Алтайдың жалынды жастары

Алтайдың жалынды жастары

Алтай ауданында «Тәуел­сіздік ұрпақтары» атты жастар форумы өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдас­тырылатын шара биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Форум аясында өңірдің ең белсенді, жалынды да жаңашыл қыз-жігіттері марапатталды. Жастарды аудан әкімі Қалиқан Байғонысовтың атынан  орынбасары Жанна Асқарова құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Жастарға жалынды болған жарасады. Жас­тарға жаңашыл болған жарасады. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақ ең әуелі білімді, жаңашыл, тілді меңгеріп, технологияны игеруі қажет екенін үнемі айтып жүреді. Алтай ауданында мұндай жастар аз емес. Өңірімізде қоғамға пайдасын тигізуге, ел-жұртқа жәрдемдесуге ұмтылатын жастардың қатарының көптігі қуантады. Тәуелсіздік жылдарында сөзі мен ісі жарасқан азаматтардың тұтас буыны қалып­тасты. Форумда ауданымыздың мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға лайықты үлес қос­қан үміткерлердің есімін атап, құрмет көрсетудің өзі бір ғанибет», – деді ол. Форумда жастар бірнеше аталым бойынша марапатталды.  «Жылдың жастар көшбасшысы» номинациясын оқу үздігі, Мәс­кеуде, Кремльде өткен халық­аралық қайырымдылық кадет балының қатысушысы Дарья Токарева иеленді. Дарья – «Туған ел. Туған жер. Туған глобал» олим­пиадасының жүлдегері. «Полиглот» байқауына қатысып, Өс­кемендегі Қазақстан–Америка еркін университетінде оқуға грант ұтып алған. «Қазцинк» ЖШС «Алтай» КБК Малеев кенішінің тазарту жұмыстарының жерасты тау-кен учаскесінің тау-кен массасын жеткізу бойынша ПДМ машинисі, волонтер Қанат Қашқымбаев «Жылдың жас кеншісі» атанды. Жастар кеңесінің мүшесі, тех­никалық инспектор үздік көрсет­кіштері үшін «Қазцинк» компаниясы басшылығы мен кәсіподақ комитеті тарапынан бұған дейін бірнеше мәрте  марапатталған екен. «Жылдың жас медицина қыз­меткері» аталымы бойынша Роман Тілеуленов марапатталды. Еңбек өтілі көп, жұмыс тәжірибесі мол болмаса да, ол өзін травматология мен ортопедия саласының білікті маманы ретінде көрсетіп, әріптестерінің құрметіне бөленген. Жұқпалы аурулар ауруханасында коронавирус инфекциясы бар науқастарды емдеуге бірнеше рет қатысқан. Алтай қаласындағы №8 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әділжан Қадыл­беков «Жылдың жас педагогі» болды. Жас мұғалім биыл педагог-модератор санатын алыпты. Ол бұған дейін «Үздік педагог», «Абай әлемі және рухани мұрасы», «Ұлы даланың тұлғасы Абай» сияқты облыстық, республикалық бай­қауларға қатысып, жүлдегер атаныпты. «Жылдың жас полицейі» номинациясы Алтай аудандық полиция бөлімінің кинологиялық қызмет тобының кіші инспекторы, кіші полиция сержанты Сергей Куцевке бұйырса, Алтай қаласындағы №7 орта мектебі мен аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға қол ұшын созып жүретін жеке кәсіпкер Аяулым Әлмаханова «Жас кә­сіпкер» аталымын иеленді. «Жас шығармашылық қыз­меткер» номинациясын Екатерина Рашидова алды. Жұмыс барысында өзін сауатты, жауапты, бастамашыл педагог-психолог ретінде көрсетті. Бизнеске қашанда шы­ғар­машылық көзқараспен қарайды. Қолы қалт етсе, білімін шыңдап, ізденісін бір сәтке де тоқтатқан емес. Орайы келгенде айта кетейік, Алтай ауданында жастар саясатына, жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Ресми мәліметке сүйенсек, ауданда тұратын жас­тардың ұзын саны – 10 159, оның 7 455-і қалада, 2 704-і ауылды жерлерде тұрады. Аймақтағы колледждерде 921 студент білім алады. Өңірде Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Орталық мамандары мемлекеттік жастар саясатын сапалы жүзеге асыру мақсатында аудандағы мектеп-колледждермен, жұмысшы жастармен бірлесе еңбек етеді. Биылғы жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында мектептер мен колледждерде 40 акция, 11 диалог алаңы, 10 челлендж, бес қайырымдылық акциясы, тоғыз экологиялық сенбілік, алты зияткерлік ойын, футболдан жолдастық кездесу мен жастар форумы өт­кізіліп, 42 бейнеролик жарияланыпты. Жемқорлықтың алдын алу­ға қатысты шаралар да жиі ұйым­дастырылады. Жастар ре­сурстық орталығы адалдық, пара­сат­тылық, адамгершілік құнды­лықтар тақырыбында әлеуметтік бейнероликтер түсіріп, әртүрлі әлеуметтік желіде жариялап отырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын  ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіледі. Риддер қаласы маңында өрт болғанда Жастар ресурстық орталығының еріктілері зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек жинады. Орталық жастары мектептер мен колледждердің еріктілерімен бірлесіп «Қар десанты» акциясын өткізді. Еріктілер жалғыз тұратын 10 қарияның үйінің ауласын қардан тазартуға көмектесті. 9 мамыр мерекесі қарсаңында соғыс ардагері Андрей Шаровскийді құттықтап, тағы бір соғыс ардагері Михаил Щеголенконың бақша жұмысына қол ұшын берді.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы