Еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы қаласы. Тұрғын санының көптігімен қатар түрлі әлеуметтік-экономикалық өндірістік нысандардың ең көп шоғырланған жері де осы шаһар. Соңғы кезде Алматы көшелерінде электр энергиясының өшу деректері жиі кездеседі. Бұған қатысты тұрғындар тарапынан да наразылықтар естіліп жатыр. Бұл жағдай соңғы күндері жиі қайталанатын болды. Аталған мәселенің туындауына не себеп? Мәселенің мәнісіне үңілу барысында алдымен қаланы жарық пен қамтамасыз етуі тиіс «Алатау жарық» ЖШС деректеріне көз жүгірттік. Бұл мекеменің бізге берген жауабына сүйенсек, қараша айының алғашқы жартысының өзінде 70-тен аса апаттық жағдай тіркеліп, мегаполистің бірнеше ауданында түрлі деңгейде электр энергиясынан ажырап қалу фактілері тіркелген. «Осы жылдың 1 және 15 қарашасы аралығында Алматы қаласында электр қуатының 77 рет ажыратылуы тіркелді. Көбіне электр қуатын өшіру кабельдік желілердің жұмысының бұзылуынан болады. Қаладағы кабельдік желілердің 65 пайызы 25 жылдық стандартты мерзімнен артық жұмыс істеді. Пайдалану мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан әлі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Электр қуатынан ажырап қалуға кейде түрлі климаттық фактор да (жел, жаңбыр, қар) әсер етеді. Бұл жағдай қаладағы көптеген өндіріс орны мен әлеуметтік нысандардың жұмыстарының тоқтауына да әсер етіп жатады», – деді «Алатау Жарық» ЖШС мекемесінің мамандары. Қалаға жарық беруге жауапты мекеменің берген дерегінше, 15 күнде 77 рет жарық сөнген болса, яғни күніне бес реттен де көбірек жарықсыз қалады деген сөз. Бұл экономикалық шығындарға әкеліп соқтырары анық. Олай дейтініміз – қазір кез келген ірілі-ұсақты өндіріс, сауда орындарының жұмыстары тікелей электр энергиясына тәуелді екені айтпаса да түсінікті жағдай. Бұл айналып келгенде қаланың қоржынына түсетін салық көлемінің төмендеуіне жеткізеді. Сауда орындары демекші, қала тұрғындары мен кәсіпорындардан жарықтың сөніп қалғаны туралы наразылық шағымдар жиі түсіп жатады. «Гагарин, Жароков көшелеріндегі үйлерде бір сағаттан бері жарық жоқ. Электр қуаты қашан беріледі? Бірнеше минутта 4 рет жанып-өшіп, сол күйі ажырап қалды. Жарықсыз отырғанымызға бір сағаттан асты. Мұндай жағдайда ток көзіне қосулы тұрған техникалық түрлі құрылғы күйіп кетсе, оның өтемақысын кім өтейді? Банкомат, бәрі істемей тұр», – деп жазды жақында бір топ қала тұрғындары.
Ескірген кабельдік желілер қашан жаңарады?
Жарықтың жиі өшуі мәселесін шешудің бірден-бір жолы әлдеқашан мерзімі өтіп, тозығы жеткен кабельдік желілерді ауыстыру. Бұл мәселеге қатысты «Алатау Жарық» мекемесі қала бюджетінен арнайы қаржы қарастырылғанын жеткізді. «Аталған қиындықтарды шешу мақсатында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шамамен 100 млн теңгедей қаражат қарастырылып отыр. Сол қаржыға 2022-2023 жылдар аралығында жоспарлы түрде толықтай ауыстырылатын болады», – деді жарыққа жауапты мекеме өкілдері. Осыдан бірнеше күн бұрын қаладағы Медеу ауданында да жарықтың жиі өшкенін айтып, бір топ тұрғын бірнеше рет БАҚ өкілдерінен көмек сұрап шағымданған болатын. Ол кезде «Алатау Жарық» мекемесі оның себебін елдегі электр энергиясының тікелей операторы KEGOC компаниясының жарық беруге байланысты қойған шектеулеріне байланысты деп түсіндірген-тін. Оның алдында KEGOC компаниясы электр энергиясына сұраныс мөлшері біршама артқандықтан және суық түскендіктен энергия беру Алматы ғана емес, басқа да біршама аймақта қысқартылатынын ескерткен. «2021 жылдың өткен 10 айы ішінде 2020 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда тұтыну көлемі Оңтүстік аймақ бойынша 11,6 %-ға, Солтүстік аймақ бойынша 5,7 %-ға және Батыс аймақ бойынша 7,5%-ға артқан. Ең жоғары жүктеме сағаттарында қуатты тұтыну өткен жылғы мәннен 1 500 МВт-тан да асып тұр. Тұтынудың осылайша ауытқымалы өсуі ең алдымен цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұтынушылар үлесінің артуына байланысты» делінген компанияның ескертпе хабраламасында. Осы шектеудің салдарынан қаладағы ірі өндіріс кәсіпорындары да өздерінің электр энергиясынан тапшылық көруі мүмкін екенін, олай болған жағдайда өндірісте біршама қиындық туындайтынын айтып дабыл қаққан. Солардың бірі – металл өндірісімен айналысатын, құрамында 800-ден аса адам жұмыс істейтін «ҚазФерроБолат» ЖШС. «Энергия тасымалдаушы мен KEGOC компаниясы бізге берілетін электр энергия көлемін 50 пайызға қысқартты. Күн сайынғы өндіріске қажетті 30 МВт тоқтың тек 14,5 МВт-ы мақұлданды. Мұндай жағдайда компания жұмысы іс жүзінде тұралап қалады, негізгі өндіріс тоқтайды. Соның салдарынан жүздеген адам ақысыз демалысқа кетуге мәжбүр болады. Бюджетке салық түспейді. Ал кәсіпорынға экспорттық келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындай алмағандықтан, айыппұл салынады», – делінген компанияның 10 қараша күні БАҚ-қа жасаған мәлімдемесінде. Бұған байланысты Алматы әкімдігі әзірге ешқандай түсінік бере қойған жоқ. Қалай болғанда да, шаһарда ауа мен судан кейінгі тіршіліктің бірден-бір көзіне айналған электр энергиясының тапшылығы бар екені шындық. Оған бар энергия көзінің өзі жоғарыдағы айтқан түрлі себеппен тұтынушыға толыққанды кедергісіз жетпей жатқанын қосыңыз. Алматының кейбір ауданында бағдаршамдар істемей, троллейбустар тоқтаған жағдайлар көптеп кездеседі. Оның арты түрлі жол-көлік оқиғасына себеп болуымен қатар шамадан тыс көлік кептелісін қалыптастырады. Осы келеңсіздіктер қала тұрғындарын жиі әбігерге салады. Бұл мәселенің алдағы уақытта біржола түбегейлі шешілуі жауапты шенділерге сын. Әйтпесе, өндіріс көлемі мен тұрғын саны күн санап өсіп келе жатқан алматылықтар жарықтың сәт сайын жалп етіп сөніп қала беру деректерімен жиі ұшыраса беретін сияқты. Бұл жағдай бір қарағанда Алматыны 90-жылдардың елесі кезіп жүргендей әсерде қалдыратыны да рас.Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы