Атырау инженерлік-гуманитарлық институты бас лицензиясынан айырылды. Мұндай шешімді Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты шығарды. ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің мәлімдеуінше, университетте білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік ережелері, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарт талаптары мен біліктілік талаптары сақталмаған. – Университетті тексеру барысында көптеген заң бұзушылық анықталды. Мысалы, оқытушылардың бір уақытта әр түрлі тілде оқытатын екі түрлі топта сабақ өткізу фактілері. Бірақ мұғалімдердің оқу жүктемесінде әр топ бойынша аудиториялық сабақтар бөлек есептелген. Одан бөлек, университетте кейбір сабақтар мүлдем өткізілмеген. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бекіту кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген, – дейді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова. Сонымен бірге Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының студенттерді оқытқан білім беру бағдарламалары ҚР БҒМ тізіліміне енгізілген бағдарламаларға сәйкес келмегені белгілі болды. Соның салдарынан студенттер оқу пәндерін толық меңгермеген. Сондай-ақ оқу процесі сапалы профессорлық-оқытушылық кадрмен қамтамасыз етілмеген.