Cоңғы кездері орынды-орынсыз реформаның «сынақ алаңына» айналған білім саласына қоғам назары кезекті рет ауды. Бұл жолы әңгіме ауаны оқушылардың жазғы демалысын қысқарту турасында өрбіді. Әлемдік тәжірибені алға тартып, қазақстандық оқушылардың демалысына шүйліккендерге қарсы ата-аналардың, педагогикалық қауымдастықтың өз уәжі бар.
BINOM биыл бастайды
Бұл мәселені танымал бизнесмен, BINOM мектептерінің құрылтайшысы Айдын Рахымбаев көтерген болатын. Оның айтуынша, қазақстандық мектеп оқушылары жыл сайын білімге арналуы керек уақытының 1-1,5 айын жоғалтады-мыс. Америкалық ғалымдардың жүргізген зерттеуі ұзақ жазғы демалыс кезінде балалардың оқыған-тоқығандарының 25 пайызын ұмытып қалатынын растапты. «Сондықтан біз оқу жылын ең болмаса 38 аптаға дейін ұзартуға ұсыныс жасадық. Бағымызға орай, министрлік бұл бастаманы қолдады. Қазір регламент келісіп жатыр. Соған сай ұзартылған оқу жылын біз биыл BINOM мектептерінен бастаймыз», – деді А.Рахымбаев. Бұл орайда кәсіпкер үздік халықаралық тәжірибелерге сүйеніп, балаларға мектептердегі пәндерді игеру қиындық туғызбас үшін оқытылатын пәндердің санын азайту керегіне де тоқталды. Өз кезегінде BINOM жалпы білім беретін мектептер желісінің құрылтайшысының бұл бастамасын Үкімет басшысы да қолдап, оны пилоттық жоба ретінде аталған мектептердің желісінде енгізуді тапсырды. Кәсіпкер бұл пилоттық жоба өз тиімділігін дәлелдесе, барлық мектептегі жазғы демалыстың мерзімі 1 айға дейін қысқаратынын айтты. Қазір Қазақстандағы жалпы мектептердегі оқу жылының ұзақтығы 34 аптаны құрайды. Орта есеппен қалған 18 аптада оқушылар демалыста болады. Мұның ішінде жазғы демалыспен бірге тоқсан арасындағы қысқа мерзімді демалыстар да бар. Сонда шамамен біздің оқушылар бір жыл ішіндегі 120 күнді жазғы демалыста өткізеді екен.Қорытынды шешімді күтеміз
Білім және ғылым министрлігі бұл бағытта бірқатар зерттеу жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлады. Демалыстың ұзақтығына байланысты қорытынды шешім де зерттеулердің нәтижесіне сай шығарылмақ. «Осыған дейін 2021 жылғы тамыз кеңесінің қорытындысы бойынша министрлік Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім беру академиясына оқушылардың жүктемесін азайту шараларына қатысты тиімді оқу жылының ұзақтығын анықтау, білім беру ұйымдарында еңбекақы төлеудің сағаттық жүйесі мен жалақының артықшылықтарын, үлгілік оқу бағдарламаларын жаңарту жөнінде бірқатар зерттеу жүргізуді тапсырған болатын. Сондықтан барлық білім беру ұйымы меншік нысанына қарамастан, мемлекеттік жалпыға міндетті стандартты сақтауға міндетті. Жаңа жобаларды енгізу кезінде дәлелдемелермен және алдын ала талқылаумен бекітілген ғылыми тәсіл маңызды деп санаймыз. Білім және ғылым министрлігі үшін оқушылар мен студенттердің мүдделері бірінші кезекте тұрады» делінген министрлік таратқан мәлімдемеде. Министр Асхат Аймағамбетов те жазғы демалыстың ұзақтығы төңірегіндегі мәселеге ғылыми тұрғыдан қаралатынын жеткізді. Сол ғылыми негіз арқылы демалысты қысқартудың балаға тиімділігі не тиімсіздігі дәлелденбек. Қазір бұл түйткілдің түйінін тарқатумен психологтер, әдіскерлерден тұратын топ айналысып жатыр екен. Ведомство басшысы қорытынды шешім шығаруда дәл осы топтың зерттеулері ғана басшылыққа алынбайтынын да атап өтті. Бұл мәселенің соңғы нүктесін қойғанға дейін ол педагогикалық ұжымдарда жан-жақты талқыланатын болады. Демек, әзірге қазақстандық оқушылардың демалысының қысқаруына қатысты нақты пікір айту қиын. Сонда да бұл жағдайда шешім шығаруда ескеруге тұратын жайттар жеткілікті. Ұлттық ғылым академиясының академигі, танымал математик Асқар Жұмаділдаев бұл мәселеге реалистік көзқараспен қарап, балалардың тынығуына мүмкіндік берілуі керек деген пікірде. – Шынымды айтсам, жазғы демалыстың уақытын қысқарту туралы бастама көтеріп жүргендерді түсінбедім. Егер баланы оқытуға уақыт жетпей жатса, оны 1 айға қосымша мектепке беру болады. Бірақ жазғы демалыста балалар мектепке тынығып келуі керек. Онсыз да соңғы 2 жылдың ішінде бірде онлайн, бірде офлайн форматқа ауысып, оқушылар әбден шаршады. Сондықтан балаларға заңды демалысын беруіміз керек. Егер мәселе оқу жүктемесіне байланысты болса, қайтадан 6 күндік оқу форматына көшейік. Біз де өз заманымызда 3 ай демалдық. Ешнәрсені ұмытып қалған жоқпыз ғой. Жекеменшік мектеп иелері бұл жүйені өз мектебінде оқушылармен, ата-аналармен, педагогикалық ұжыммен келісіп, енгізіп жатса, қарсылық жоқ. Оны республикадағы барлық мектепке енгіземіз деу бекершілік, – дейді Асқар Жұмаділдаев. Математик білім саласында реформа жасауда батыс елдерін үлгі етіп, олардың тәжірибесіне иек берудің қажеті шамалы екенін айтады. Керісінше, мұнда ұлттық менталитет пен педагогиканың ерекшеліктері ескерілгені абзал. Расында, білім берудегі «әлемдік тәжірибеге сай» деп басталатын көп реформаның салдарын партадағы оқушылар алғашқылардың бірі болып сезінеді. Сол себептен де жазғы демалыстың мерзімін қысқартуды да ең әуелі оқушының физикалық-психологиялық дамуы тұрғысынан қарау артық болмайды.Каникул қысқарса, жүктеме азайсын!
Ардагер ұстаз Оспан Сүлейменұлы да бұл мәселеде ең әуелі оқушылардың денсаулық жағдайын ескеруге назар аударды. – Мәселе жазғы демалысының уақыты қысқарған оқушыларға қандай «артықшылық» берілетініне байланысты. Егер бұл іске жүктемені азайту арқылы қол жеткізу мәселесі көтерілсе, жазғы демалысты қысқартуды құптаймын. Егер жүктеме азаймай әрі демалыстың уақыты қысқарса, оқушының денсаулығына әсері зерделенуі керек. Бұл – бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Мәселенің себеп-салдарын түрлі жұмыс тобы түбегейлі зерттеп барып, шешім шығаруы қажет деп білемін, – дейді ардагер ұстаз. Бұл орайда ата-аналардың айтары бар. Олар да демалыстың уақытын қысқартуды оқушылардың жүктемесін азайту арқылы жүргізуді құптайды. – Өз басым жазғы демалыстың мерзімін 2 айға қысқартуға қарсы емеспін. Балалардың оқитын, миына білім қонатын шағында мектепте, ұстаздардың жанында болып, көбірек оқып-тоқуы керек. Солай екен деп балалардың санасына артық салмақ салуға болмайды. Демалыстың уақыты қысқарса, сабақтың да ұзақтығын шектеп, жүктеменің азайтылғаны жөн. Бұдан бөлек, оқушыларға кәсіби бағдар жұмыстары көбірек жүргізіліп, ұлттық тәрбиеге көбірек көңіл бөлінгені дұрыс, – дейді Жамбыл облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Ринат Нұрақбаев. Оқушылардың жазғы демалысының ұзақтығы туралы айтқанда біздегі өңірлердің географиялық, климаттық ерекшелігін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Себебі елдің солтүстігінде қыста, ал оңтүстігінде жаз айларында үздіксіз білім беруде мәселе жеткілікті. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар кеңесінің төрағасы Рақымбек Жолаев Қазақстан мектептерінде жазғы демалыстың ұзақ болуын елдің географиялық, климаттық ерекшелігімен байланыстырады. – Солтүстік өңірлерде аяз бен қарлы боран салдарынан балалар бір айға жуық мерзім сабаққа бара алмай қалады. Олардағы жайма шуақ күндер үш айға ғана созылады. Бұл мезгілде балалар таза ауаға жиі шығып, күннен Д дәруменін алу керек. Баланың физиологиялық тұрғыдан дамуында мәселе болса олардың оқу үлгерімі төмендейді. Ал оңтүстік өңірде жазда аптап ыстық болады. Осы кезде барлық білім ошақтарын салқындатқыш құрылғылармен жабдықтау мәселесі туындайды. Еліміздің батыс өңірлерінде де жаз мезгілінде ауа температурасы жоғарылап, ұдайы жел тұрады. Осы факторларды алға тартып мектеп оқушыларының жазғы демалысын екі айға қысқартуды дұрыс емес деп ойлаймын, – дейді Рақымбек Қуатбекұлы.Кім қалай демалады?
Жалпы, әлем елдерінде оқушылар үшін демалыстың ұзақтығы әрқилы. Тіпті, бір елдегі екі өңірдің оқушыларының жазғы демалыс уақыты әртүрлі болып жатады. Мәселен, Германияның Берлин мен Бранденбург қаласының оқушылары демалысқа 20 маусымда шығып, 2 тамызда мектепке қайта оралады. Елдегі Баден-Вюртемберг мен Баварияның оқушылары үшін оқу жылы 29 шілде басталады. Ал аустралиялық оқушылар үшін жазғы демалыс жоқ. Олар ұзақмерзімді демалысқа желтоқсан айында шығып, ақпанның басына дейін емін-еркін тыныстайды. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ өзара бәсеке түсетін қытайлық оқушылар жазғы демалыста да өздерін еркін сезіне алмайды. Шілде айының ортасынан басталып қыркүйекке дейін созылатын «үзілісте» де аспанасты елінің бүлдіршіндері мен жасөспірімдері үй тапсырмасын орындаумен әлек болады. Жапон балалары да демалыстың «дәмін» 40 күн ғана сезінеді. Есесіне шектен тыс жүктеме оқушылардың жүйкесіне салмақ салмауы үшін шілде айының ортасынан бастап оқу күндерінің санын азайтады. Мәселен, жаздың басында жапон оқушылары аптасына 6 күн мектепке баратын болса, жаздың ортасына қарай олар жетісіне 3-4 күн ғана партаға отырады. Бұл аралықта оларға оқытылатын пәндер де азая бастайды. Посткеңестік елдердің барлығында 25 мамырда соңғы қоңырау сыңғырымен оқушыларды жазғы демалысқа шығарып салып, 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау үнімен қайтадан мектебіне жинайды. Тек Қырғыз елінде ғана сабақ 8 маусымда аяқталады. Ал жазғы демалыс 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Біздің елімізде бас-аяғы 120 күнге созылатын оқушылардың демалысын қысқарту мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Алайда мұндай бастаманың көбі қоғамның наразылығына ұшырап, аяқсыз жататын. Бұл жолы BINOM мектептерінен басталатын жобаның қаншалықты өміршең болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен қорытынды шешім шығаруға жауаптылар аз демалып, көп оқытудың оқушылардың әлеуметтік-психологиялық, физиологиялық дамуына әсерін назардан тыс қалдырмаса болғаны.