Биыл Тараз қаласындағы «тың» өзгерістер талайды тығырыққа тірегені жасырын емес. Жыл басында «Қақпасыз қала» жобасы мекемелер мен ұйымдарға қырғиша тисе, «сақалды құрылыс» пен «қызық сызықтағы» нысандардың иелері де зар жылады. Енді, міне жыл соңында «100 бизнес-жоба» бастамасы бастау алып, шенділердің шақшадай басын шарадай қылды. Жобаның негізгі мақсаты – шаһар шетіндегі шалғай алқаптардан кәсіпкерлік нысандарын ашып, әлеуметтің әлеуетін арттыру. Бастаманың бағдары айқын болғанымен, жауаптылар жобаның басты міндетін түсінбегендей. Олай дейтініміз, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыровтың басшылығымен құрылған жұмыс тобы шаһардың «Шалғай Қарасу», «Құмшағал», «Шөлдала», «Қант зауыты», «Барысхан», «Солнечный» алқап тұрғындарының сұранысын ескере отырып, шалғай елді мекендерге қажетті 100 бизнес- жобаның тізімін жасаған. Соған сәйкес, бүгінде 100 жобаның 45-і жүзеге асқан. Алайда бұл қандай жобалар? Әрі олар шын мәнінде шалғай алқаптардан ашылған ба? – Шеткі аудан болған соң ең әуелі мал шаруашылығын дамыту және бордақылау үшін 19 жоба әзірледік. Сонымен қатар сауда орталықтары мен дүкендер, жылыжайлар ашу, құрылыс материалдарын шығару, наубайхана, балабақша, техникалық-жөндеу орталықтары, тігін цехы, дәріхана, монша, спорт алаңшалары, сұлулық салоны, оқу орталықтары, қоймалар (жемшөп сатуға), банкоматтар орнату, автотехника сату орталықтары, сонымен қатар пластик өнімдерін қайта өндеу цехы, жиһаз өндірісі, кофехана, жанар-жағармай стансаларын ашу жоспарланған. Аталған 100 жобаның 14-і тұрғындардың ұсынысымен қолға алынса, 22-сі «Бастау-Бизнес» қысқамерзімді онлайн оқыту арқылы жүзеге асады. Төртеуі аукционда (жер мәселесі) болса, екі жоба кәсіпкерлердің қаржылық жағдайына байланысты орындалмаған. 13 жоба бойынша кәсіпкер несие алуға өтініш жолдады. Сонымен қатар қарашада екінші деңгейлі банктермен жиналыс өткізіп, мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін 31 жоба ұсынылды. Ол тізімде жер мәселесі, субсидия, инфрақұрылымды дамыту және басқа бағыттағы жобалар бар. Енді соның ішінде 11 жобаға қолдау көрсетілмек, – дейді қала әкімінің орынбасары Дәулет Мақсұтұлы. Әрине, жанға жылу беретін ақпарат. Алайда іске қосылған жобалардың мекенжайына қарасаң, дені қала орталығынан ашылған. «Шалғай» деген сөзге үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Мұндай көзбояушылықты қала әкімі Ержан Жылқыбаев әкімдікте өткен жиында қатаң сынға алды. – Облыс орталығынан бизнес нысандар онсыз да ашылып жатыр. 100 бизнес-жобаның негізгі мақсаты – шалғай алқап тұрғындарының әлеуетін арттыру. Сондықтан қаланың орталығында ашылған кәсіпкерлік нысандардың санынан «сұлу» статистика түзе бермей, нақты жұмысты көрсетіңіздер. Мәселен, жоба аясында 22 саяжай сынды алқаптар неге қамтылмай отыр?, – деп шаһар басшысы сауалын төтесінен қойды. Өз кезегінде қала әкімінің орынбасары Дәулет Мақсұтұлы шалғай алқаптардан кәсіпкерлік нысандар ашу үшін тұрғындардың мүлік құны банкке кепілдікке қоюға жетпей жатқанын алға тартты. Яғни, әкімдіктегілер шалғай аудандардағы нысандарды банк кепілдікке алмайтындықтан, аты «шалғай» болғанымен, жобалардың затын «жақын» етіп, қала ішіне қарай бұрып жіберіпті. Әрі билік өкілі ретінде банктермен келісімге келуге ұмтылғаны да байқалмайды. Шамасы, «әдемі статистика жасалды, сол жетеді» деген сыңайлы. Бірақ Тараз әкімі мұндай көзбояушылыққа жол бермейтінін де айтып қалды. Оны уақыт көрсетер. Айтпақшы, Таразда осы жоба аясында әзірге 404,7 миллион теңгеге 45 жоба жүзеге асып, нәтижесінде 216 адам жұмыспен қамтылыпты. Ал қалған 55 жоба келер жылдың еншісінде деседі. Оны да көрерміз.
Жамбыл облысы