Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығынан өткен бір тәулікте қар құрсауында 91 адам қалған. Оның ішінде 14 бала бар.
Кеше сағат 01.23-те Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр ауданында айналма жолда құтқарушылар қар құрсауында қалған жеңіл автокөліктен 7 адамды, оның ішінде 2 баланы астанаға жеткізді. Арқалық қаласында, Амангелді және Әулиекөл аудандарында қар құрсауында қалған автомобильдерден 32 адамды, оның ішінде 5 баланы жақын маңдағы елдімекендерге жеткізді. Кеше сағат 14.30-да Қарқаралы ауданында «Қарағанды – Аягөз-Бұғаз» автожолының 207 шақырымында, Қарқаралы қаласынан 7 шақырым жерде құтқарушылар қар құрсауында қалып қойған Тоyоtа Carina автокөлігінен 4 адамды құтқарып, Қарқаралы қаласына жеткізді. Түнгі 22:10-да Ақтоғай ауданында «Ақой-Ақтоғай-Балқаш» автожолының 160-шақырымында, құтқарушылар мен «Берер» ЖШС қызметкерлері қардан тазалаған учаскеге 16 жеңіл автокөлік шығарылды. Салонда 48 адам, оның ішінде 7 бала болды. Бүгін сағат 13.30-да Амангелді ауданында Амантоғай ауылынан 15 шақырым жерде облыстық маңызы бар автожолда Қостанай облысы ТЖД мен жергілікті атқарушы органның күштерімен автожолдың тазартылған учаскесіне 4 жеңіл көлік сүйреп шығарылды. Автокөліктерде 19 адам, оның ішінде 2 бала болған. Қазіргі уақытта боранға байланысты елімізде автожолдардың 46 учаскесінде, оның ішінде 26 республикалық (Нұр-Сұлтан қ. – 6, Ақмола – 12, Қарағанды – 3, Қостанай – 1 және Павлодар - 4) және 20 облыстық маңызы бар (Ақмола – 14 және Қостанай - 6) автожолдар жабық. Қазіргі уақытта жолдарда республикалық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Осындай штабтар өңірлерде де қызмет атқаруда. Облыстық жедел штабтардың ақпараты бойынша блок-бекеттерде 915 бірлік техника тұр. Оның ішінде 780 бірлік жеңіл және 133 бірлік жүк автокөліктер (Ақмола – 650 бірлік, оның ішінде 562 бірлік жеңіл және 88 бірлік жүк, Қарағанды – 85 бірлік, оның ішінде 70 жеңіл және 15 бірлік жүк, Павлодар 180 бірлік, оның ішінде 150 бірлік жеңіл және 30 бірлік жүк).«Дәрмен» мобильді қосымшасы арқылы жолдардың жабылуы туралы толыққанды мәлімет алуға болады.