Елімізде індетке байланысты жағдай жақсара түскен сайын «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдауына келіп, арыз-шағымдарын жүзбе-жүз айтушылар саны артып барады. Бұл олардың мәселелері мен ұсыныстарын бетпе-бет талқылауға мүмкіндік береді. Осыған орай партияның Алматы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мейіржан Отыншиевтің азаматтарды кезекті қабылдауы өтті. «Партияның кезектен тыс съезі кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «қоғамдық қабылдауларға адамдар тек шағым айтып келмей, сонымен қатар ел мен қоғамды дамыту жөнінде ұсыныстарын да жеткізсін» деген болатын. Бүгінде алматылықтардың осындай бастамаларға өтініш білдіріп, асыққаны қуантады. Олардың ішінде IT-әзірлеуші Данияр Әбішев, «Ақбастау – ұлттық тәрбие» бағдарламасының авторы Мұхит Асанұлы, Алматыда Инновациялық технопарк ашу туралы ұсыныспен келген қоғам қайраткері Жұмабай Ділдаманов және тағы басқалар бар», – дейді Мейіржан Отыншиев. Сондай-ақ қабылдау барысында қалалық филиал басшылығы «Тау көктем» ТК үлескерлерінің проблемаларын, Алматы қаласының құқық қорғау органдарына деген шағымдарын, «Алматыэлектротранс» ЖШС-на қатысты жалақы дауын қарады. Бостандық ауданында заңсыз құрылған Мүлік иелері бірлестігінің іс-әрекетіне және Алатау ауданының «Шапағат» шағынауданындағы арық жүйесін абаттандыру қажеттілігіне қатысты өтініштерді тыңдады.