Жыл соңы – жұмысты қорытындылар, кем-кетікті түгендер шақ. Әсіресе, ел тізгінін ұстағандар мемлекеттен бөлінген қаржының есебін түгендейді. Осы мақсатта Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сала басшыларын жинап, осы жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен бюджеттің орындалуы бойынша мәжіліс өткізді. Жиында облыстық Қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова мен облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының міндетін атқарушы Ринат Құдайбергенов атқарылған жұмыстарды баяндады.Облыстың бас қаржыгері Елена Шаврованың айтуынша, 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша облыс бюджеті түсімдер бойынша биылғы кезеңге арналған болжам 101,8%, оның ішінде меншікті кірістер – 109,4% орындалып, облыс бюджетіне 5,4 млрд теңге артығымен түскен. Сондай-ақ негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 958 млрд теңгеге орындалған. Бұл көрсеткіш те межеден асып тұр. Сондай-ақ 2021 жылдың 10 айында облыс бюджеті шығыстар бойынша 98,4% орындалыпты. Оның ішінде үнемделген қаржы 731 млн теңгені құраған. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының міндетін атқарушы Ринат Құдайбергенов биылғы жылдың қаңтар-қазан айларында облыс әкімінің іс-шаралар жоспарын орындау және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстарды тізбектеді. Атап айтқанда, 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында 620,5 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілсе, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,3% артық көрінеді. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы бойынша негізгі капиталға инвестиция көлемі 218,8 млрд теңгені құрапты. Осы жылдың қаңтар-қазан айларында облыста жұмыс істеп тұрған шағын орта бизнес субъектілерінің саны 5,8%-ға артып, 50 492 бірлікке жеткен. Осының арқасында жыл басынан бері 14 мың 114 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс дамуының қорытындысын Қызылорда облысының басшысы облыстық басқармаларға жұмыс қарқынын күшейтіп, жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игеруін қамтамасыз етуді және жоспарланған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы