Балайым Кесебаева: Сот орындаушылары сүзгіден өтеді

Балайым Кесебаева: Сот орындаушылары сүзгіден өтеді

Соңғы жылдары қоғамда жеке сот орындаушыларына қатысты даулы мәселелер көбейді. Осы күні олардың үстінен мыңдаған шағым мен талап-арыз түскен. Өйткені елімізде өз өкілетін асыра пай­даланатын сот орындаушылары көп екен. Дегенмен таяқтың екі ұшы болатыны тәрізді, бо­рышкерлердің де жыры бітер емес. Алимент төлеуден жалтарып, түрлі қитұрқылыққа барғандар да жетерлік. Сайып келгенде, ағартушылық іс жүргізуге қатысты заңдарды түзетіп, жетілдірер тұстары көп екенін ұғамыз. Мәжіліс депутаттары мәселені шешуге септесетін тетіктерді қарастырып, оң өзгерістерге мүдделі. Ал ол қалай жүзеге аспақ? Осы тұста біз саладағы олқылықтарды шешу жолдары жайлы са­уалдарымызды Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаеваға қойып, сұхбаттасқан едік. – Қазір сот орындаушылардың әрекетіне байланысты шағым көп. Мәселен, жалпы соттарға түскен талап-арыздың 33 пайызы жеке сот орындаушыларға қатысты. Былтыр міндетін жөнді атқармаған 19 сот орындаушысы лицензия­сынан айырылған екен. Қоғамда олардың асып-тасып, қызметін асыра пай­даланатыны жайлы әңгіме көп. Оны ресми деректер де дәлелдеп отырғандай. Сонда сот орындау­шыларының заңсыздыққа баруына не себеп әлде кәсіби біліктілігі төмен бе? – 2011 жылғы заңнама талап­тарына сәйкес, атқару құжат­та­рын орындау бойынша функция­лардың басым бөлігі жеке сот орындаушыларына берілген. Ол кезде жеке сот орындаушыла­ры­ның са­ны өте аз болды. Кейбір аудан­дарда мүлде болған жоқ. Мем­лекеттік сот орындаушы­ла­рының санын азайту міндеті тұр­ды. Сондықтан жеке сот орындау­шы­сы қызметін атқаруға үміткер тұл­ғаларға, ал 2015-2017 жыл­дар­дан бастап сот орындаушыларға талап жеңілдетілді. Құқық қорғау ор­ган­дарында, полицияда жұмыс іс­теген азаматтарға еш тәжіри­беден өтпей-ақ сот орындаушысы болуға мүмкіндік берілді. Жеке тәжірибемнен байқағаным, солай көп адам автоматты түрде оңай өтіп кетті, бірақ шағым олардың кәсіби біліктілігінің төмен болға­нынан емес, өз өкілетін асыра пай­даланғаннан көбейіп отыр. Дегенмен 2020 жылы Парла­мент депутаттарының бастама­сымен қабылданған «Атқару­шы­лық іс туралы» заңға көп өзге­рістер енгізілді, оның ішінде жеке сот орындаушыларына үміткер­лерге талапты күшейту бойынша нормалар қарастырылды. Соның негізінде сот орындаушылары шоттарының бұғаттауға байла­нысты адамдар алимент, жалақы, басқа да қаржыларын ала ал­майтын жағдайлар болды. Осы заң шеңберінде аталған шиеленіс шешілді, сонымен қатар жеке сот орындаушыларының жауап­кер­шілігін күшейту, олардың қыз­метін бақылауды жетілдіріп, өкі­летін асыра пайдаланбауға, осы қызметке жастарды тартуға қа­тысты мәселелерді реттедік. Сот орындаушылары жай кәсіп­кер емес, мемлекеттік функцияны атқарушы тұлға, мәжбүрлеу ша­ра­ларын қолдануға да өкілеттігі бар. Сондықтан оларға жауапкер­шілікті күшейту қажет болды. 2020 жылдан бастап осы заң аясында жеке сот орындаушы­ларына қойылатын біліктілік та­лаптары едәуір артты. Тек 5 жыл­дық өтілі бар, бұрынғы проку­рор­лар мен тергеушілерді қалдырып, автоматты түрде лицензия ала ала­тын адамдардың тізімі қыс­қарды. Жеке сот орындау­шы­ларының жауапкершілігі күшей­ді, лицензияны тоқтата тұру және айыру негіздері қайта қаралып, кеңейтілді, тәртіптік жауапкер­шілік жүйесі реформаланды. Тағылымдамадан өту шарттары да күшейтілді. 2020 жылға дейін тағылымдаманы өңірлер ғана бақылап отырған, мерзімі ресми түрде 3 ай болды. Қазір тағылым­дама оқу орталығы тарапынан ор­талық­тандырылып, бақыла­нады. Мер­зімі 6 айдан 1 жылға дейін барады. 2021 жылы 19 қа­рашада жеке сот орындаушыла­ры­ның жаңа кәсіби Ар-намыс ко­дексі қабылданды. Бұл да жағ­дайды реттеуге септігін тигізеді. – Жеке сот орындаушылары мемлекеттік функцияны атқара­тынын айтып қалдыңыз, әйтсе де олар елімізде жеке кәсіпкерлік субъекті ретінде есепте тұратын секілді. Бұл заңды ма? Көптеген елде сот орындаушыларының дә­режесін мемлекеттік қызметпен теңестіреді. – Иә, олар кәсіби қызмет ат­қаратын жеке субъекті болып саналады, бірақ мемлекеттік функ­цияны жүзеге асыратын тұлға. Осыған маманданды­рыл­ған. Олардың түпкі мақсаты ақша табу емес, қызмет көрсету. Заң бо­йынша жеке сот орындау­шы­лары ісін адал орындауға міндет­телген. Олардың әр іс-әрекетінің заңды­лығын жеке сот орындау­шы­лар­дың өңірлік палаталары қарас­тырады. Яғни, жеке сот орындау­шысының үстінен шағым түссе, сотқа жетпей тұрып палата дең­гейінде қаралуға тиіс. Өңірлік палаталарға сот орындаушы­сы­ның заңсыз қаулыларын жою бойын­ша да өкілеттік беру ұсы­нылмақ. Оларға шағым түсіру же­ңілдейді, барлығы азаматтар­дың бақыла­уында болмақ. – Борышкерлер өте көп, біреуі табысын жасырады, жал­тарады, кейбірінің міндетін орын­дауға шынымен жағдайы жет­пейді. Со­сын оларды мәжбүр­леуге көшеді. Бірақ мәжбүрлеу мәселені одан әрі ушықтырып тұрған жоқ па? Был­тыр Алматыда баспанасын тартып алуға келген сот орындаушысы мен полицейлерді борышкер мерт қылғанын біле­міз. Кейде борыш­кердің басқа мүл­кі болмаса да баспанасы тар­тып алынады. Өз-өзіне қол жұм­сайтындар да кез­десті. Мемлекет оларға жеңілдік қарастырмай ма? – Сот орындау қызметі онсыз да мәжбүрлеп орындауды іске асырады. Борышкер міндетін өз еркі­мен орындағысы келмейді, сосын құзырлы тұлғалар осы мәж­бүрлеп орындау шараларына кө­шеді. Мәжбүрлеп үйінен шы­ғаруға келетін болсақ, өткенде Мәжілісте атқару өндірісі бойын­ша үкіметтік сағат өткізді. Де­путаттар осы жо­лы борышкердің жалғыз баспанасы болса, оны шығармауды, қажет бол­са мемле­кеттен уақытша тұр­ғын үй беру мәселесін де талқы­лады. Әзірге сөз болып жатқан дүние, мұндай ұсыныс қабылдана ма, нақты айта алмаймын. Тағы бір ұсыныс – жылу беру маусымында үйден шығармау. Яғни, күн суық кезде далада қалдырмау жайы. Алайда баспанасынан «шығару керек» деп есептейтін депутаттар да бар. Өйткені борышкер әуелде өзге адамның құқығын бұзған, біз оны ескермей, борышкерге жеңіл­дік бере алмаймыз ғой. Онда әлгі адамның құқығын одан сайын таптаған боламыз. Баспанадан шығару процедурасы заңнамада кезең-кезеңімен көрсетілген. Қа­тысушыларды қорғау және сот орындаушылары мен айналасын­дағы азаматтарға агрессия әрекет­терін қолдану фактілерінің алдын алу үшін полиция, медициналық қызмет, ТЖМ мен қамқоршылық органдары да тартылады. Тәжі­рибеден аңғарғаным, борышкер­лерді үйінен шығару резонанс тудыратын өте қиын процесс. Шы­­ғарылған адамның да отбасы мен балалары бар. Өткен жылы Алматыда борышкерді көшіру ке­зінде жанжал шығып, кесірінен бес адам қаза тапты. Бірақ мұндай мәселелерге байыпты қарау ке­рек, борышкерге неғұрлым же­ңілдік берсек, соғұрлым өндіріп алушы­ның мүддесі, құқығы бұ­зылады. Бұл норманы депутаттар әлі де талқылап, тиісті шешім қабыл­дайды. Барлық тараптың құқығы сақталғаны абзал. – Енді борышкерлерден алын­ған мүлікті бағалауға келсек. Осыған қатысты да шағымдар жетерлік. Көпшілік мүліктің өз құнына бағаланбай, әдейі төмен­детіліп қоятынын айтып жүр. Мұ­ны заң арқылы қалай реттедіңіздер? – Депутаттар былтыр желтоқ­санда банктердің кепілдік саяса­тын, бағалау қызметін реттеу мә­селелері бойынша заңға түзету енгізді. Осы заңмен сот орын­даушысы борышкерге 3 ай ішінде өз бетінше сатуға мүмкіндік береді. Жылжымайтын мүлікті жарты бағасымен сатуды алып тастадық, құнның төменгі шегін 50 пайыз­дан 75 пайызға ұлғайт­тық. Оның үстіне, банк атынан кепіл ұстау­шылар мен үлестес тұлғалар бұдан былай сауда-саттыққа қатыса алмайды. Бұл – бір. Екіншіден, ха­лық сауда-сат­тық туралы хабар­дар болу керек. Сол үшін «Кры­ша», «Колеса» интернет-плат­формаларымен интегралдадық, оларға енді бан­нер орналас­тырылды, кез келген адам соны басып, бәрін қарай алады. Бұрын бөлек сауда алаң­дары болатын, ел-жұрт ол жайлы білмейді, сұра­ныс болмаған соң арзан бағамен танысы барлар ала беретін. Сот орындаушыларының көмекшісі, туыстары алып алған оқиғалар жиі болған. Қазір заң­сыздықтың жолы кесілді. – Кейде ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіден сот орын­даушылары өткізетін заңсыз сауда-саттық жайлы оқып қаламыз. Шы­­нымен, сот орындаушылары заң­­сыз сауда ұйымдастырып жүр ме? – Барлық сауда-саттық заңда белгіленген тәртіппен өткізіледі. Қалай болғанда да атқарушылық іс жүргізуде кімдікі дұрыс немесе бұрыс екенін сот анықтайды. Жоғарыда айтқандай, бізге «са­у­да-саттықта борышкердің мүлкі нарықтық бағамен емес, төмен бағамен сатылады» деген ша­ғымдар жиі түседі. Нәтижесінде, құнынан төмен сатылған мүлік борышкердің қарызын толық өтемейді. Үйінен айырылып, қа­рызын да толық өтей алмай, екі ортада далада қалғандай болады. Тағы да айтам, осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке банк­тердің кепілдік саясатын же­тілдіруді, бағалау қызметін және жеке сот орындаушыла­ры­ның жұмысын реттеуді тапсыр­ғаны бекер емес. Осы күні сауда-сат­тыққа қатыса алмайтын тұл­ғалар­дың тізбесін жасадық. Бұл да сот орындаушыларының мү­лік­ке қатысты заңсыз әрекетке бар­ма­уын алдын ала қамтамасыз етеді. – Сіз мүлікті бағалау құнының 75 пайыздан төмен болмайтынын айттыңыз. Бірақ бұл тек жылжы­майтын мүлікке қатысты. Ал басқа мүліктерге мұндай бағалау стан­дарты қойылмай ма? – Шынында да, бұл норма тек жылжымайтын мүлікке қатысты қолданылады. Қазір Мәжілістегі жұмыс топтарында депутаттар заң­ға тек жылжымайтын мүлікті емес, кез келген өтімді мүлікті қо­суды талқылап жатыр. Авто­көлік, теледидар, алтын бұйым­дар, зергерлік бұйымдардың сау­да-саттықтағы құны 75 па­йыздан кем болмауы қажетін айт­ты. Мәселені заң жобасы бо­йынша құрылған жұмыс тобының мүшелері шешуге тырысатын болады. Егер мәселе шешілсе, борышкерлерге бұл да бір үлкен жеңілдік болмақ. – Борышкерлерге тоқталғанда алимент мәселесін айтпай кету мүмкін емес. Әр жыл сайын али­мент бойынша 16 мың проблемалық іс шығады екен. Талайдан бері қоз­ғалды, шешілетін түрі жоқ. Бұған сот орындаушыларының іске құлықсыздығы әсер етіп отыр ма, әлде барлық айып борышкерлер тарапынан ба? – Елімізде алимент өндіру мәселесі өткір болып тұрғаны рас. Жылдан-жылға борышкерлер саны өсіп жатыр. 2020 жылы алимент бойынша берешегі бар­лар 16 102 адам еді, 2021 жылы та­ғы өсіп, 16 682-ге жетті. Ең қиы­­ны, алименттер бойынша бе­решектің құны өзгермей тұр­май­ды, жинақтала береді, қарыздар одан әрі өседі. Менен көбі «адам­дар алиментті неге төлемейді, себебі қандай?» деп сұрайды. Өз тәжірибемнен аңғарғаным, бе­решекті өндіріп алуға кедергі көп. Біреулерінің расымен әлеуметтік жағдайы төмен, тұрақты табысы жоқ, өндіріп алуға болатын мүлкі де болмайды. Онда жағдайды түсінер едік, мүлкі болмаса мәж­бүрлей алмайсыз. Көбі екі орта­дағы баланың тағдырын ойла­майды, алимент басқа емес, бала үшін. Енді біреулер бар, жағдайы жақсы, тіпті жеке кәсібі бар болады. Бірақ мүлкін басқаның атына жаздырып, «менің қолымда түк жоқ» деп құтылады. Бірақ бұ­рынғы жұбайы келіп, әлеуметтік желіге шетелде демалып жүргенін салған суреттерін көрсетіп, ша­ғым айтқан кездер де болған. Яғни, небір айла етушілер бар. Сосын ажырасқан жұбайлардың арасында бір өшпенділік бар. Бір-біріне қырсығып, бәрін керісінше істеп жатады. Сондықтан мо­раль­дық себептерді де қарастырған жөн. Алимент өндіру мәселесін шешу мақсатында Әділет ми­нистрлігі облыстардың әкімдік­терімен меморандумдар жасады. Құжатты жүзеге асыру жоспары бар. Жұмысқа орналастыру бо­йынша да іс-шаралар қарасты­рылған. 2021 жылдың қорытын­дысы бойынша, 2 224 борышкер жұмысқа орналастырылған. Али­мент үшін жеке сот орындаушылар да жауапкершілік алып жатыр. 1 айдың ішінде борышкерге шара қабылдамағаны үшін лицен­зиясынан айырылуы мүмкін. Ал борышкердің жауапкершілігін күшейту мақсатында Мәжіліс депутаттарының ұсынысы бо­йынша 2020 жылы желтоқсанда Жоғарғы Соттың «Сот актілерін орындамағаны үшін жауап­кер­шілік туралы» нормативтік қау­лысына өзгерістер енгізілді. Сот­қа борышкер актіні орында­­майтын «себептерді» қарауға мүм­­кіндік беретін ереже алынып тасталды. Атқарушылық іс жүргізуде алименттерді өндіріп алудың тиімділігіне әсер ететін пробле­малар бар. Ішкі істер органдар­ы­ның борышкерлерді іздестіру, автокөлігін іздестіру мәселелері түйткілді күйде. 3 мыңға жуық бо­рышкер мен 1 мыңнан астам кө­лік іздеуде тұр. Борышкерлерді жауапкершілікке тарту да проб­лема. Жеке сот орындаушыла­рын­да әкімшілік хаттамалар жа­сауға тиісті өкілеттік жоқ. Жалта­рып жүрген борышкерлерді мәж­бүр­леп алып келу сот орындау­шысының өзіне жүктелген. Мұ­ны­мен ішкі істер органдары ай­налысуы тиіс. Осы мәселелердің барлығы Үкі­мет сағатында тал­қыланған. Ше­шу үшін ұсыныс­тарды жеткіздік. – Борышкерді іздестіріп, оны сотқа, сот орындаушысына мәж­бүрлеп алып келу шешімін орындау ішкі істер органдарының құзы­ретіне жатады. Бірақ көбіне дұрыс орындалмайды, жылдар бойы іздеуде жүргендер бар. Миллион­даған қарызын төлемей, ақшаның жоқтығын айтып, шетелдік ку­рортта демалып жүрген фактілерді өзіңіз айтып отырсыз. Неге поли­ция борышкерлерді іздестіру бо­йынша шұғыл әрекет етпейді? Тапсырманы орындауға қандай кедергілер бар? – Алимент бойынша қазір 3 мыңға жуық борышкер іздесті­ріліп жатыр. Бұл сұрақтарды біз де Ішкі істер министрлігінің өкіл­деріне өткен Үкімет сағатында қойдық. Шынын айтайық, жа­уап­тарына көңіліміз толмады. Бо­рышкерді тапқаннан кейін ішкі істер органдарының қызмет­керлері түсініктемені алып, оны босатады. Бұл жағдайда борыш­керлер жалған мекенжайды ай­тып, сот орындаушысына келу туралы міндетін орындамайды. Ішкі істер органдары борыш­кер­ді  іздегенін айтады, бірақ іс жүзінде борышкер жасырынып жүре береді. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жүктемесі туралы мәселелер де бар. Себебі полицейлердің алименттен де басқа айналысатын мәселелері жетерлік. Жұмыс күші жетпеуі мүмкін. Үкімет сағатында Ішкі істер, Әділет министрлігіне, Бас прокуратураға борышкерлерді іздестіру, автокөлігін алып қою жөніндегі іс-шараларды арттыру бойынша айттық. – Алимент төлемегені үшін Қылмыстық кодекстің 139-ба­бын­да қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сот орындаушылары мың­нан астам материал жібереді, бірақ іс жүзінде ешкім жауапкер­шілікке тартылмайтын сияқты. Кеңес заманында алимент төлеме­гендер бірден қылмыстық жауап­кершілікке тартылатын. Мыңдаған алимент төлемеген адамның ара­сында неге бірнеше адам ғана жауапқа тартылады? Бәлкім, мәселенің шешілмей отырғаны заңның осалдығынан шығар. – Былтыр жеке сот орындау­шы­ларының ұсынысы бойынша полиция органдарымен ҚК-нің 139-бабы бойынша 1 637 құқық­бұзушылық тіркелген. Алимент бойынша 316 борышкер қылмыс­тық жауапкершілікке тартылып, 157 борышкерге қатысты іс ақталмайтын негіздер бойынша қысқартылыпты. Әйтеуір, 159 борышкер сотталды. Рас, статис­тика проблемалар бар екенін көрсетіп тұр. Ең алдымен, бірден соттай салуға болар еді, бірақ жалтарғанын дәлелдеу қажет. Бұл мәселе Жоғарғы Соттың норма­тив­тік қаулысына түзетулер енгізу арқылы шешілуі тиіс. Жеке сот орындаушылары полицияға жі­берген материалдардың толық­тығы туралы да мәселе бар. Әділет және Ішкі істер министрлігіне борышкерді қылмыстық жауап­кершілікке тарту үшін мате­риал­дар жинау мәселелерін қамтитын ұсынымдар әзірлеуі керек деп санаймын. Тағы бір дәйек – жал­тарып жүрген борышкерді қыл­мыстық жауапкершілікке тартар кезде арыз берген тарап, яғни бұрынғы жұбайы райынан қайта қалады. Неге? Өйткені жанын­да­ғы баласының әкесі немесе ана­сы, келешекте балама зияны ти­месін деген оймен көп­шілігі мә­се­лені жайына қал­дырады. Осын­дай жақтарын да зерделеген жөн. – Әңгімеңізге рақмет!