Қызылорда қаласында телефондарды палауға жасырып, тергеу изоляторына өткізбек болған ер адам ұсталды. Рolisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметіне қарағанда, Қызылордадағы ЗК-169/1 мекемесінің сәлем-сауқаттарды қабылдау бөлмесі арқылы ыстық тағам арасына бірнеше ұялы телефонды салып өткізбекші болған. Ә. есімді азамат Қызылорда қаласы ЗК-169/1 мекемесінде қамауда отырған, ҚР ҚК-нің 293-бабының 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша айыпталушы 28 жастағы Б. есімді танысына сәлем-сауқат алып келген. Тексеру барысында палаудың ішінен үш телефон және бір қуаттағыш, үш SIM-карта тәркіленді. Қазіргі таңда аталған факт бойынша ӘҚБтК-нің 481-бабына сәйкес (Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) әкімшілік материалдар жиналып, сотқа жіберілді.