Парламент Мәжілісі жанындағы Партияаралық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин Партияаралық кеңес құрамындағы парламенттік емес партиялардың ұсыныстары заң шығару жұмысында әдеттегідей ескерілетінін атап өтті. Отырысқа Мәжіліс депутаттары, соның ішінде «Ақ жол», Қазақстанның Халық партиясының жетекшілері, Қазақстан халқы Ассамблеясынан, сонымен бірге парламенттік емес Adal, «Ауыл» және Жалпыұлттық социал демократиялық партияларының өкілдері қатысты. Жиында Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттарының жұмысындағы заң жобаларын талқылауға барлық саяси партиялар өкілдерінің белсенді қатысуы осы диалог алаңының қажеттілігін көрсететініне назар аударды. Нұрлан Нығматулин атап өткендей, VII шақырылымдағы Парламент жұмысы басталғаннан бері Мәжілістің қарауында барлығы 128 заң жобасы болды. Бүгінде оның 80-і мақұлданып, Сенатқа жолданды. Оларды талқылау кезінде Парламенттік емес партиялардың өкілдері жұмыс топтарына қатысып, әсіресе, қоғам назарын аударған заң жобаларына, сонымен қатар экономикалық және әлеуметтік құжаттарда өздерінің нақты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Палата Спикері депутаттардың Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарын айта келіп:
– Біз «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгіздік. Олар Президенттің Мәжіліске «өту шегін» 7-ден 5% - ға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «Барлығына қарсы» бағанын енгізу, сондай-ақ ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу туралы ұсыныстарын іске асыруға бағытталған, – деді.Мәжіліс Төрағасы депутаттар мақұлдаған заң жобаларының ішінде ел Президенті бастамашылық жасаған шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге толық заңнамалық тыйым салуды көздейтін Жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасын ерекше атап өтті. Іс-шарада Нұрлан Нығматулин «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілгеніне тоқталды. Депутаттар «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң жобасын қарап, мақұлдады. Онда сатып алуды жүзеге асырудың қағидаттары мен тәсілдері, сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер, сатып алуды жоспарлау қағидалары және әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптары айқындалады.
– Осы және басқа да заң жобалары бойынша «Nur Otan», Қазақстанның Халық партиясы және «Ақ жол» партияларының парламенттік фракциялары, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы жемісті еңбек етті. Осы жолда көптеген ұсыныстары заң жобалау жұмысында көрініс тапқан «Ауыл», Adal партиялары мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының белсенді ұстанымдарын атап өткім келеді, – деді Мәжіліс Төрағасы.Нұрлан Нығматулин атап өткендей, қазір Мәжіліс қоржынында 41 заң жобасы бар. Олар: бәсекелестікті дамыту, кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу, бюджеттік заңнаманы жетілдіру, бала құқықтарын қорғау, волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар туралы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және тағы басқалар. Мәжіліс Төрағасы саяси партиялардың палатаға енгізілетін заң жобалары бойынша тұжырымдамалық ұсыныстарын кеңес отырысында талқылауды ұсынды. Осы отырысқа қатысқан парламенттік емес партия мүшелері де Партияаралық кеңестің уақыт талабымен құрылған маңызды саяси диалог алаңы екенін, ортақ мақсат жолында бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін айтты. Партияаралық кеңесті қорытындылаған Нұрлан Нығматулин Мәжілістің алдында қаралып отырған заң жобалары бойынша пікірлердің барынша көп спектрін қамтитын және халықтың мүдделерін ескеретін оңтайлы шешім табу және қалыптастыру міндеті тұрғанын атап өтіп, депутаттық корпус осы бағыттағы жұмысты парламенттік емес партиялармен және жалпы азаматтық қоғаммен бірге жалғастыратынын айтты.
Ж.НҰРЛАН