Былтыр қараша айының басында Ресей Украинаға шекаралас аймақтарға өзінің түрлі қарулы күшін шоғырландыра бастағаны белгілі болды. Батыс елдерінің барлау қызметтері оны ғарыштан түсірілген фотосуреттермен дәлелдеді. Осы кезден бастап Ресей Украинаға басып кіруі мүмкін деген болжамдар айтыла бастады. Өз кезегінде Кремль мұны өз территориямыздағы жаттығу деп мәлімдеді. Сонымен, Мәскеу мұндай қадамға неге барды: бұл кезекті саяси сауданың амалы ма, әлде жаңа соғыстың бастамасы ма? Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап, Донбаста соғыс өртін тұтатқалы бері Украинаға тыныштық берген емес. Бұл елдің бұрынғы, қазіргі президенттері соғысты тоқтатуға талай уәде берді. Дегенмен жыл сайын жанжал жаңа деңгейге шығады. Киев те қарап отырған жоқ. Алыс-жақын елдерден Bayraktar сияқты қару-жарақ алып, күш-қуатын арттырды. Бірақ Украинаның НАТО-ға мүшелікке ұмтылысы Кремльдің ұйқысын төрт бөлген секілді. Себебі аталған жоспар жүзеге асса, онда ұйымның келісімшартына сай, АҚШ өз әскерін Украина жеріне жайғастыра алады. Геосаяси процесс дәл осы бағытта өрбіп бара жатқаны Ресей президенті В.Путинге ұнамағаны анық. Ол Украинаның НАТО-ға мүше болуына кедергі жасау үшін қандай да бір шараларды қабылдауға тырысты. АҚШ президенті Дж.Байденмен онлайн кездесу де жемісті болмағанға ұқсайды. Еуропа елдерінің басшыларымен болған диалог та нәтиже бермеді. Осыдан кейін Ресей басшысы нақты шешім қабылдаған секілді. Аталған кездесулер неге нәтиже бермеді? Мәселе – Ресейдің ұсынысында. Ал Ресей не ұсынды? НАТО шығыс бағытқа қарай кеңею процесін тоқтатуы тиіс, КСРО құрамында болған мемлекеттер НАТО құрамына мүше болмауы қажет (Украина, Грузия), тараптар Ресей мен АҚШ-қа шабуыл жасау үшін басқа елдердің территориясын пайдаланбауы қажет, АҚШ КСРО құрамында болған елдердің аумағында әскери база салмауы керек, басқа елдердің территориясында қару-жарақ, әскерді жайғастырудан бас тарту саясатын ұстану қажет. Сырттай қарасаңыз, бұл есесі кетіп бара жатқан мемлекеттің ұсынысы. Бұл ұсыныс арқылы Ресей НАТО-ның кеңейіп, ірі ұйымға айналғанын, енді оның құрамына бұған дейін Кремль ықпалында болған тәуелсіз мемлекеттердің «натолық ел» атануынан қорқатынын, сол үшін аталған процесті тоқтату үшін қолынан келгенді жасауға даяр екенін көруге болады. Яғни, Ресей шарасыз қалды. Сол үшін дипломатиялық келіссөздер арқылы өз дегеніне жеткісі келеді. Бірақ өзге елдердің қандай да бір ұйымға мүше болатынын шешуге, ықпал етуге Ресейдің ешбір құқығы жоқ екенін мойындағысы да, түсінгісі де келмейді. Тек өзінің геосаяси мүдделерін алға тартады. Себебі КСРО құрамында болған Эстония, Латвия, Литва 2004 жылы НАТО-ға жаңа мүше атанғанда Мәскеудің қолынан түк келмеді. Осы жағдайдың қайталануынан сескеніп отырғандай. Ресей дипломатия арқылы мақсатына жете алмайтынына көзі жеткен соң Украинамен шекараласатын облыстарына әскерін жеткізуді жалғастыра берді. Әлеуметтік желілерде теміржол арқылы әскери техниканы тасымалдап жатқан видеолар тез тарап кетті. 17 ақпан күні Ресей шекара бойына тағы 7 мың сарбазды жеткізгені мәлім болды. Алайда ресейлік медиа «әскери жаттығу жұмыстарын аяқтап, кері қайтты» деп жаза бастады. Украина, Батыс елдері оған сенбеді. Себебі барлау деректері басқа. Жалпы, НАТО мүшелері біраз жылдардан бері Киевке ауыр әскери техникамен қаруландырып келеді. Тек биыл қаңтар айында АҚШ Украинаға салмағы 170 тонна болатын 2,7 млрд доллардың қаруын берді. Ал жалпы Уашингтон Қырым аннексиясынан, яғни 2014 жылдан бері бірнеше рет қару жеткізді. Бұдан басқа Балтық елдері де көмек көрсетті: Эстония танкке қарсы «Джавелин» зымыран кешенін, Латвия мен Литва «Стингер» зениттік-зымыран кешенін аттандырды. Қос қару да АҚШ-та өндіріледі. Америка мен Британия ақпан айында Киевке «Джавелин», NLAW (2 мың дана) зымырандарын тағы жіберді. Жалпы, жалғыз Уашингтон 1 300 тонна қару беріпті. Польша да көмек көрсетуден сырт қалмады. Бұл ел GROM зениттік-зымыран кешенін жеткізді. Түркия да өз армиясының ең үлкен мақтаныштарының бірі Bayraktar TB2 дронымен де бөлісті. Украина оның 20 данасын сатып алды. Сондай-ақ Bayraktar өндірісінің лицензиясын да иеленді. Сөйтіп, былтыр күзде бұл дронның күшімен ел шығысындағы сепаратистердің біраз қаруын жойды. Бұдан бөлек, Франция, Чехия, Канада қаруын берді. Сондай-ақ Канада 117 млн доллар несие беруге келісті. Мұндай орасан көмекке қарап, НАТО елдері Украинаны Ресейден қалай қорғап қалғысы келгенін көруге болады? Әрине, олар да украин халқына жаны ашып, емешегі езіліп отырмаған болар. НАТО-ның бірден-бір мақсаты – Ресейдің ықпалын шектеп, басын ноқталау. Өйткені қалай десек те, Украина Еуропада жайғасқан мемлекет. Ал егер Ресей бұл елге әскерін кіргізіп, жерінің жартысын жаулайтын болса, онда Батыс елдеріне біртабан жақындай түседі деген сөз. Ал өз кезегінде бұл Батыс және Шығыс Еуропаның қауіпсіздігіне тікелей қатер. Осы себепті жаудың бетін алыстан қайтару үшін Украинаға қаруын жеткізіп жатқан шығар. Яғни, бүгінде Украина Еуропа үшін тосқауыл, буферлік аймақ рөлін атқарып тұр. Болуы мүмкін соғыстың алдын алу үшін Еуропа елдерінің басшылары Ресей президенті В.Путин және Украина президенті В.Зеленскиймен кездесті. Алдымен Ұлыбритания премьер-министрі Б.Джонсон келсе, кейін Франция президенті Э.Макрон ат басын бұрды. Ал жақында ғана Германияның жаңа канцлері Олаф Шольц кездесуге келді. Алайда бұл кездесулер өз жемісін берді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Бірақ қос тарап та әлі өз ұстанымынан қайтқан жоқ. Келіссөздер арқылы мақсатына жете алмаған Ресей ашық шабуылға шыға ма? Өзінің тұрақты әскерін Украина территориясына кіргізе ме? Бұл сұрақ бүгінде біраз ел басшыларын, украин халқын мазалайтыны белгілі. Оның жауабын табу қиын емес шығар. Себебі Ресей шекара бойына әскер шоғырландыруды саяси саудадағы ықпал ету тетігі ретінде қолданып отыр деген ой жиі айтылып жүр. Расында, Ресей басшылығы бұған дейін де шекара аймағына сарбаздарын сан рет аттандырды. Алайда ашық оккупацияға көшкен жоқ. Сондықтан бұл жолы да В.Путин өз армиясын көршісі мен Еуропаны үркіту үшін қолданып отыр деген пікір қалыптасты. Жалпы, даудың басы Украина НАТО-ға мүше бола ма деген мәселеден шығып отыр. Бұған дейін ұйымның жарғысына сәйкес, кандидат елде территориялық жанжал болса, ол мемлекет әскери блокқа мүше бола алмайды деген ұғым қалыптасқан. Себебі жарғыда мұндай тарау бар. Алайда практикада НАТО мұндай мәселеге көз жұма қарайтыны мәлім. Себебі барлық мүше елдердің шекарасы толық шегенделмеген. Дегенмен Украина Қырымнан айырылып, Донбасс үшін соғысып жатқанда Батыс Еуропа бұл елді әскери блокқа қабылдай қоюы екіталай шығар. Өйткені Украинаның НАТО-ға мүшелігі Қырым, Донбасс мәселесі ертең 30 елге ортақ дауға айналады деген сөз. Ал еуропалықтар сау басына сақина тілеп алғысы келмесі анық.