Алматы қаласында Халықаралық Түркі академиясы «Ұлылар үндестігі» атты халықаралық конференция өткізді. Аталған шара ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл, заңғар жазушы М.Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Тағылымды іс-шара аясында Алаш қайраткерлері А.Байтұрсынұлы және М.Әуезовке арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Басқосуды академия басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Алқалы жиын аясында қос бірдей тұрғырлы тұлғаның мерейтойына орай Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп, жарыққа шығарған бірқатар еңбектің таныстыру рәсімі өтті. Сонымен қатар келелі басқосу аясында Алаш мұраларын зерттеп жүрген бірқатар ғалым-қайраткер Түркі академиясының арнайы наградаларымен марапатталды. Түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын дамытуға қосқан зор үлесі үшін академик Мәмбет Қойгелдиев академияның арнайы алтын медалімен, белгілі әдебиетші ғалым Кенжехан Матыжанов Түркі академиясының күміс медалімен марапатталды.