Қарағанды облысында былтырғы жылдың маусым айында елді дүрліктірген оқиға болды. Инкассаторларға шабуыл жасаған топ 70 миллион теңгені иемденіп кеткен болатын. Жақында сот ұсталған үш қарақшыны темір торға тоғытты... Оқиғаға тоқталсақ, Қарағанды қаласында тапа тал түсте қару кезенген бейтаныс біреулер кәсіпорынға тиесілі қаражатпен қаруды қолды етті. 25 маусымда таңертеңгі сағат 10.40 шамасында «Складская» көшесінде жекеменшік фирмаға тиесілі инкассатор көлігіне қарулы шабуыл жасалды. «ВАЗ 2110» автокөлігін мінген екі азамат фирманың «Лада Гранта» көлігіне әдейі қарама-қарсы келіп соғылған. Содан кейін олар көліктен жүгіріп шыққан бойда жекеменшік фирманың күзетшісіне қару кезеніп тұрып, қаражатпен қаруын тартып алған. Куәгерлердің айтуынша, «ВАЗ 2110» көлігі жекеменшік фирманың маңайына бір сағат бұрын келіп, торуылдап тұрған. Фирмадан көлік шыққан бетте оған барып, соғылған. Қарақшыларды ұстау мақсатында Қарағанды қаласында «Дабыл» жоспары жарияланып, полиция күдіктілерді іздестіруге көшті. «Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша облыстың ішкі істер құрамына бағыттама берілді» – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Кейін ақша жергілікті фирмалардың біріне тиесілі екені белгілі болды, оның есепшісі де инкассатордың көлігінде болып, банкке қарай бет алған. Күзет ротасының атыс қаруы да қылмыскерлердің қолында кетті. Қарулы шабуылдан кейін күдіктілер ұрланған ақшаны алып қашып кеткен. Алайда көп ұзамай олардың үшеуі ұсталды. Оларда 30 миллион теңге көлеміндегі ақшаның бір бөлігі ғана болған. Бұған қатысты төртінші адамға іздеу жарияланды. Оларды ұстау операциясы бір мезетте бірнеше қалада жүргізіліп, екі күдікті Нұр-Сұлтан қаласынан, енді бірі Теміртау қаласы аумағында ұсталды. Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс Қарағанды облысы бойынша сотта қаралды. Қылмыскер деп танылған азаматтардың бірі 10,5 жылға сотталса, қалған екеуі 11 және 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Олар зардап шеккен екі фирманың пайдасына 39 миллион теңге өндіруге міндеттелді. Сотталушылар сот үкімімен келіспей, оны тым қатал деп санайды. Олардың екеуі қылмысқа абайсызда сыбайлас болып шыққанын және тек хабарламағаны үшін ғана кінәлі екенін алға тартты. Осындай уәждермен олар қылмыстық істі қарау үшін Қарағанды облыстық сотына жүгінген. Алайда облыстық соттың апелляциялық алқасы сотталғандардың кінәсін толық дәлелдеп, жаза олардың істеген ісіне лайықты деп тапты. Соттың үкімі өзгеріссіз қалды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы