Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова сенат отырысында елордадағы инклюзивті балабақшадағы жағдайға қатысты пікір білдірді. Шолпан Каринованың айтуынша, қазір аталмыш балабақшада тексеріс жүріп жатыр. "Тексеріс аяқталған соң тиісті шаралар қабылданады. Білім және ғылым министрлігі мұның өте қиын жағдай екенін мойындайды. Мұндай қайталанбауы тиіс, сондықтан біз қазір балабақшаларға қойылатын талапты күшейту шараларын қарастырып жатырмыз", - дейді вице-министр. Осы ретте ол балабақшаларға да, тәрбиешілерге де талапты қатаңдататынын жасырмады. "Балабақшаларға тексеріс жүргізу тәртібін өзгертуді жоспарлап отырмыз. Бәлкім, балабақшаларды лицензиялауды қайтару қажет болатын шығар. Қазір бұл нормаларды қарастырып жатырмыз", - дейді Шолпан Каринова.