Ваагн Хачатрян Армения Республикасының президенті болып сайланды. Ол президенттікке жалғыз кандидат болды. Дауыс берудің бірінші кезеңінде елдегі оппозиция сайлауға қатысудан бас тартқандықтан, Хачатрян тиісті дауыс санын жинай алмады. Ол бірінші кезеңде сайлану үшін қажет болған 81 дауыстың 69 дауысын ғана жинады. Екінші кезеңде Армения президенті 65 дауыспен сайланды. Бұған дейін Хачатрян 1992-1996 жылдары Ереван қаласының мэрі, 2019-2021 жылдары Президент кеңесшісі, 2021 жылдың тамызынан бері Жоғары технологиялық индустрия министрі болды. Бұған дейін Армения парламенті 23 қаңтарда экс-президент Армен Саркисянның отставкаға кету туралы өтінішін мақұлдаған еді. Конституцияға сәйкес, жаңа президент қызметіне кіріскенге дейін оның міндетін парламент төрағасы Ален Симонян атқарады.