарды іздеп-тауып, ерікті түрде Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығына жеткізеді. Қыстың аязды күндерінде денелерін үсік шалып, суықтан қайтыс болатын қаңғыбастардың мәйіттері де тіркеліп жатады. Марқұмның туған-туысқандары табылмайтын болса, олар қала аумағында орналасқан қараусыз қалған адамдарға арналған арнайы орындарға жерленеді. Әкімдік оларға арнайы орындар бөледі», - дейді Азамат Сапарханұлы.402 қаңғыбас анықталған
Биыл да полицейлер панасыз қалған адамдарды арнайы мекемелерге жеткізу жұмыстарын атқарып жатыр. Жақында ғана үш күнге созылған «Қаңғыбас» шарасы кезінде үйсіз-күйсіз жүрген 402 адам анықталды. Оның ішінде 12 адамның туған-туыстары табылып, отбасына берілді. Ал 14 адамды қызметкерлер тұрғылықты мекен-жайына баруына атсалысыпты. «Қалада жүрген қаңғыбастардың арасында алыс облыстардың тұрғындары да бар. Мысаы таяуда Ақтөбе мен Көкшетау қаласынан келген көше кезбелері келген жерлеріне қайтарылған. «Анықталған 402 адамның ішінде өз еркімен 303-і арнайы мекемелерге жеткізілген. Бірақ соның 161-і ғана орталыққа орналастырылды. Сондай-ақ 68 адамды медицина қызметкерлерінің ем-шара жүргізетін орындарына табыстадық. Былтыр 2566 адам орталыққа жеткізіліп, оның 1544 орналастырылған. Ал қалғандары өз еріктерімен орталықтан бас тартқан. Олар әлі де болса көше-көшелерде қаңғырып жүрген болуы мүмкін. Оларды мәжбүрлеп орталыққа жібере алмаймыз», - дейді Азамат Садықов. Сондай-ақ ол күнделікті қызмет барысында осы іс-түссіз жүргендердің арасында қылмыс жасап, іздеуде жүрген, не болмаса туыстары іздеу салған адамдар да болатынын айтады. Биыл қаңғыбастардың арасынан іздеуде жүрген бір адам табылыпты. Полиция қызметкерлері оларға тиісті шаралар қабылдап, жауапкершілікке тартылуына атсалысады. «Бүгін бір кезбені орталыққа табыстауымыз мүмкін. Ол жер қаңғыбасқа ұнамаса шығып кете береді. Қаңғыбастардың көбісі орталықтарға қыста пана болу үшін ғана барады. Бірақ өзінің қалыпты өмірінен қол үзгісі келмейді», - дейді ол. Кейбір көше кезбелері орталықтарға өздері барып сұранады. Дегенмен қаладағы қаңғыбастардың саны артып немесе кемігені байқалмайды. Азамат Садықовтың айтуынша, қаңғыбастар бір орында отырмайды. Қаланың әр ауданында араласып жүргендіктен, кейбір қаңғыбастарды полиция қызметкерлері бірнеше рет орталыққа апаруы мүмкін жағдайлар болады.Кезбелер ғана келмейді
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығының психологі Сәуле Әбсадықова да орталық мамандары қала ішінде қаңғырып жүргендерді әлеуметтік орталыққа әкеледі деп отыр. Қабылдау бөлімінен тіркелген олар жуынып-тазаланған соң, қажетінше медициналық көмек алады. Осыдан кейін қалалық ПД-нің қабылдап-тарату мекемесі мен Көші-қон полициясы басқармаларымен бірлесе отырып, тұрғылықты мекенжайы анықталып, жоғалған құжаттарын реттейді. Өзге аймақтардың азаматтары болса, сол жақтағы орталыққа жіберіледі. Орталықтың күндізгі бөлімінде – 180, ал түнгі бөлімінде 50 адам тұрады. Орталықта олардың құқығын қалпына келтіру іс-шараларын өткізуде әр тоқсан бойы электрондық картотека бойынша тіркеу жүргізіледі. Оған қоса, мұндағы адамдардың психологиялық және моральдық әл-ауқатын қалпына келтіру үшін сенсорлық бөлме, кітапхана, тренажер залы, музыкалық аспаптармен жабдықталған мәжіліс залы да жұмыс істейді. «Біздің орталыққа тек қана қаңғыбастар келмейді, өмірдің қиын жағдайына тап болған тұрғындар да бар. Орталық түнгі және күндізгі екі бөлімнен тұрады. Күндізгі бөлім кешкі 6-дан таңғы сағат 10-ға дейін адам қабылдайды. Кешкі алтыда осында келіп, жуынып, таңертең жұмысына кетеді. Бұл – түнгі бөлім. Ал күндізгі бөлімдегі адамдар 24 сағат осында болады. Үш мезгіл тамақтандырып, киіммен қамтамасыз етеміз. Бір айдан бір жылға дейін осында болуына рұқсат етіледі. Қызыл төлқұжатпен жүргендерді құжаты дайын болғанша 1 жылға дейін, ал жеке куәлігін жасату керек болатындарды бір айға дейін паналатамыз. Ары қарай тұрғылықты жеріне баруына жәрдем етеміз. Бізге үйі өртеніп, баратын жері болмай қалған адамдар да келеді. Бала-шағасы тастап кеткен қарттар да кездеседі», – дейді Сәуле Әмірқызы.Карантиннен кейін көше кезбелері көбейген
Орталықтың көмегіне жүгінетін адамдардың арасында бұрын жақсы жұмыс істеп, кейін екі қолына бір күрек таппай өмірдің қиын жағдайында қалып қойған адамдар бар. Мысалы, былтырғы карантиннен кейін жұмыссыз қалған адамдар көп келген. Көбі жұмысы жабылып, айлығын ала алмай қалғандар. Ал кейбір кісілер ішімдікке салынып, осындай өмірді өздері қалап тұрады. Психолог маман ондай адамдар қанша жерден жұмыс жүргізіп, көмек көрсеткенмен, түзелуі екіталай екенін де айтты. «Биыл орталыққа келген 16 адам отбасына қайтарылды, 15-і өздерінің тұрғылықты мекенжайына жіберілді. Олардың біразы өзге қаладан табыс көзін іздеп келіп, бірақ жұмыс таппай көше кезіп кеткендер. Бізге биыл жыл басынан бері 798 адам әлеуметтік көмек алуға жүгінген екен. Оның ішінде 522-і осы қаланың жергілікті адамдары, қалғандары өзге аймақтан келген. Оларды біз бір айға дейін ғана паналатамыз. Жергілікті тұрғындардың көше кезіп кетуіне көбінесе ішімдікке салынуы себеп. Ондай адамдар отбасынан айырылып қалады, әке-шешесіне керек болмайды, болмаса бала-шағасы шығарып тастайды», – дейді Сәуле Әбсадықова. Орталық маманы қызмет алушылардың арасында суықтап, аяқ-қолы үсіп қалған қаңғыбастар көп келетінін де жасырмайды. «Мысалы, екі жыл бұрын ғана бізге келгенде аяқ-қолы бүтін болып, қыста немесе көктемде әкелгенде біреуінің аяғы, біреуінің қолы болмай келетін жағдай көп кездеседі. Жұмыс тауып жақсы жүреді де, ішімдікке салынып, қайтадан қалыпты өміріне ауысатындар бар. Не болмаса кейбіреулерінің жұмыс берушілері айлықтарын бермей, арты қайтадан көше кезбелігіне ауысады. Олардың денсаулықтары да мәз емес», – деп отыр орталық психологі. Мысалы, кейбір адамдар туберкулез, АИТВ, ЖИТС-пен ауырып келеді. Мүгедектігі болатын болса, олардың мүгедектігі бойынша құжаттарын жасатып, қарттар үйіне, мүгедектер үйіне жіберіледі. Сондай-ақ 63 жасқа толған зейнеткерлер де қарттар үйіне жіберіледі екен.Жерлеу рәсімін тендерді ұтқан компания жүргізеді
Ауруханалардың, сот-медициналық сараптама мекемелерінің жанындағы мәйіттерді сақтауға, тануға, ашуға және көмуге арналған арнайы үй-жай мамандары қыста аязда үсік шалып қайтыс болған қаңғыбастарды іздеушісі болмаса, әкімдік белгілеп берген арнайы орындарға жерленетінін айтып отыр. Мәйітхана қызметкерлері мәйіттерге тиісті сараптама жүргізген соң әкімдіктің тендерін ұтып алған компания қызметкерлері ары қарай жерлеу рәсімін атқарады екен. Айтпақшы, биыл Нұр-Сұлтан қаласының 2022-2024 жылдарға арналған бюджетінің жобасы туралы жиында Алматы аудандық аппаратының алдағы үш жылдың әрқайсысына жерлеу орындарын күтіп ұстау мен туысы жоқ адамдарды жерлеуге 17,4 миллион теңге қарастырылып отырғаны айтылды. Осынша қаржыны жылу іздеген жандарды жерлеуге емес, жұмыс беріп, жағдайын дұрыстауға жұмсағанда ғой дейсің...Жадыра МҮСІЛІМ