Трансұлттық топтың құрамында контрабанда жасағаны үшін 14 жылға сотталған Есбол Жапбасовқа қылмыстық іс қозғауына жылқы себеп болған екен. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Қырғызстан парламентінің депутаты Дамирбек Асылбек уулу мен қазақстандық кәсіпкер Есбол Жапбасов Қытайдан Қазақстан мен Қырғызстанға контрабандалық жолмен тауар тасымалдайтын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында іс 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың сәуіріне дейін қаралды. Іс бойынша 12 күдікті тергелді. Сөйтіп, Есбол Жапбасов 2019 жылдың 24 сәуірінде мерзімін қатаң режимдегі колонияда өтеумен 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Orda.kz хабарлады. Сотталған Есбол Жапбасовтың туысы Әділхан Шынтасов мәселе Алматы облысы Беріктас ауылында өткен бәйгеде бірінші келген "Сәуле" атты сәйгүліктен басталған дейді. Тұлпарды белгілі меценат Болат Назарбаев ұнатып қалып, оны алдыруға талпынған. Алайда иесі бермейтінін мәлімдеген соң ҰҚК арқылы ебін тауып Есбол Жапбасовты түрмеге қамаған. – Беріктас ауылындағы үлкен бәйгені елге белгілі жылқы өсіруші (Болат Назарбаев болса керек – ред. ескерт.) ұйымдастырған болатын. Сол бәйгеде Есболдың тұлпарлары бірінші келді. Сөйтіп, еншісіне екі көлікті олжалады. Соның ішінде көзге түскені Самал атты сәйгүлік еді. Тіпті, мәреге жеткен тұлпарды Алматы облысы Талғар ауданының сол кездегі әкімі Жолан Омаров пен Болат Назарбаев күтіп алған. Содан Есболды жеңісімен құттықтап, әңгіме барысында әкім Болат Назарбаевқа жылқыны сыйға тартуды ұсынған. Бірақ Есбол оған келіспеді. Артынан Омаров атқораға келіп, Есболмен тағы сөйлесіп, сәйгүлікті алмақ болған. Егер бермесе, басына бәле болатынын да ескерткен екен, – дейді Әділхан Шынтасов. Сәйгүлік – асылтұқымды ахалтеке жылқысы Абсенттің ұрпағы. Ал Самал арабтың таза және ағылшын текті тұқымдарынан дүниеге келген. Осының арқасында 1960 жылы атқамінер Сергей Филатов КСРО-ның біріншілігін жеңіп алған болатын. Бүгінде де сәйгүлік 51 шақырымдық бәйгелердің жеңімпазы.
Есбол контрабандамен айналысты ма?
Айтуынша, осыдан кейін Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Жамбыл облысының Қордай ауданына келіп, жергілікті жұртты сұрақ астына алып, Есболдың өмірін қазбалай бастаған. – Оның қол астында бір әйел жұмыс істейтін. Соның баласы бір кездері келеңсіз жағдайға түскенде қажетті 3 мың долларды қарызға берген еді. Соны ҰҚК қызметкерлері бұл істің өңін айналдырып, өздерінің арам ойларына пайдаланды. Нәтижесінде, Есболға пара беріп, әйелді күштеп ұстады деген айып тағылды. Бейшара әйел баласының амандығы үшін Есболдың үстінен арызданды. Өйтпесе, ұлы түрмеге түсер еді. Осыдан кейін Есбол іс-түссіз жоғалып кетті. Тек екі жұмадан кейін оның Қауіпсіздік қызметкерлерінің қамауда ұстап отырғанын білдік. Ол жақтан шығады деп отырғанда кенеттен Есболдың үйінен қару табылып, істі болып кетті, – дейді ол. Ал Есболдың інісінің айтуынша, ағасы контрабандамен айналысқан емес, оның бәрін ұйымдастарған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері.Қылмысты ұйымдастарған ҰҚК ме?
– ҰҚК қызметкерлері Қытайдан келетін тауарларды өздері қаржыландырды, өнімі де жеткізілетін, қырғыздың депутатымен кездесу ұйымдастырған да солар. Мұның өзі қылмыс емес пе? Оның үстіне «Қарасу» бекетінде контрабандалық тауар әкелді деген күні 10-ға жуық түрлі қызметкер жұмыс істеді, соның бірде-бір жауапқа тартылмады. Оның үстіне Қазақстанның Қырғызстанмен кедендік шекарасы жоқ еді. Ағамның сатқан тауарлары Қытайдан Қырғызстанға әкелінген, ол жерде кеденнен өткен, барлық тиісті құжаттары да бар. Содан кейін өнім Қазақстанға тасымалданды, – деді Есім Жапбасов. Оның сөзінше, апелляциялық сотта судья біздің дерегімізді қолдап, сотқа дейінгі тергеу жүргізуді тапсырған. Бірақ бұл шешім ҰҚК-іне ұнамады. Содан соттың құрамын өзгертіп жіберген. Сөйтіп олар Қылмыстық іс жүргізу кодексін бұзды деген шешім шығарған. Осы заңсыздықтың бәрін ұйымдастырған – ҰҚК бесінші басқармасының бастығы Руслан Ысқақов. «Ол ағама қайта-қайта келіп жүріп, қорқытып, Есбол танымайтын адамдарға да кінәсін мойындатуға мәжбүрлеген» дейді Есім Жапбасов. – Қазір Есболдың ісімен заңгер Айман Омарова айналысып жатыр. Ал осы жанжалдың себепкері болған Самал қолымда. Есбол түрмеге түскен соң шығын көбейді. Салдарынан біраз асылтұқымды сәйгүліктерді саттым. Самалды ағам қатты жақсы көреді. Сондықтан оны көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін, – деді ол.