Нарықтың қыж-қыж қайнаған базарында өзбек пен түріктің тауар өндірушілері асыр салып жүр. Биліктегілер «өнеркәсіп өркендеуін тоқтатар емес» деп сендіреді. Шын мәнінде, қазақстандықтардың кигені әлі өзгенің киімі. Ел Үкіметі нарықты сақтап қалуға ниетті ме, әлде шетелдік өндірушілерге босатып беруге құлықты ма? Көршілерге қол жая бермей, отандық киім-кешек және аяқкиім өндірісін қашан жолға қоямыз? Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ішкі жалпы өнімнің 4,4 пайызға өскенін мәлімдеді. Ел экономикасының өсуіне негізінен өңдеуші өнеркәсіп салалары әсер етті. «Былғары өнімдерін шығару 29 пайызға, киім-кешек өндірісі 13 пайызға өсті», – дейді Премьер-Министр статистикаға сүйеніп. Бөркімізді аспанға ата алмаймыз. Себебі бұл көлге тамған тамшыдай-ақ. Жеңіл өнеркәсіпті жолға қою керек деп ұрандатып келе жатқанымызға отыз жыл болды. Қытай, Өзбекстан, Ресей, Түркия импорттың 95%-ын жаулап алған. 2021 жылы елімізге 110,6 млн долларға ерлерге арналған костюм, шалбар мен пиджак импортталған. Соның ішінде 41 млн доллары Қытайдың, 27,3 млн доллары Түркияның, 21,4 млн доллары Ресейдің, 4,7 млн доллары Бангладештің, 4 млн доллары Италияның және 3,6 млн доллары Өзбекстан өніміне тиесілі. Әйелдер киіміне тоқталсақ, 2021 жылы 114,4 млн доллардың тауарын алдыртқан. Ең көп қай елден келді десеңіз, тағы да Түркия. Екінші орында Ресей, үшінші Қытайдың көйлектерін киіп жүрміз. Іш киімнің өзінде шетелге қол жайып отырғанымыз өкінішті. Бірінші – Түркия, екінші – Ресей, үшінші Өзбекстанға тиесілі. 55,9 млн долларға іш киім мен тоқыма өнімдері импортталған. Спорт киімдері де біздікі емес. Былтыр 30, 8 млн долларға Ресей, Қытай, Түркиядан сатып алған. Бұл киім нарығының бәсеке былай тұрсын, деңгейіне де жете алмай отырғанымызды көрсетеді. Дегенмен отандық өндірушілер шама-шарқынша саланың дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Ыстамбұлда тұратын отандасымыз Фатима Аманжолқызы 13 жылдан бері осы саланы зерттеумен айналысады. Өз брендін қалыптастыруды мақсат еткен ол әуелі алыпсатарлықтан бастаған. Бүгінде Қазақстанда және Түркияда қос-қостан киім дүкені бар. «Өз елімізде киім тігуді неге қолға алмадыңыз?» деген сауал қойдық, «Тым құрығанда ине-жіп шығара алмай отырғанда Қазақстанда киім өндірісімен айналысу шығынын да ақтамайды», – деп ашығын айтты. «Біз екі алпауыт елдің көршісі болып отырмыз. Олармен ешқашан бәсекелесе алмаймыз. Ішкі өндірісті дамыта алмауымыздың бір себебі – осы. Шикізатты шетелден алуға мәжбүрміз. Қазақстанда киім тіктіру тиімді емес. Өйткені техника шетелден келеді, мата, жіпке дейін шетелден аламыз. Оны тігіп, нарыққа ұсынар болсақ, арзан бағада сата алмаймыз. Сондықтан да отандық кәсіпкерлер қиналады», – дейді ол. Алыпсатарлар Түркиядан 10 мың теңгенің киімін Қазақстанға әкеліп, 30 мың теңгеге сатады. 3-4 мың теңгелік көйлектер елімізде 16-17 мың теңгеден сатылып жатқаны ащы болса да шындық. Айлығы шайлығынан артылмай отырғанда халық шетелдің арзанқол киімін 3 есе бағада алуға мәжбүр болуы – жығылғанның үстіне жұдырық. Сала шынымен шарықтап кеткен болса, ешкім де базына айтып бас қатырмас еді. Елімізде House of Raya бренді 8 жылдан бері нарықта. Бүгінде республика бойынша 5 сауда орны бар. Ауыл-аймақтар үшін жеткізу қарастырылған. Негізін қалаушы Райхан Жарылғасованың айтуынша, отандық тауарлар қымбат сауда үйлерінің сөресіне түспейді. Өйткені жоғары санаттағы ғимараттардың жалдау құны тым қымбат. «Бізде италиялық матадан тігілген дизайнерлік көйлектер бағасы 15 мың теңгеден басталып, 45 мың теңгеге дейін барады. Кішігірім сән үйлері метріне қарай төлейді. Сәйкесінше бағасы да қымбатқа түседі. Ал біз ірі көлемде шетелдерден алдыртамыз. Елордада EXPO-2017 көрмесінен кейін қаншама ғимарат қалды. Өз брендін қалыптастырған отандық киім өндірушілерге тұрақты орын берсе, едәуір көмек болар еді. Оның өзінде сүт, құрт, ірімшікпен қатар қоюдың қажеті жоқ. Жеңілдетілген несиелер туралы айтпай-ақ қояйын. Себебі оған қолжеткізу өте қиын», – дейді кәсіпкер Р.Жарылғасова.
«ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ АСЫРА» ДЕЙДІ
Жеңіл өнеркәсіп саласындағы тағы бір түйткіл – аяқкиім өндірісі. Бізде аяқкиім фабрикалары бар. Барлығы бірігіп, ішкі нарықтың 3 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. «Тараз былғары аяқкиім» кәсіпорнының бас директоры Еркебұлан Ералы Үкіметтен реформа болса ғана, тұралаған отандық өндіріс алға жылжиды деп отыр. «Үкіметтік қолдау керек. Қазақстанның аяқкиім өндірісіндегі әлеуеті өте жоғары. Өйткені біз де мал шаруашылығы жолға қойылған. Ал Өзбекстанда керісінше тері тапшы. Өкініштісі, әлеуетіміз жоғары болса да, аяқкиім бойынша ішкі сұранысты өтей алмай отырмыз. Ал сол Өзбекстан шетелден аяқкиім импорттамайды. Қайта біз импорттап отырмыз. Бұл – өте ұят. Бұл салаға жеңілдетілген несие қажет. Қазір 7 пайызбен береді. Ал негізі оның өзі тауар өндірушілерге көп. 2-3 пайызбен берсе де, Үкімет ұтылмайды», – дейді ол. Тері неге дұрыс өңделмейді? Себебі бүгінде сұраныс жоқ. Өйткені аяқкиім фабрикалары қарқынмен жұмыс істеп жатқан жоқ. Егер біз аяқкиімді кең ауқымда шығарсақ, теріге сұраныс артатын еді. Сұраныс жақсы болса, сапалы тері де болар еді. Бүгінде аталмыш кәсіпорын еліміздегі үздік үштікке кіреді. Кәсіпорын жылына 200 мың жұп аяқкиім шығарып отыр. Облыста халық саны – 1043,6 млн. Сонда жылына тек Жамбыл облысына ғана 3 миллион аяқкиім керек. Бұл – дамушы елдердің деңгейі. Үздік үштікке кіретін кәсіпорын осылай шығарса, отандық компаниялардың үлесі өте аз. Қазақстанда жасалған аяқкиімдерді кез келген сауда орындарынан көре бермеуіміздің себебі – осы. «10 фабрика ашсақ та, облыстың сұранысын қанағаттандыра алмаймыз. 19 миллион халыққа жылына 50 миллион жұп аяқкиім өндіруіміз керек. 50 миллионның 3 пайызы ғана Қазақстанда шығарылады. Шикізатты Ресей мен Түркиядан алдыртамыз. Аяқкиімнің сырмасын да шетелден сатып алудан басқа амал жоқ. Біздің аяқкиім 15 мың теңге тұрса, Қытайдан елге әкелінгені 12 мың теңгенің төңірегінде болады. Міне, ұтылып жатқанымыздың көрінісі», – деп қынжылды «Тараз былғары аяқкиім» кәсіпорнының бас директоры Еркебұлан Ералы.ӨЗБЕКСТАН ҚАЛАЙ ӨНДІРУШІ ЕЛГЕ АЙНАЛДЫ?
Алысқа бармай-ақ қояйық, жеңіл өнеркәсіпті өркендетуде өзбектерден аларымыз көп. Өзбекстанда мақта талшықтарын сыртқа шығаруға тыйым салынды. Бұл елде инвесторларға да жеңілдіктер қарастырылды. Мысалы, 1 млн доллар инвестиция салған компания – 3 жылға, 10 млн инвестиция салған компания – 10 жылдан астам мерзімге салықтан босатылды. Көрші елдегі өндіріске коммуналдық төлемдерге жасалған жеңілдіктер де серпін беріп отыр. Өзбекстан тарапы мұнымен тоқтап қалмай, тауарлардың бес жүзге жуық түріне кедендік салық жеңілдіктерін енгізгені белгілі. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстанның тоқыма-тігін саласындағы кәсіпорындары өздеріне қажетті шикізатты Қытай, Түркия сияқты бірқатар елдерден тасымалдайды. Бірақ екі елдің кәсіпкерлері шикізатты ел аумағына кіргізгенде екі түрлі алым-салық төлейді. Өзбектердің сырттан кіргізетін шикізатқа төлейтін кедендік баж салығының мөлшері заттың өзіндік құнының 6 пайызы деңгейінде болса, қазақ кәсіпкерлері 30 пайызға дейін кедендік баж салығын төлеп жүр. Осының өзі де отандық тауар өндірушілерге ауыр. Бүгінде Қазақстаннан өзге елдердің ішкі нарығының қауіпсіздігі қатаң сақталады. Ішкі нарығын қорғау мақсатында мысалы Беларусь пен Ресейде шикізат және жартылай шикізаттық өнімдердің біразы елден шығарылмайды. Сондай-ақ Өзбекстан, Қытай, Түркия елдерінің ішкі нарығына ену өте қиын. Қорытындысында, қарапайым жұрттың қамын ойлаған ел экономикалық даму стратегиясында бірінші кезекте жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға айрықша басымдық беруге тиіс. Саланың еңсесін тіктейтін тетіктерді қарастыру – Үкімет алдындағы басты міндет. Себебі халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруде жеңіл өнеркәсіп басты рөл ойнайды. Айтпақшы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзбектер тек 7 пайыз ғана мақта талшығын қайта өңдейтін. Қазір бұл көреткіш 55 пайыздан асқан. Ал біз әлі сол күйдеміз. Осыдан келіп Үкімет отандық өндірісті дамытуға құлықсыз ба деген ой келеді.