Қытайдағы төртжылдықтың басты додасына жалпы жиынтығы 91 елден 4 мыңнан аса спортшы келді. Олардың арасында тропикалық елдердің өкілдері де бар. Айталық, Гаити мен Сауд Арабиясы 2022 жылғы Олимпия ойындарына бірінші рет қатысты. Қысы жоқ елдердің спортшылары қысқы Олимпиадаға қалай болғанда да медаль аламыз деп келмейді. Жақсы өнер көрсетсе, жетіп жатыр. Оның үстіне экзотикалық елдердің климаты қысқы спорт түрімен айналысуға қолайлы емес. Соған қарамастан-ақ Олимпиада ойындарының географиясы уақыт өткен сайын кеңейіп келеді және әр төрт жыл сайын дебютанттар қатары бірлі-екілі толығып отырады.
Сауд Арабиясы мен Гаитидің тау шаңғышылары
24 жастағы Файик Абди Сан-Диего (АҚШ) жерінде дүниеге келгенімен, оның балалық шағы Сауд Арабиясында өтті. 2012 жылы АҚШ-қа оралып, шаңғы спортымен тұрақты түрде айналысқан. Негізінен Фаик шаңғы тебуді төрт жасында бастаған. Анасы оған Ливандағы Фарайя-Мзаар тау шаңғысы курортында шаңғы тебуді үйретіп, үлкен спортқа қадам басуына себепші болды. Файик тау шаңғысымен айналысуға қолайлы әрі беткейлерге жақын болғандықтан Ютадағы университетті таңдады. Осылайша, ол бос уақытында шыңғымен сырғанап, сүйікті ісіне көп уақытын арнады. Қысқы спорт түрлерінен Сауд Арабиясының федерациясы ел тарихындағы алғашқы Олимпиадаға үміткерлерді іздеп жүріп, осы Файик Абдиді тапты. Спортшы федерация ұсынысынан бас тартқан жоқ. Абди Олимпиадаға АҚШ жерінде дайындалды.Гаитилік Ричардсон
Гаитиден келген 19 жастағы Ричардсон Виано – өз елінде танымал спортшылардың бірі. Вирджиния аралында дүниеге келгенімен, оны үш жасында екі әпкесімен бірге Францияда тұратын италиялық ерлі-зайыптылар асырап алған. Ричардсонды кішкентайынан шаңғымен сырғанатып, оның осы спортқа қызығушылығын оятқан. Виано шаңғыдан жасөспірімдер арасындағы барлық жарыстарға қатысып, тәжірибелі шаңғышыға айналды. Франция құрамасына іліге алмаған Ричардсонға Гаити федерациясы өздерінің атынан өнер көрсетуді ұсынған. Жастайынан Францияда тәрбиеленіп, жаттыққан Виано көп өтпей Гаити азаматтығын алып, 2021 жылғы әлем чемпионатында бақ сынады. Олимпиадаға қатысар алдында берген сұхбатында ол: «Мен Францияға үш жасымда келдім, ата-анам таудың жанында тұрып, мені жиі шаңғы тебуге апаратын. Федерациядан телефон соққанда, досымның қалжыңы деп ойладым. Кейін мен интернеттегі ақпараттардан Гаитиде шынымен де шаңғы федерациясы бар екенін білдім» деп ағынан жарылды спортшы.Америкалық Самоа скелетонисті
Натан Крамптон Кенияда дүниеге келген. АҚШ азаматтығын алған Натанның әкесі дипломатиялық қызметіне байланысты жиі қоныс ауыстырып отырған. Ол көбіне экстремалды спортпен айналысады. Крамптонның хоббиі – серфинг, сноуборд, шаңғы және велосипед тебу. 2010 жылғы Олимпиаданың трансляциясы кезінде Натан скелетон спортын тамашалап, оған ерекше қызыға бастайды. Дүбірлі дода аяқталысымен мұз үстінде жаттығуды қолға алады. Ол бұған дейін Бобслей және скелетоннан төрт әлем чемпионатында өнер көрсетті, 2016 жылы Натан үздік бестіктен көрінді және үш рет үздік 10-дыққа енді. 2016 жылы ол АҚШ-тың Бобслей және скелетон бойынша «Жыл ойыншысы» атанды. Америкалық Самоа спортшыны 2020 жылы құрама сапына шақырды. Әмбебап Крамптон – бұл кішкентай штаттың басты спорт жұлдызы. Натан 2020 жылғы жазғы Токио Олимпиадасында да осы елдің намысын қорғады. 36 жастағы спортшы қысқы Олимпиада ойындарына алғаш рет қатысып отыр.Шығыс Тимор тау шаңғышысы
28 жастағы Йоанн Гонсалвештың әкесі – француз, шешесі – Шығыс Тимордан. Кішкентай кезінде Шығыс Тиморға Индонезия басып кіргенде, отбасымен Аустралияға қоныс аударған. Оған Олимпиадада Франция немесе Аустралия атынан да өнер көрсетуге болар еді. Бірақ Йоанн шешесінің туған елін таңдап, тарихта алғаш рет Шығыс Тимордан Олимпиадаға қатысты. Гонсалвеш Олимпиадаға жалғыз қатысуды әдетке айналдырған спортшы. 27 жастағы шаңғышы Шығыс Тимордың атынан осымен үшінші Олимпиа ойындарына қатысты. Үшеуінде де елдің туын ұстап шықты. Сочиде өткен Олимпиада ойындарынан кейін ол «Тимор жастарының елшісі» атанды. «Менің басты мақсатым – әлемдік жарыстарда Тиморды дүниежүзіне таныту, – дейді Гонсалвеш. 2014 жылдан бері қар жаумаған осы кішкентай, экзотикалық аралдан шыққан шаңғышы Гутт Гонсалвеш жаттығуларын шет мемлекеттерде өткізеді.Эритреялық Шэннон Абеда
Әлемдік додаларда ел намысын жалғыз қорғайтын тағы бір шаңғышы бар. Ол – 25 жастағы эритреялық Шэннон Абеда. Канадада дүниеге келген Шеннон шаңғы тебуді үш жасында үйренді. Оның отбасы ұлын Visa Ridge тау шаңғысы курортына жиі әкеліп тұрған. Сол жерде Абед спорт мектебіне оқуға қабылданды. Бала күнінде ол Олимпиадаға қатысуды армандаған. 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына дайындық кезінде Шеннон бірнеше рет жарақат алды. 2016 жылы ол жіліншігін сындырды. Ал 2017 жылы жаттығу кезінде жақ сүйегі сынып, екі тісінен айрылды. Қайсар Шеннон Олимпиада ойындарына дейін қайта қалпына келіп, Эритрея елінің атынан сынға түсті. Үлкен слалом сайысында ол 61-орын алғаннан кейін спорттық мансабын аяқтаған. Бірақ пандемия кезінде ол 2022 жылы Бейжіңде өнер көрсету үшін үлкен спортқа қайта келді. Абед 2026 жылы да Олимпиа ойындарына да қатысуды армандайды.Бобслейші Браун
29 жастағы Аксель Браун Англияда дүниеге келген. Әкесі – ағылшын, шешесі – Тринидад және Тобаго өкілі. 2021 жылға дейін бобслейден Англияның намысын қорғап келген. Қос азаматтығы бар Аксель Браун Бейжіңде Тринидад және Тобаго атынан қатысып жатқан тарихтағы алғашқы спортшы атанды. 29 жастағы Браун бұған дейін бірнеше спорт түрімен айналысқан. Аксельдің алғашқы хоббиі таэквондо және америкалық футбол болды. Жекпе-жек өнерінде ол АҚШ ұлттық чемпионаттарында күміс және қола жүлдегер атанды, ал футболда 18 жасқа дейінгі құрама мен Колорадо штатына қарайтын «Рамс» командасында ойнады. Көп өтпей ол бобслейге ауысты. Онда Браун Ұлыбритания командасына жол тартты. Спортшы 2021 жылы Тринидад азаматтығын алып, бір жылдан соң Бейжің Олимпиадасына келіп отыр. Жалпы айтқанда, Бейжіңде тропикалық аймақтан келген өзге де спортшылар жетерлік. Олардың қай-қайсысының да жүлделі орындарға таласуы екіталай. Дегенмен аталған спортшылар өздерінің шағын мемлекеттерін бүкіл әлемге танытуға атсалысып жүргенін ерекше атап өткен жөн.