Польша біріншілігінде өнер көрсететін вроцлавалық «Шленск» командасы Қазақстан құрамасының шабуылшысы Артур Шушеначевті сатып алу үшін алматылық клубпен келіссөз жүргізді.
Инсайдер Айдын Қожахметтің таратқан ақпараты бойынша, польшалық команда қаңтар айында Шушеначев үшін 150 мың еуро ұсынған. Бірақ бұл сома «Қайрат» басшылығының көңілінен шықпады. Кейін «Шленск» ұсынысты екі есе арттырды. Алматылық клуб одан да бас тартты және қазақстандық шабуылшыға тек бір миллион еуролық ұсыныс түскенде ғана келіссөз бастауға дайын екенін жеткізді. «Шленск» командасы Артурға өткен жылдан бері қызығушылық танытып, футболшыны ерекше бақылауда ұстауда. Ол испаниялық Эрик Эспозитоның орнын басатын шабуылшы ретінде қарастырылып отыр. Бірақ польшалық командада дәл қазір Шушеначев үшін беретін бір миллион еуро жоқ.Айта кетейік, Transfermarkt порталы да қазақстандық футболшыны бір миллион еуроға бағалады. 23 жастағы Артур өткен маусымда Қазақстан біріншілігінде 19 ойын өткізіп, 12 гол соқты.