Ақмола облысында боран кезінде адасып кеткен балықшы қар астында түнеп шықты. Түні бойы іздеген полиция қызметкерлері оны таңертең зорға тапты, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
15 қаңтар күні кешкі сағат ондар шамасында Есіл аудандық полиция бөліміне жүгінген жергілікті тұрғын күйеуінің Свободное селосынан 11 шақырым жердегі «Тұзды балка» көліне балық аулаға кетіп сол күйі оралмағанын айтып көмек беруін сұраған.
Жоғалған ер адамды іздестіруге Есіл аудандық полция бөлімінің жеке құрамы түгелдей, сондай ақ төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері «Мираж М» жол ұйымының қызметкерлері жұмылдырылған.
Балықшылардың айтуынша 15 қаңтар күні таңғы алтыда балық аулауға шыққан олар көліктерін трасса үстіне қойып өздері көлге жаяулап кеткен. Кері қайтқанда боран басталып кетіп, артта қалып қойған балықшылардың бірі серіктерінен адасып қалған. Өз бетімен іздеуден еш нәтиже болмаған соң достары полицияға хабарлауға мәжбүр болыпты.
Іздеу жұмыстары түнгі уақыттарда боран кезінде болғандықтан аса қиынға соққан. Абырой болғанда 16 қаңтар күні таңғы жетілер шамасында адасқан балықшы аман-сау табылып тұрғылықты ауылына жеткізілді.
«Балықшы даладағы қатты боран кезінде үсіп кетуден аман қалу үшін қарды үңгіп қазып оның ішіне күркесін салып жайғасқан болып шықты. Түні бойы қар астында жатқан ер адам аман-есен түнеп шыққан», – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Ақмола облысы