Ақтауда World Business Consulting қаржы пирамидасы анықталды. Олар 5 жыл бойы азаматтардан жарна алып, сыйақы беріледі деп алдап келген. Бұл туралы ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Компания директоры Жеміс Жүгінбаева қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды. «Қаржы пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша World Business Consulting компаниясына қатысты қылмыстық тергеу басталды. Олар 2018-2022 жылдар аралығында тұрақты сыйақы беруге уәде беріп, қарапайым азаматтардан жарна алған», – делінген ҚР ҚМА хабарламасында. Компанияның заңды түрде кәсіпкерлік қызметтен тұрақты табысы болмаған. Кейбіріне берілген сыйақы өзге азаматтардың құйған жарнасы есебінен төленген. Былтыр аталған қаржы пирамидасының Алматыдағы жұмысы тоқтатылған еді. World Business Consulting компаниясының салымшысы болған азаматтар болса, Маңғыстау облысы бойынша ҚМА департаментінің +7 7292 40 36 59, 8-706-419-76-79 нөмірлеріне хабарласуына болады.