Азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыру мақсатында өңірдегі 5 ірі кәсіпорында «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмелері ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзінде азаматтарды көшпелі қабылдауды жиі өткізу, шалғайдағы ауылдардың тұрғындарымен кездесу, ірі бастауыш партия ұйымдарының базасында қоғамдық қабылдаулар ашу, әлеуметтік желілерде белсенді болу қажет екендігін айтқан болатын. Бастауыш партия ұйымдары – партияның негізі. Қазақстан бойынша «AMANAT» партиясының БПҰ саны 4,5 мыңнан асады. Ақмола облысында 274 бастауыш партия ұйымы бар. «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ақманат Әлімбетованың айтуынша, қабылдау бөлмесі жұмысшылар саны 1,5 мыңға жуық Көкшетаудағы алып кәсіпорынның бірі – «Асыл арман» серіктестігінде де жұмысын бастады. Олардың арыз-шағымдарына белгіленген кесте бойынша облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері барып жауап беретін болды. Мысалы, жұмсақ биг-бег қаптарын шығаратын цехта ауысым шебері болып қызмет ететін Евгений Исаенко таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыста. Сондықтан оның жеке мәселесі бойынша туындайтын түйткілдерді шешуге уақыты бола бермейді. Ол жасынан жетім өскендігіне байланысты мемлекет қорынан берілетін баспана кезегінде тұр. Ал пәтер кезегінің қалай жүріп жатқанынан бейхабар. Бүгін міне, зауытта «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылғанын естіп, баспана кілтіне қашан ие болатынын, яғни кезектің қалай жылжып жатқанын білу мақсатында келіп, өзін қызықтырған сауалына жауап алды. Пәтерлерінде температураның төмендеп кеткенін, краннан аққан судың сапасыздығын алға тартып арызданғандар, жолдардың қашан жөнделетінін, жылу электр орталығының қашан салынатынын білгісі келгендер де партияның қабылдау бөлмесіне жазылды. Жалпы, зауыттың 15 шақты жұмыскерінің өтініш-тілектері тыңдалып, жазып алынды. Олардың барлығы партиялық бақылауға алынады. «Ірі кәсіпорындарда қабылдау бөлмесін ашудағы басты мақсат – азаматтармен кері байланысты күшейту болғандықтан қабылдауға облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен облыстық қабылдау бөлмесінің жетекшісі, партияның Көкшетау қалалық филиалының атқарушы хатшысы және қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім және денсаулық сақтау бөлімдерінің жетекшілері мен мамандары қатысты»,– деді Ақманат Әлімбетова. Енді «Асыл арман» зауытындағы партияның қабылдау бөлмесі тұрақты жұмыс істейтін болады. Бұған дейін партияның қабылдау бөлмелері Целиноград ауданы Ақмол ауылындағы CAPITAL PROJECTS LTD серіктестігінің құс фабрикасында, Атбасар ауданындағы Атбасар электровоз жөндеу зауытында және Көкшетаудағы «Тыныс», Степногорск қаласының «Степногорск ЕПК» подшипник зауытында ашылған. Халыққа жақын болудың бір амалы – жұмысшыларды толғандырған мәселелерді білу әрі оның оң шешілуіне ықпал ету. Бүгінге дейін кәсіпорындардағы партияның қабылдауларына барлығы 60-қа жуық жұмысшы жазылып, өтініш-тілектерін жеткізді. Барлығы партиялық бақылауға алынатын болады.