Наурыз айының қорытындысы бойынша теміржол тасымалы қызметінің бағасы бір жылда 1,6%-ға өскен. Бұл туралы ranking.kz. хабарлады. Осы бір жылдың ішінде елордада пойыз билеттері 9,8%-ға қымбаттаған. Ал Жамбыл, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында билет бағасы былтырғы жылдікін сақтап тұр. Керісінше, Шымкент пен Қызылорда облыстарында баға 1,5% және 2% төмендеген. Сонымен қатар теміржол тасымалы саласындағы компаниялардың кірісі 20,8%-ға өскен. Бұл дегеніміз - 196,2 млрд теңге. Оның 185,2 млрд теңгесі жүк пен багаж тасымалынан, ал 11 млрд теңгесі жолаушылар тасымалынан түскен. Жыл басынан ақпанға дейінгі аралықта теміржол арқылы 2,5 млн адам тасымалданған. Былтырғы жылмен салыстырғанда, 28,8%-ға артық көрсеткіш.