Қарағанды облысында ұлттық киім тігетіндер қатары артқан. Соның бірі теміртаулық Наталья Арыстанова бүгінде өз тігін цехында қазақ ою-өрнектері мен кестелеріне баса назар аударып жұмыс істейді. Бес жыл бойы қолөнершілер мұнда көрпе, жастық, төсек жапқыш және басқа да тоқыма бұйымдарын тігіп, құлшыныс танытып келеді. Осының арқасында ұлттық өнер теміртаулықтардың төріне шықты... Металлургтер қаласының тұрғыны бизнес ашқан кезде алдына үш мақсат қойған. – Сапалы, ыңғайлы және тиімді – бұл мен басшылыққа алған және өз жұмысымда ұстанатын негізгі қағидалар, – дейді Наталья Арыстанова. – Егер тапсырыс болса, оны таңертең жасай бастаймыз. Кешке немесе келесі күні ол дайын болады. Уақытылы әрі жедел жұмыс істеуге тырысамыз. Және бәрін сапалы жасаймыз. Клиенттердің ризашылығы бізге ертеңгі күнге күш пен сенімділік береді. Соңғы 15 жылда кәсіпкер сауда саласында еңбек етті. Және ол әрдайым сапасыз, бірдей тауарлардан арылып, ерекше заттар өндіруді армандаған. Әр тауардың бірегей болғанын қалаған. Осылайша, кішкентай тігін өндірісін ашу идеясы пайда болды. Наталья Арыстанова іске өте мұқият қараған. Ол көптеген зауытта болып, шикізаттың қалай өндірілгенін, маталардың қалай боялғанын көрген. Жалпы, ол технологиялық процеске толықтай шомып, түбегейлі зерттеген. – Өзбекстанда 20-дан астам фабриканы аралап шықтым, Ресей кәсіпорындарында болдым, бірнеше рет Қытайдың оңтүстігіне арнайы бардым, – дейді іскер әйел. – Қазір матаның негізгі бөлігі Ивановодан келеді. Біз сол жерден бөз бен поплинді жеткіземіз. Қытай фабрикаларымен келісім жасастық. Біз өте сапалы сатинмен жұмыс істейміз. Ол ресейлік матадан кем түспейді, дегенмен арзандау. Жалпы, бізде маталардың өте үлкен таңдауы бар. Өндірісті үнемі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Натальяның айтуынша, кәдесый өнімдері соңғы бірнеше жылда өте танымал бола бастаған. Бұл жазулары бар халаттар, атаулы жастықтар, ізгі тілектері бар жастық тыстары, қыз жасауына арналған төсек-орын. Бұл ретте тігіншілер ұлттық кесте тігуге көп көңіл бөледі. Жеке тапсырыстардан басқа цехтың барлық тігін өнімін кәсіпкер ашқан дүкеннен сатып алуға болады. Бүгінде Наталья Арыстанова 12 әйелге жұмыс беріп отыр. Цехта үш білікті тігінші және пішуші жұмыс істейді. Дүкенде тағы сегіз адам жұмыспен қамтылған. Барлық сатушы екі тілде сөйлеседі. – Мен үшін қыздардың сатып алушылармен ортақ тіл табысуы маңызды болды, – дейді Наталья. – Сондықтан олар тілдерді дамыту бөлімі өткізген қазақ тілінің қысқамерзімді курстарынан өтті. Олар қуана оқыды, сертификаттар алды. Ең бастысы, тілдік кедергі жойылды және бастау бар. Айта кету керек, Наталья Арыстанова қазақ тілін өте жақсы меңгерген. Өскен жері Ақтөбе облысы Мұғалжар ауылы. Орыс мектебінде оқыса да, қазақ тілінде құрдастарымен көп сөйлескен. Теміртауда ол болашақ жарын кездестірген. Бүгінде интернационалдық отбасы екі бала тәрбиелеп отыр. – Бала кезімнен қазақ халқының салт-дәстүрін үйрендім.Өйткені мен туған өлке Батыс Қазақстанда дәстүрлі ұлттық мәдениет өте дамыған. Жақында бесікке салудың әдемі рәсімін өткіздім. Өкінішке қарай, Қарағанды облысында салт-дәстүріміз ұмытылып барады. Өзім қызымды бесікке салдым. Бұл тек дәстүрлі емес, сонымен қатар өте ыңғайлы, – дейді кәсіпкер.
Қарағанды облысы