«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Илья Теренченко мәслихат жанындағы Жастарды қолдау және спортты дамыту жөніндегі комиссияның жұмысына қатысып, комиссия мүшелерімен бірге оның екінші тоқсандағы жұмыс жоспарын айқындады. Павлодар облысының шаңғы жарысы бойынша аға жаттықтырушысы Александр Курсаков комиссия отырысында шаңғы спортының проблемаларымен бөлісті. Ол облыста спортшылар үшін осы спорт түрімен айналысуға лайықты жағдай жасалмағанын айтты. «Спортты дамыту бойынша инфрақұрылымның болмауы, спортшылар үшін лайықты шаңғы базасының, спорттық жиындар өтетін ғимараттың болмауы өңірде шаңғының дамуына кедергі келтіріп отыр»,– деді Александр Курсаков. Комиссия мүшелері көтерілген мәселелерді жақын арада өтетін комиссияның кеңейтілген отырысында қарастыратын болады. Сондай-ақ комиссия мүшелері туризмнің облыстағы жағдайын және ауылдарда спортпен айналысушылар санын көбейту жайын жан-жақты талқылады.