Алматыда 22 қараша күні болған жағдай қоғамды дүр сілкіндірді. Ақпарат шыға салысымен ресми және бейресми түрде суицидтің себебін анықтауға талпыныстар басталды. Шындығында, алдымен үш баласын тоғызыншы қабаттағы терезеден лақтырып, артынан өзі де секіріп кететіндей жағдайға жетуге не себеп болды? Әрине, бірінші кезекте ресми орындардың берген болжам нұсқалары мен деректеріне құлақ түреміз. Алматы полициясы анықтаған дерек бойынша, көз жұмған келіншек 28 жаста болған. 2014 жылы өзімен бірге марқұм болған балаларының әкесімен тұрмыс құрған. Балалардың үлкені 6 жаста, қалған екеуі 5 және 2 жасар болған. Ерлі-зайыптының екеуі де Түркістан облысының тумасы. Туыстарының айтуынша, марқұм Бақтыгүл Қыдырбаеваның мінезі жайлы, ашық болған. Ол Өзбекстанның Шыршық ауданында дүниеге келген. Бастауышта оқып жүрген кезде әке-шешесімен бірге Шымкент қаласына көшіп келген. Осы қаладағы орта мектептердің бірін алтын белгіге тәмамдаған. Жоғары білімді. Мамандығы дәрігер-терапевт болған.
Хат мәтіні екі ұшты пікірге жетелейді
Құқық қорғау орындары анықтаған тағы бір негізгі дерек, марқұм өлер алдында хат жазып қалдырып кеткен. Хаттың мәтініне сүйенер болсақ, осындай жағдайға баруға әлеуметтік жағдай себеп болған сияқты. Сонымен қатар нақты кінәлілердің де атын атамайды. Бір сөзінде «біз ешкімді кінәламаймыз», – десе, хат соңында «Кінәлілер өздерін біледі», – дейді. Осы жерден қандай да бір нақтылық табу қиын. Қалай болғанда да, аталған оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Біздегі болжам бойынша қүдікті ретінде қаралы отбасының отағасы жауап алуға шақырылатын болар. Себебі полицейлер отбасындағы жанжал деген дәйекті жариялады. Бірақ бұндай шешімге келу үшін қандай да бір куәгер немесе жазбаша дерек бар-жоғын анықтап айтпады. Бәлкім, болжам болар?Көршілердің айтуынша, отбасы оқиға болған пәтерді мамыр айынан бері жалдап тұрып келген. Осы күнге дейін қандай да бір отбасылық жанжал немесе түсініспеушілік болғанын ешкім байқамаған. Олардың сөзінше, балаларын аулада жиі серуендетіп жүретін қарапайым отбасы екен. Марқұм болған балапандардың ересектері дүкенге күнделікті нан, сүт сияқты заттар сатып алуға келіп жүрген.
Негізгі себеп әлеуметтік жағдай ма? Кешеден бері қайғылы оқиғаның төңірегінде түрлі пікір әлеуметтік желілерде де қарша бұрқырап жазылуда. Арасында марқұм келіншектің туған балаларын өз қолымен өлімге итергенін кінәлап жатқандар да бар. Елімізде жас отбасыларға тиісті әлеуметтік жағдай жасалмағандықтан деп жатқандар да бар. Кейбір пікір иелері көпбалалы отбасы статусын қолданыстағы төрт баладан үш балаға дейін түсіру керек деп жазды. Қашан да мұндай жағдайда қоғам пікірі бірнеше тарапқа бөлініп жатады. Біз осы мәселеге қатысты психологтің пікірін білдік. Белгілі психолог Жанар Оспанова аталған қайғылы оқиғаға байланысты үш түрлі болжамын алға тартты. Және бұндай қадамға баруының бір себебі адамның өзі өскен отбасында осыған ұқсас жағдайлар да болуы мүмкін екенін айтады. «Біріншіден, марқұм келіншекте қандай да бір депрессия болған сияқты. Депрессия дегеніміз – адам өзіне қатысты бірнәрсесін жоғалтып алуын айтамыз. Ол мейірім, қарым-қатынас, өзіне деген сенім және өзін-өзі бағалау немесе жақынынан айырылу секілді көптеген мысалдар келтіре беруге болады. Бәлкім, бұл әйелде сондай жағдай болды ма екен деп ойлаймын. Екінші бір нұсқа – әлеуметтік мұқтаждық пен қысым әсерінен барды ма екен. Бұндай жағдайда мүмкін шын жақын жанашыры болмаған шығар? Содан барып, осы тығырықтан шығудың бірден-бір жолы деп, өлімді таңдаған болуы да мүмкін. Үшіншіден, кез келген жағдайда психологиялық фактордың әсері болады. Себебі адам болған соң жанымыз бар. Пенде де жан ауруы деген болды. Мұның аяғы ғылыми тілмен айтқанда, психоз деген нәрсеге алып барады. Бұл жағдай көбінесе жас аналарда кездеседі. Оған түскен адам көп жағдайда өз ісіне жауап бере алмай қалады. Ондай кезде адам өзі 9-қабаттан секіргелі жатыр ма немесе туған баласын лақтырғалы жатыр ма, бәрібір болып қалады. Тағы бір себебі ретінде ол адамның ата-анасының бірі суицид жасаған болса, баласы да сондай қадамға жақын болады. Бірақ бұл келіншектің шыққан ортасын ата-атасын білмейтін болғандықтан, тап басып олай деп айта алмаймын. Тек маман ретінде ғана тәжірибеме сүйеніп баға беріп отырмын», – дейді біз тілдескен психолог маман Жанар Оспанова. Әрине, неше адам болса, сонша пікір бар. Оған талас жоқ. Бірнәрсе шындық, ол мұндай жағдайдың қайталанбауына жан-жақты ел-жұрт болып атсалысу керек. Бүгінгі енжарлығымыз ертеңгі күні өкінішімізді еселей түспесіне кім кепіл?Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы