Қазақстанда аға буын атанған шақта жұмыссыз қалған азаматтардың еңбекке қайта орналасуы қиын. Басшылық қызметте, жеке кәсіпкерлікте болмасаң, мұғалімдіктен басқа мамандықтардың барлығы егде жастағыларды шеттетуге дайын тұрады. Сондықтан елімізде жасы зейнетке жетпеген, екі қолға бір күрек сұрап жүрген азаматтар жетерлік. Сонда елуге дейін маман, елуден кейін жаман ба?
«КҮМІС ЖАСТАҒЫЛАРДЫ» НЕГЕ КЕМСІТЕДІ?
Жұмыс берушілерден «зейнетке шыққалы тұр екенсіз, жұмысқа ала алмаймыз» дегенді біздің елдің аға буын өкілдері жиі естиді. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 450 407 жұмыссыз бар. Оның 83 мыңға жуығы 45-54 жас аралығындағы азаматтар, одан бөлек 55-тен асқан 65 мыңнан астам адамдар да жұмыс таба алмай жүр. Бұл зейнет жасына жақындаған азаматтарға жұмыс табу қиын екенін көрсетеді. Сондықтан басым бөлігі еңбек шартынсыз, яғни бейресми жұмыс істеуге мәжбүр, өйткені егде жастағыларды көбі жұмысқа алғысы келмейді. «54 жастамын. 27 жыл мұғалім болып жұмыс істегенмін. Қазір қаладағы дәмханалардың бірінде аспаздың көмекшісі болып жұмыс істеймін. Жалақым мардымсыз. Алайда күнкөрістің қамымен көнуге тура келеді. Себебі бұдан айырылсам, қайда жұмысқа орналасамын?», – дейді елорда тұрғыны Айжан Мамырова. Ал 57 жастағы Гүлнұр есімді қала тұрғыны 2 диплом, 3 тілді меңгергеніне қарамастан жұмыссыз. Анда-санда элиталы пәтерлерді жинап, 5 000-10 000 теңге ақша табады. Дегенмен «аяқ-қолым сау, 50-60 мыңның жұмысына баруға да дайын, бірақ оның өзін табу қиындап кетті», – дейді ол. – 3 жылда 2 рет жұмысқа ұсыныс болды. Екеуінде де алдын ала телефон арқылы тілдескенімде, кісі қабылдап қойдық деді. Өз бетіммен жұмыс іздеп көргенмін. Бірақ қайда барсам да, 45 жасқа дейін қабылдаймыз дейді. Ондай талап қай заңда көрсетілген? Мен түсінбеймін, біздің елде сонда 45-тен кейін өмір сүрмеу керек пе? Кезінде шетелге кетуге мүмкіндігім болды, бірақ мен кетпедім. Бәрі жасқа қарайды. Зейнетке шығуға әлі 4,5 жыл бар, ең болмаса зейнет жасын азайтса екен, – деді ол. Міне, көптеген қазақстандық жұмысқа қабылдау барысында ашық кемсітуге тап болып отыр. Ал заң не дейді? Қазақстанның «Халықты жұмыспен қамту» заңына сәйкес, 16 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтардың жұмысқа орналасуға толық құқығы бар. Еңбек кодексі бойынша, ешкімді де өзінің еңбек құқықтарын іске асыру кезінде жынысына, жасына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, әлеуметтік және лауазымдық жағдайына және басқа да белгілері бойынша кемсітуге болмайды. Осы мәселе бойынша Кәсіподақтар федерациясына хабарласқан едік, жасына қарай кемсітушілік заңмен тыйым салынғанын растап отыр. ҚР «Еңбек заңына» сәйкес, 45-50 жастағы адамдар экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтар. Жұмыс берушілердің аталған жастағы азаматтарды жұмысқа алмау мәселесі – жұмыс берушінің Қазақстан заңы алдындағы жеке жауапкершілігі. Жұмыс іздеу сайттарында жұмыс берушілер үміткерлердің жасын, жынысын және тіпті сыртқы артықшылықтарын көрсетеді, бұл Еңбек кодексіне және адам құқықтарына қайшы келеді. Еңбек саласында кемсітушілікке ұшырадым деп есептейтін адамдар заңда белгіленген тәртіппен сотқа немесе өзге де орындарға жүгінуге құқылы. Сонымен, елде заң бар. Эйджизмнің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ неге мәселе шешімін таппай келеді? Себебін HeadHunter компаниясының маркетинг және PR менеджері Махмудова Рахимадан сұрап білдік. «Жасы үлкен кісілер көбіне бухгалтерия, кәсіпорын, өндіріс, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, логистика, әкімші секілді жұмыстарды іздейді. 45 жастан кейін әрбір азамат білімін арттырмаса еңбек нарығындағы құны азаяды. Сол үшін біліктілігіңізді арттыру үшін тренингтерге, курстар мен семинарларға қатысуыңыз керек. Елімізде 55 жастан асқандардың қалауындағы жалақы 285 мың теңгеден басталады. Бұл басқа да жұмыс іздеп жүргендердің көрсеткен жалақысынан 22 пайызға көп. Олар тәжірибесі көп болғандықтан, жоғары жалақыны қалайды», – дейді маман. Қара күшті қажет етпейтін бухгалтер, экономист, заңгер сияқты ісқағаздар мен есеп-қисап мамандықтарының шекарасы 25-45 жасты құрайды. 50 жас деп көрсеткен мекемелер бірен-сараң. Ал сатушылыққа 25-35 жас аралығында шектеу қойылады. Кейде тіпті білікті әрі тәжірибесі мол маманның өзі жасының үлкендігіне байланысты далада қалады. Жұмыс тауып берумен айналысатын мекеме қызметкерлерінің айтуынша, кейде жұмыс берушілер жасқа байланысты шектеулерді не үшін қоятындарын өздері де білмейді. Қалыптасып кеткен үрдіс ретінде жалғасып келеді. Негізгі себептеріне үңілсек, 45-50 жас аралығындағылар өзгеріске бейімсіз. Барлығы бірдей қарқынды жұмыс істеуге дайын емес. Мәселен, идея үшін демалыс күні жұмыс істеуге құлықсыз келеді. 50 жастан асқан адамдар тұрақтылықты қалайды. Аға буын өкілдері жаңа нәрсені меңгеріп алуға қарағанда, жастарды сынауға дайын тұрады. Міне, осындай себептерді алға тартатын жұмыс берушілер қалай да болсын бірінші кезекте жастарды жұмысқа алуды қалайды екен. Бұл мәселемен күресте елімізде «Күміс жас» арнайы жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бағдарлама аясында зейнеткерлікке шығуға 2 жыл қалған азаматтарға жұмыс орындары ашылады. Еңбек министрлігінің мәліметінше, жоба жыл сайын 5 мың адамды жұмыспен қамтымақ. Жоба қатысушылары жалақысының жартысын мемлекет, жартысын жұмыс беруші төлейді. Салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақы мен банк қызметтерін ескере отырып, субсидияның ең жоғары шегі – 30 АЕК (91 890 теңге). Экологиялық үстемеақы бойынша төлемдер есепке алынбайды. Мысалы, жұмыс беруші 180 мың теңге жалақы белгілесе, онда оның 90 мыңын мемлекет төлейді. Егер де айлығы 200 мың болған жағдайда 30 АЕК мөлшерінен артық төленбейді. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі 12 айдан аспайды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң, жұмыс беруші зейнет жасына жақындаған адамды зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа алуға міндетті. «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электронды еңбек биржасына жүгіну қажет. Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды тұрақты аударатын, сондай-ақ жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатысады. «Күміс жас» жобасы бос жұмыс орындарынан тыс жасалатын болады. Яғни, еңбек жағдайлары қауіпті және зиянды сала кірмейді.ОЛАЙ БОЛМАҚ ҚАЙДА ДЕП...
«Күміс жас» жобасынан күтеріміз көп. Десек те, бұл мәселемен шетел қалай күресіп жатыр? АҚШ әлеуметтанушылары жүргізген сауалнама бойынша, Apple қызметкерлерінің орташа жасы 31-де, Intel қызметкерлері бір жасқа үлкен, Google және Amazon-да жұмыс істейтіндер орташа есеппен – 30 жаста, ал Meta және LinkedIn қызметкерлері одан да аз, бар болғаны – 29 жаста. АҚШ-та соңғы үш жылда жұмыс дискриминациясы 17 пайызға өссе, ал бір жылда 50 жастан асқан адамдардың жұмыстан шығып қалу көрсеткіші үш есе артқан. Мәселен, Google эйджизм құрбандарына 11 миллион доллар өтемақы төледі. Дегенмен үлкен айыппұл кадр саясатын өзгерткен жоқ. 2019 жылы 227 адам аталмыш компанияны жұмыскерлерді жасына байланысты кемсітті деп айыптады. Нәтижесінде, өтемақы төлеп, қызметкерлерді іріктеу тәсілін өзгертеміз деп уәде берді. Алайда жағдай өзгерген жоқ, бүгінге дейін 40 жастан асқан үміткерлерді түрлі себептермен жұмысқа қабылдаудан бас тартып жатады. Сарапшылар экономикалық өркендеуге ұмтылатын ұйымдар мен компаниялар эйджизмді жою үшін «әлем жастарға тиесілі» деген ұғымнан алыстау керегін алғы тартып отыр. Айжан Данабекова – Ирландияның Дублин қаласында TikTok компаниясының жарнама қызметінің маманы. Шетелде тұрып жатқанына 4 жылдан асқан. Отандасымыз ол елде 60 жастағы даяшыны көрсе, ешкім таңғалмайды деп, эйджизмге себеп – адамдардың түсінігінде екенін айтады. «70 жастағы аталар да жұмыс істейді. «Жасың келіпті», «50-ге жетіпсіз» деп жұмысқа қабылдамай қойса, дискриминация болып есептеледі. Онда құқығы тапталған кісі сотқа жүгінеді. «Феникс Фм» деген радио қауымдастық бар. Мен сол жерде волонтер болып жұмыс істеймін. Осы мекеменің басшысы – 60 жастан асқан әйел. Ирландықтар, британдықтардың менталитетінде «жасым келіп қалды», «дәуренім өтті» деген түсінік жоқ. Латвия, Литва елдерінің өкілдерімен де араласамын. Олардың түсінігінде «жасым 50-ге жақындады, ағылшын тілін меңгеру кеш» деген ой бар», – дейді шетелдегі қандасымыз. «Жасым келді» дейтіндердің көбі 10-15 жыл бойы қара жұмыс істейтінін айтып налыды. «Ал ирландиялықтардың түсінігі басқа. Магистратураны 58 жастағы ирландықпен бірге оқыдым. Ол кісі одан кейін докторантураны да оқуға ниетті еді. Байқағаным, Кеңес өкіметінің құрамында болған елдер келгендер 15-20 жылдан бері қара жұмыс істеп жүр. Ағылшын тілін де жақсы білмейді, оған құлшынысы да аз. Ал ирландиялықтар жаңа білімге құштар», – дейді А.Данабекова. 2035 жылы әлемде 65 жастан асқан адамдардың саны 1 миллиардтан асып кетуі мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәлімдемесі – осы. Бұл көрсеткіштің артында қарт адамдарға деген жұмыс жағынан шеттету мәселесі бой көтеріп тұр. Мұны реттеу үшін мемлекеттер зейнетақы жасын ұлғайтып жатыр. 2022 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы тағы жарты жылға ұзарып, 60,5 жасқа жетті. Алайда зейнет жасын ұзартумен мәселе шешіле қояр емес. Ауыр еңбек етіп, жұмыс пен тұрмыс тауқыметін қатар көтеріп жүрген әйелдер зейнет жасын ұзартуды азапқа теңеп, ел азаматтары отандық зейнетақы жүйесін қайта қарастыру мәселесін көтеріп, зейнетке шығу жасын әйелдер үшін 55-ке және ер азаматтар үшін 60 жасқа дейін төмендетуді жиі сұрайды. Зейнет жасқа шығуға дейін 8-10 жыл күту қажет болғандықтан, көбісі қара жұмыс істеп, өз отбасыларын асырауға мәжбүр. Оның өзінде доллар құлдырап, қымбатшылық қысып тұрғанда, орташа жалақы ұсынатын жұмыс табыла қойса, әрине. «Күміс жас» бағдарламасы көмек берер деген үміттеміз. Екінші, «жасым келді, жұмысқа алмайды» деген түсініктен де арылатын кез жетті. Ерік-жігер болса, алынбайтын қамал жоқ емес пе?!