Былтыр жарты миллиондай адам толық емес жұмыс режимінде қызмет етіпті. Биыл бұл сан өсуі мүмкін. Себебі посткеңестік кеңістіктегі алапат геосаяси дауыл, қан-қасап әскери жанжал және тегеурінді санкциялық қыспақ аясында жеткізілімдер тізбегі бұзылды. Салдарынан отандық біраз кәсіпорын шикізаттан, өнім өндіруге қажетті компоненттерден тарыға бастады. Зауыттардың кейбірі тоқтаған. Басқа кәсіпорындар бұған жол бермеу үшін 4 күндік жұмыс аптасына көшуді қарастырмақ. Парламент те тиісті халықаралық құжатты қабылдады.
4 күндік жұмыс аптасы заңдастырылған
Қазақстан әрдайым бейбітшілікке жақ. Бұл саясаттың дұрыстығын өмір көрсетіп отыр. Өйткені мемлекеттер арасында қарулы қақтығыс басталғанда, адам құқықтары мен бостандығын қорғау, адами капиталды дамыту, әлеуметті қолдау жайына қалады, экономика күйрейді. Соғыстың зиян-залалы, кесір-кесапаты өзге елдерге де тиеді. Шаруа қожалығының егесі Дамир Елтаев «Қостанай трактор зауытынан» «Кировец» маркалы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алыпты. «Біз зауыт пен санкциялардан бұрын, биылғы қаңтарда келісім бекіттік. Оның үстіне, бұл – отандық өнім. Келісімге сәйкес, трактордың құны 64,8 миллион теңге болып белгіленді. Енді техника қолыма тиетін кезде, кәсіпорын өнімнің бағасы 86 миллион теңгеге дейін қымбаттағаны туралы құлағдар етті. Өйткені оған құрауыш бөлшектерді жеткізетін Ресейдегі зауыт бағаны өсіріп жіберіпті. Бұл техниканы отандық деп дәріптейтіні қайда? Неге бірден 35%-ға қымбаттайды? Онда отандық болмағаны, шетелге тәуелді болғаны ғой. Фермерлерге қазір көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу қажет, қосымша миллиондарды қайдан табамыз?!», – деп қамығады шаруа. Мұндай жағдай көптеген салада байқалады. Ал Ресейге қарсы санкциялардың жақында жойылмайтынын ескерсек, оның салқыны Қазақстан экономикасының бойын мұздата беретінге ұқсайды. Ұлы мұхиттарға, көк теңіздерге шығатын жолы жоқ, құрлықта қысылған Қазақстан үшін көптеген өнім, технология, техника, құрауыш-бөлшек алыс шетелден Ресей аумағы арқылы әкелінетін. Қазір Ресейдің санкция күшімен жан-жақтан қамалып, оқшауланған жайы бар. Үкімет Ресейді айналып өтетін көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, Қазақстанның төл транзиттік-көлік әлеуетін ары қарай арттыру бойынша шаралар қабылдауға кірісті. Бұған біраз уақыт керек. Әр салаға тарамдалып, тереңдей түскен дағдарыс жағдайында толық қуатында жұмыс істей алмай, өндірісін азайтуға мәжбүр компаниялардың HR қызметтері 4 күндік жұмысқа ауысу жайын пысықтап жатыр. Бұл персоналды қысқартуға балама болады. Әрі әкімшілік шығындарды азайтудың бір амалы. Өйткені жалақы жұмыс күнінің санына қарай төленетіні мәлім. Аптадағы жұмыс күні азайса, жалақы қоры да кемиді. Бұл мәселені белгілі кәсіпкер Жансая Үсенова көтеріп, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сұрақ қойды. «Бүгінде әлем 4 күндік жұмыс аптасы режиміне көшу мәселесін қарастырып жатыр. Оның аясында жұмыскерлерге 3 демалыс күні беріледі, бұлар – сенбі, жексенбі және компанияның таңдауына қарай аптадағы кез келген 1 күн. Бұл ретте жұмыс беруші қазіргі 8 сағаттық жұмыс күнін 9-10 сағатқа дейін ұзарта ала ма? Сонда заңда көзделген аптасына 40 сағаттық жұмыс режимі сақталады. Қазақстанда осы режимді енгізуге бола ма? Бұл заңға қайшы емес пе?» – деп сұрады ол. Жұмыс берушілерді қызықтырған сұраққа Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов жауап қатты. Ол Еңбек кодексінің 70-бабында «Толық емес жұмыс уақыты» қарастырылғанына назар аудартты. Яғни, бұл режим заңдастырылған. «Оған сәйкес, еңбек шартын жасасқан кезде, сондай-ақ еңбек қатынастары процесінің барысында жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы жазбаша келісім бойынша толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін. Яғни, Қазақстанда өзара келісу арқылы аптадағы жұмыс күндерін қысқартуға заңмен рұқсат етілген. Осыған байланысты еңбек қатынасының тараптары 4 күндік жұмыс аптасын бекітуді өзара келісім арқылы шешеді», – деді министр. Ал Еңбек кодексіндегі 8 сағаттық жұмыс күні көбіне сақталмайтыны, одан артық еңбек еткендерге тиісті үстемеақысы төлене бермейтіні құпия емес. Дегенмен министрдің айтуынша, 9-10 сағаттық бейресми режимді заңдастыруға жол берілмейді: «Еңбек кодексінің 71-бабында жұмыс режимі нақты бекітілген. Осы баптың 4-бөліміне сәйкес, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аса алмайды. Осылайша, 9-10 сағаттық күн сайынғы жұмыс ұзақтығын бекітуге рұқсат етілмейді», – деді министр.Жаңа режимдегілердің құқығы қорғалады
Мұның сыртында Қазақстан «Толық емес жұмыс уақыты жағдайларындағы жұмыс туралы конвенцияға» қосылды. Өткен бейсенбіде, 31 наурызда ел Парламенті осы конвенцияны қабылдап, ел Президентінің қол қоюына жолдады. – Конвенция толық емес жұмыс уақытымен істейтін қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін толық жұмыс уақытында қызмет ететіндермен бірдей көлемде қорғауды қарастырады және осы мәселелерді реттейді. Құжат бұл еңбеккерлердің ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығын, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды, ананың құқығын қорғауды, жыл сайынғы ақылы демалыс беруді, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеуді көздейді, – деп хабарлады Серік Шәпкенов. Осы конвенция қызметкерлер мен кәсіпорындардың жекелеген санаттарын қоспағанда, экономикалық қызметтің барлық саласына қолданылады. Құжат тек денсаулық сақтау мекемелері, құқық қорғау органдары секілді белгілі бір салаларда ғана жұмыс берушілерге толық емес жұмыс режимін енгізбеуге рұқсат етеді. – Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 2021 жылдың 4-тоқсанының қорытындысында, әртүрлі салада 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеді. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз уақыт еңбек еткен. Көпшілігі ауыл шаруашылығы, білім беру және өнеркәсіп секторында істеді. Конвенцияға сәйкес, толық емес жұмыс уақытында істейтін қызметкерлердің негізгі жалақысы сол әдістермен есептелетін толық жұмыс уақытындағы қызметкерлердің негізгі жалақысынан кем болмауы тиіс. Яғни, жалақы да, еңбек демалысы да екеуіне бірдей әдіспен есептеледі, бірақ жалақы көлемі олардың жұмысқа қатысқан сағатына немесе күніне байланысты болады,– деді Серік Шәпкенов. Сондай-ақ Конвенцияда толық емес жұмыс уақытында істейтін қызметкерлерге арналған әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері толық жұмыс уақытындағы қызметкерлерге ұқсас болуы керек деп көрсетілген. Бұл шарттар жұмыс уақытының ұзақтығына, жарналарға немесе кірістерге қарай, пропорционалды түрде анықталуы мүмкін. Еңбекмині енді осы нормалардың елде қалай іске асырылып жатқанына талдау жүргізетінін мәлімдеді: «Талдау барысында кәсіподақтармен және жұмыс берушілермен бірлесе отырып, жұмысшылардың құқығын кепілдендіру, жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. Қажеттілік туындаса, заңнамаларға өзгерістер енгізіледі. Біздің министрлікте ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысты арнайы бағдарлама бар, сол арқылы зерттеулер жүргіземіз. Ертеңгі күні осы заң құқықтық тәжірибеде қалай қолданылып жатыр, осыған талдау жүргіземіз». Толық емес жұмыс режиміне көшірілгендердің де еңбекке жарамсыздық парақтарын, еңбек заңнамасында көзделген өзге әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктерді алуы сияқты құқықтары қорғалады. Бұған қоса, осы режимдегілер, мысалы еңбек демалысына шықса, оларға да толық режимдегідей, кемі 24 күн еңбек демалысы толығымен бекітіліпті.Үлгісі – еуропалық, мақсаты – отандық
Айтқандай, 2021 жылғы 16 қарашада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Президент Қ.Тоқаев әйел адам декреттік демалысқа шықса, кәсіби дағдысы мен біліктілігін жоғалтатынын, салдарынан еңбек нарығында әйелдердің бәсекеге қабілеті төмендейтінін айта келе, Үкіметке оларға ерекше еңбек жағдайын жасауды тапсырған. Жалғызбасты ата-аналардың қашықтан және қысқартылған режимде жұмыс істеу құқығын заң жүзінде қарастыруды жүктеген-тін. Еңбек министрі С.Шәпкеновтің айтуынша, енді жүкті әйелдер мен 3 жасқа дейінгі баласы бар ата-аналардың біреуіне өз ұсынысы бойынша толық емес жұмыс режиміне ауысуға мүмкіндік беріледі: «Мысалы, жүкті әйел немесе 3 жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың біреуі арыз берсе, оны жұмыс беруші міндетті түрде қабылдауы керек. Біз осындай нормаларды қарастырдық». Жасыратыны жоқ, қысқартылған жұмыс аптасына көшу көптеген кәсіпорында жалақының азаюына соқтыруы мүмкін. Мәжіліс депутаты Бекқали Торғаев бұл ереуілдердің қайта ушығуына соқтыруы ықтимал дейді: «Елде өткен жылдары жалақыны көтеруді және еңбек жағдайларын жақсартуды талап ететін жұмыскерлердің ереуілдері жиілеп кетті. Әрине, бұл жақсылықтың белгісі емес. Депутаттар өңірлерде кездесу өткізгенде, халық азық-түлік бағасының өскенін, ал жалақының өспегенін айтып, жиі шағымданады. Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайтынын айтып, жағдайды дереу өзгерту керегін мәлімдеді. Алайда өз құқықтарын қорғаған жұмысшылармен мәмілеге келудің орнына, кейбір жұмыс беруші әртүрлі қысым көрсетіп, жұмыстан шығуына мәжбүр етеді. Соның салдарынан жаңа ереуілдер де болады», – дейді ол. Сонымен бірге 4 күндік жұмыс кейбір адамға қосымша табыс табуға мүмкіндік береді екен. Сүт өнімдері зауытының жұмысшысы Владимир Орловский қаптаманың жетіспеуі, аз жеткізілуі кесірінен кәсіпорын персоналы үшін жұмыс күндерін азайтқанын айтады: «Қол боста такси қызметін көрсетіп, табыс табамын. Бұған дейін жұмысқа барар және қайтар жолда адамдарды таситынмын. Енді толық екі күнді осы кәсібіме арнай аламын. Негізгі қызметімде айына 24 жұмыс күні бар деп есептегенде, бір жұмыс күні 12,5 мың теңгеге бағаланады. Ал такси кәсібінен нәпақа табу кейде бұдан 2-3 есе көп табуға да болады», – дейді ол. Еуропа 4 күндік жұмыс күніне көшуді 2021 жылы сынақтан өткізді. Дамушы елдерден айырмашылығы сол, озық елдерде аптадағы жұмыс күндерінің азаюы жалақының кемуіне соқтырмайды, сол қалпы сақталады. Өйткені оның мақсаты – әкімшілік шығынды үнемдеу емес, азаматтардың әлеуметтік көңіл күйін көтеру, психологиялық жағдайын жақсарту. Би-Би-Сидің хабарлауынша, сынақ тамаша нәтиже көрсеткен: сарапшылар қауіп қылғандай, еңбек өнімділігі төмендемеген, сондай-ақ қызметкерлер басы артық жұмысбастылық жүктемесінен арылып, жеке істері мен күтіміне, отбасына көбірек көңіл бөліп, өзін анағұрлым бақытты сезіне бастаған. Тәжірибені полиция учаскелері мен кеңселерден бастап, қарттар үйіне дейінгі сан салалы мекемелерді қамтыды: оның қызметкерлері жалақысын бұрынғы көлемде толық ала отырып, аптасына 40 сағат орнына, 35-36 сағаттық жұмыс режиміне ауыстырылған. Біраз компания бұл режимді ары қарай сақтауға шешім қабылдапты. Бірқатар елдің кәсіподағы болашақта өзіне мүше жалдамалы жұмыскерлердің 80%-ын осы қалыпқа көшіруді мақсат ететінін де жариялады. Ал Қазақстанда кәсіпорындар бұл режимге әл-ауқат үшін емес, амалсыздан көшуі мүмкін. Бұл жерде жұмыскерлерді бақытты ету емес, жан бағу, банкрот болып, жабылып қалмау мәселесі басты орынға шығатынға ұқсайды.