Шошқа етінің ДНҚ-сы елдегі дүкендерде сатылатын Ресейден жеткізілген сиыр еті консервілері мен жартылай ысталған “Мусульманская” шұжығынан табылды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша ҚР ДСМ СЭБК “Ұлттық сараптама орталығы” ШЖҚ РМК сынақ зертханасы хабарлады. Осы жылдың наурыз айында халық тұтынатын тауарлар сапасының мониторингі аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 38 ет сынамасын сатып алды. “Зерттеу барысында сиыр консервісінің екі сынамасы және шұжық өнімінің бір сынамасынан сәйкессіздіктер анықталды: жартылай ысталған “Мусульманская” шұжығы (дайындаушы: ЖК “Павлов А. С.”, Ресей, Башқұртстан Республикасы); стерильденген кесек етті консервілер “Жоғары сұрыпты бұқтырылған сиыр еті” (дайындаушы: “Стандарт” Курганский мясокомбинат” ЖШҚ, Ресей, Қорған қ.); “Жоғары сұрыптағы бұқтырылған сиыр еті” стерильденген кесек етті консервілер (дайындаушы: “Орелпродукт” АҚ, Ресей, Орловск облысы)”, – делінген Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Ұлттық сараптама орталығының хабарламасында. Сондай-ақ құрамында ет, тартылған ет, стерильденген консервілер де бар. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты бұлар сәйкес келмейтін өнімдер тізіліміне енгізілді. ҰСО филиалы мамандарының айтуынша, өндірушілер тамақ өнімдерін таңбалау бойынша да бірқатар заңбұзушылыққа жол берген, оның ішінде заттаңбада көрсетілген сипаттамалар іс жүзінде құрамымен сәйкес келмейтіні анықталды.