Ақтөбе облысында мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері әр сейсенбі сайын журналистердің сұрағына жауап беретін болды. Мұндай жұмысты облыс әкімі Оңдасын Оразалин жүктеді. «Біріншіден, халықпен кері байланыс орнату, азаматтардың сұранысына жедел ден қою, шынайы ақпарат беру қажет. Жауаптар нақты және түсінікті болуы керек. Сонымен қатар, Сізге жолданған мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек. Бұл жұмыстар бұрын да жүргізілген, бірақ мен оны тағы да күшейту қажет деп санаймын», - деді өңір басшысы жедел кеңесте. Алғашқы жиын 1 наурызда болды. Жиынға 15 басқарманың басшысы қатысты. Онда қысқы спорт түрлерін дамыту, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, жол жөндеу, қаланы дамыту жоспары және тағы басқа 40-тан астам мәселе айтылды. Облыс әкімінің орынбасарлары мен облыс басшысы да кездесуге спикер ретінде қатысуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар журналистер мен блогерлер кез келген сұрақты қоя алатынын жеткізді.