Еліміздегі ұлттық жеткізу операторы дефолттың алдында тұр. Өйткені 2021 жылдың қаңтар-қазан айы аралығында компания 5 млрд теңге шығынға батқан. Бірақ оны компанияның өзі мойындап отырған жоқ. Егер бұлай жалғаса берсе, онда жыл соңында бұл сома 9 миллиардқа жетіп жығылуы мүмкін. Бұл бұған дейінгі межеленген 4,1 млрд теңгеден екі есе асып түспек. Енді «Самұрық-Қазынаның» қандай шаралар қабылдайтыны белгісіз. Әзірге белгілісі, акционерлік қоғамның басым тәртіпте жекешелендіруге жататын компаниялар тізіміне енгені. Яғни, сатуға шығарылған.Алайда одан пайда бар ма?
Нарыққа сатар, халыққа батар
Сонымен, «Казпошта» АҚ сатуға шығарылды. Экономиканы модернизациялау жөніндегі комиссия оның бақылау акциялар пакетін (51%-дан 100%-ға дейін) адрестік сату жолымен саудалауға шешім шығарды. Әлеуетті инвесторлар тізіміне: «Қазақстан Халық банкі» АҚ, Eurasian Digital Ventures I LP мен «ТрансКом» ЖШС Консорциумы және «КУА «Алмалы» ЖШС мен «Хави Казахстан» ЖШС Консорциум еніп отыр. Ұлттық оператордың акциялар пакеті жаңа иегеріне берілген жағдайда ауылдық жерлердегі рентабельді емес бөлімшелердің жабылу қаупі туындамақ. Ал бұл филиалдар зейнетақы төлеу, пошталық жөнелтілімдерді жеткізу сынды әлеуметтік маңызды қызметтерді жүзеге асырады. Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі Есеп комитеті таратқан хабарламада: «Пошта қызметінің кең тараған өңірлік желілер жүйесі барын ескере отырып, оны сатып алушы негізгі инвесторлар қатарында екінші деңгейлі банктердің де бой көрсетуін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені олар ол желіні өз мақсаттарына қарай пайдалануы немесе ол жерлерде банк филиалы бар болған жағдайда жауып тастауы мүмкін», – делінген. «Қазпошта» АҚ елімізде пошталық, қаржылық, брокерлік, агенттік және электрондық қызметтердің кең спектрін көрсетеді. Оның иелігінде республикамыздың барлық аумағын қамтитын, соның ішінде аудандық және ауылдық жерлерге дейін тарайтын ең ауқымды филиалдық желісі бар. Компания табысының басым бөлігі пошталық қызметтерден түседі. Ал қаржылық қызметінің табысы 35% шамасында. Қалғанын агенттік қызмет, мемлекеттік субсидия, операциялық аренда, өнімдерді өткізу, франчайзинг және тағы басқалар құрайды. Әйтсе де, соңғы жылдары ұлттық жеткізу операторының кірісінен шығыны көп болып тұр. Мәселен, былтыр жалпы алғанда жиынтық кірісі 56,0 млрд теңге болса, шығыны одан 5 104,6 млн теңгеге артық. Мамандар жекеменшікке өткізбес бұрын оның нысандарына аудит жасау қажеттігін айтады. Сондай-ақ олар «Қазпошта» дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.«Менің ойымша, осынша шығынымен «Қазпошта» акционерлік қоғамын алуға таласып жатқан ешкім жоқ. Оны сатып алуға банктерді мәжбүрлеп те жатқан болуы мүмкін. Өйткені қазақта «отбасында өзінен кейінгі кішкентай балаларды үйдің үлкені бағады, ағасы інісіне, апасы сіңлісіне қамқор болады» деген ұғым бар. «Қазпоштамен» де осыны жасағысы келіп отырған секілді. Осылайша, мемлекеттің бас ауруына айналып отырған компанияны басқаға таңып, оңай құтылмақ. Ал керісінше, мұнда мемлекеттік аудит жүргізіп, 5-10 жыл бұрынғы қызметіне тексеру жасап, мәселенің мәнісін анықтау қажет. Болмаса, жекеменшікке беріп, біз оның қазіргі қалпынан да айырылып, одан сайын құлдыратып аламыз. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде де оның дефолтқа бір қадам жақын екенін мойындауымыз керек», – дейді қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов.
Пошта – мемлекеттіліктің атрибуты
Пошта дегеніміз – тарихи қызмет түрі екені рас. Әсіресе, жаугершілік заманда оның стратегиялық миссиясы маңызды болды. Адамдар арасындағы байланыстың берік іргесі болып қаланған бұл үрдіс өміршеңдігін әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойған. Соның бір мысалы – Англия поштасы. Неше ғасыр бойы мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан бұл қызмет әлі күнге дейін корольдік пошта деп аталады. Ал ТМД аумағында тәуелсіздік алған мемлекеттер оның тәжін әлі күнге қайта кигізе алмай жүр.«Пошта байланысы бізде ерекше статусқа ие болу керек. Оны сақтап қалу қажет. Өйткені жер аумағы үлкен, халқымыз оған сәйкес емес сирек орналасқан. Сондықтан бұл қызмет өзара байланыс үшін бізге ауадай қажет. Әйтсе де, «Қазпошта» АҚ халықаралық беделді тасымалдаушылармен ашық бәсекелестік жасай алмай отыр. Оның үстіне бүгінгі күнде отандық пошта қызметі салыстырмалы түрде қымбат. Ал бірақ жалпы экономикалық дамушы ел болғандықтан, біздегі пошта қызметкерлерінің жалақысы өте төмен. Сондықтан мемлекеттік субсидияны көбейту қажет. Шетелдік пошта компанияларымен бірлескен кәсіпорындар құру керек. Ал жекеменшікке тек мегаполис қалалардағы нарықты беру керек. Сонда тек кішігірім қала мен ауыл субсидияда болады да, бюджет үнемделеді», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.Пошта қызметін сақтап қалуға өзге де экономистер үндеп отыр. Соның бірі – экономист Мақсат Халық. Оның ойынша, «Қазпоштаны» мүмкін болса сатпай, мемлекет меншігінде сақтау қажет. Өйткені бұл сала – әлеуметтік-стратегиялық сала.
«Жеке сектор нарықтық тербелістерге осал болып келеді әрі өз пайдасын ғана көздейді. Сондықтан да ондағы компаниялар банкротқа ұшырайтын болса, салдары зейнетақы, жәрдемақы төлеу, пошталық жөнелтілімдердің жеткізілуіне теріс әсер етпек. Түптеп келгенде, «Пошта – мемлекеттің атрибуты». Сондықтан мұнда саяси да мәселе жатыр», – дейді ол.
Квазисектордағы ахуалдың айнасы
«Қазпошта» мәселесін көп көтеріп жүрген қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов бұл саланы өзгертуге елімізде үлкен қадамдар жасалғанын, бірақ қай-қайсысы да сәтсіз болғанын айтады. «Қазпоштаның» проблемасы әлдеқашаннан бар. Тіпті, бірнеше төрағасы ауысса да, жалғасып келеді. Оны бір кездері реорганизация жасады. Сол кезде көптеген капиталдық қаражат шығындады. Ол дұрыс та болар. Өйткені постаматтар, IT-технологиялар және тағы да басқа жаңашылдықтар енгізілді. Бірақ мен бұл шығындарының барлығы ақталды деп айта алмаймын. Оны сол кездің өзінде-ақ қысқарта салуға болар еді. Өйткені қайта ұйымдастыру шаралары өте қымбатқа түсті. Әйтсе де, сол кезде реорганизация жүргізген компания менеджменті солай жөн деп тапқан болып тұр ғой. Екіншіден, компания ұдайы өзін-өзі, яғни нарықтағы орнын іздеумен болды. Олардың басы артық шығынға ұрынғанының да бір себебі осы. Еңбекақы қорын ұлғайтуы, бірнеше IT департаментінің құрылуы соның айғағы. ҚазПошта шығармашылық тұрғыдан, идеологиялық тұрғыдан мықты болғысы келді. Тіпті, одан кейінгі кейбір төрағаларының кезінде компания логистиканы өз қолына алу үшін жүк көліктерін сатып алуға да талаптанып көрді. Бірақ онысынан ештеңе шықпайтынын түсінген соң, ол райынан тез қайтты. Олардың бүгінде үлкен шығынға батып қалып отырғанының себебі осы. Сондықтан да «Қазпоштаның» басты проблемасы – менеджментте деп ойлаймын. Өйткені нарықтық критерийлермен алғанда рентабельдігі аз сала болады. Бірақ пошта ондай емес, бізде жеткізу қызметіне сұраныс жоғары. Сондықтан да мұндағы ахуал менеджмент пен оның дұрыс емес басқарушылық шешімдерінен туындап отыр», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Маманның пікірінше, былтырғы валдық шығындары 3 миллиардқа жуықтап отырған компания әдетте реорганизация жасауға, шығындарды азайтуға, қызметкерлерді қысқартуға ұмтылады. Бірақ жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді емес, мәселен көлік жүргізушілерді немесе пошташыны емес, бас кеңседегі топ менеджментті қысқартуы керек. Өйткені жарты ставкада істеп, айына 30 мың теңге алатын пошта қызметкерлерін қысқартқаннан, айына 600 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін айлық алатын IT департаменттерінің бастықтарын қысқартқан дұрыс. Егер күніне 15-20 шақырым жол жүріп, жұртқа хат-хабар, сәлемдеме, зейнетақысын таситын пошташыларды қысқартса, олардың жұмысын кім істейді? Әйтсе де, біздің елдегі практика керісінше болып тұр. Жалпы, квазисектордағы ахуал осындай. Қалай болғанда да, тұжырым біреу: «Қазпоштаны» банкротқа жібермеу керек!Нұрлан ҚОСАЙ