Парламент мәжілісінің депутаты, AMANAT партиясының фракция мүшесі Мәди Ахметов Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының қазіргі халі мүшкіл екенін айтып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа депутаттық сауал жолдады. Көкшетау қаласындағы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды даярлайтын Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы қазіргі таңда елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы азаматтық қорғау органдарының офицерлерін даярлайтын жалғыз оқу орны. 1997 жылы құрылған Академияның қазіргі жағдайы білім беру стандарттарына сәйкес келмейді. Мәди Ахметов аталған оқу орнын өз көзімен көріп қайтқан.
«Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған төрт қабатты ғимарат қазіргі таңда курсанттар тұратын казармаға бейімделген. Ешбір стандартқа, санитарлық нормаға сай келмейтін, қырық жамау терезесінен жел гуілдеп тұрған, жуынатын бөлме мүлде қарастырылмаған 250 адамға арналған жатақханада 450 курсант амалдың жоқтығынан тұруға мәжбүр. Ал бітіруші курсанттар қаладан пәтер жалдап, өз күнін өзі көруде» – деді Мәди Ахметов.Сондай-ақ Академияның материалдық-техникалық базасы да әбден ескірген. Бұған да депутат аталған оқу орнына сапар барысында көз жеткізген.
«Оқу орнының материалдық-техникалық базасы мүлде сын көтермейді. Академия балансындағы 264 компьютердің 88%-ы қолданысқа жарамсыз. Қалған 30-ға жетер-жетпес техника істен шығуға жақын. Соңғы рет компьютерлік техника 2012 жылы, яғни, 10 жыл бұрын жаңартылған. Академияның оқу корпусы, зертханалары заманауи талаптардан алшақ, елордалық мектептің спорт залы академияның тозығы жеткен спорт кешенін екі орап алады, тіпті салыстыруға келмейді» - деп атап өтті депутат.Депутаттың айтуынша, Академия жайлы мәлімет Ұлттық білім беру деректер қорында мүлде жоқ. Оқу орны 2013 жылдан бері өз күшімен жасақтаған бір істеп, бір істемей тұрған «Курсант» ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс істеуде. Ал бұл мәселені шешуге қаржы көзі табылмай отыр.
«Табиғи және техногендік, су тасқыны мен жер сілкінісі, экологиялық сипаттағы апаттарда бірінші болып көмекке келетін болашақ офицерлерді жоғарыда баяндалған жағдайда даярлау барып тұрған қиянат» - деді Мәди Ахметов.Елімізде кейінгі жылдары орын алған төтенше оқиғалар аталған саладағы жалғыз Академияға тиісті жағдай жасап, көңіл бөлу қажет екенін көрсетіп отыр. Депутат мемлекеттің әлеуеті оған толық жеткілікті екенін айта келіп, мәселені шешудің негізгі жолдарын ұсынды.
«Біріншіден, академияның жаңа оқу корпусын, жатақханасын, спорт кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және оқу процесін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені сатып алуға қаржы бөлу мәселесін шешу қажет. Екіншіден, академияның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға жыл сайын Республикалық бюджеттік комиссия қолдамай келе жатқан бюджеттік өтінімді қолдап, тиісті қаржыны бөлу мәселесін қайта қарастыру керек» – деді ол.